Қоғам

«Семипалатинск-4» немесе жер бетінен жоғалған қала

«Семипалатинск-4» немесе  жер бетінен жоғалған қала


Семей жерінде ядролық сынақ жүргізіліп жатқан кезде, сынақ алаңының орталығы – Курчатов қаласы құпия түрде «Мәскеу-4» деп аталғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол Курчатовқа қарай кетіп бара жатқан тас жолдан оңға қарай кететін жол жиегінде «Жүрегіміздің бір бөлшегі мәңгі осында қалады» деп жазылған шағын гранит ескерткіш тұр. Жоғары жағында көкке самғаған қос қанатты әскери ұрыс ұшағы бейнеленген бұл ескерткіш 40 жыл бойы КСРО-ның алыс қашықтыққа ұшатын аса қуатты бомбалаушы, зымыран тасушы ұшақтары әуе базасының бірі болып келген осы жердегі Шаған қалашығына арналып тұрғызылған. Ескерткішті қаланың бір кездегі тұрғындары бертінде ғана, 2007 жылдары келіп орнатып кетіпті.

ҚАҢЫРАП ҚАЛҒАН ШАҒАН

Біз қалашыққа, дұрысы қалашықтың орнына кеш батып, төңірек қарауытып келе жатқан кезде жеттік. КСРО мен АҚШ арасындағы қарулану бәсекелестігі идеологиялық саясаты тудырған қоқан- лоқы таныту түріндегі «Қырғи қабақ соғыс» жылдарында қарсыластарына КСРО-ның құдіретін көрсетіп, мойындатып келген қалашықтың орнында және оның ешбір теңдесі жоқ бетон қабаты қалыңдығының өзі бір метрге дейін, ұзындығы төрт шақырымға созылған ұшып-қону алаңы бар әскери аэродромының орнында бүгінде меңіреу тыныштық орнаған. Қираған үйлердің үйінділері мен қопарылған қара жер ғана жатыр енді мұнда. Іші үңірейіп, құр қабырғасы ғана қалған үш-төрт көпқабатты үй де құлауға шақ тұр. Қалашықтың бас көшесі болған Ленин көшесінің бойындағы үйлер бетоннан салынғандығынан ғана аман қалған сияқты. Кірпіштен қаланған өзге үйлердің, ғимараттардың бәрі де әлдеқашан бұзылып, тасымалданып әкетіліпті. Қала шетіндегі қаулап өсіп, жол бойын жауып тастаған қараған-бұтаның арасында әлдебір жеңіл көлік тұрды. Оның жанында тұрған екі жігіт біздің келе жатқанымызды көріп, апыл-ғұпыл машиналарына отырып, әрі қарай жүріп кетті. Бұлар да осы қаладан қалған-құтқан темір-терсек іздеп жүрген көрінеді.

– Қала сол қалпында сақталып қалғанда, елдегі ең ерекше мекенге айналар ма еді? Міне, әлі күнге дейін қаланың астын үстіне шығарып, қопарып жатыр осылай. Екі кештің арасында иен қалада несі бар әйтпесе? «Суыт» жүргендерінен-ақ көрініп тұр, әлдене іздеп келгендері, – деп түсіндірді бейсауат жүргендердің жайын бізге бір кездері іргеде тұрған Курчатовтағы «3514» әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары болған зейнеткер Қайрат Ажахметов.

КСРО кезінен картаға енгізілмей, стратегиялық әскери құпия ретінде ұсталынып келген Шаған 1954 жылы салынып, 1992-1994 жылдары таратылып, тірлігі мүлде тоқтайды. Шағандағы барлық әскери бөлімдер Қазақстаннан шығарылып, қала Қазақстанға берілгеннен кейін, қала шын мәнінде қаңырап қалады. Өйткені, 90-жылдардың басынан басталған Қазақстандағы қиын-қыстау уақыттарда Шаған айналадағының ғана емес, аяғы жеткен алыстағылардың да талан-таражына, тонаушылығына түсіп, құрылыс материалы ретінде біртіндеп қиратыла бастаған. Әскерилер кеткенше сол күйінде жұмыс істеп тұрған жылу жүйелері, су құбырлары, телефон байланысы сымдарына дейін техниканың күшімен қопарылып, жұлынып, шатыр, есік-терезелердің ешқайсысы қалдырылмай тасылып әкетілген. Екі мыңға тарта бала оқыған осындағы орта мектеп те ішіндегі бар керек-жарағымен қоса қолды болған екен. Ал қазіргі күні осы қалашықтың жанындағы қалашықпен аттас Шаған кентінің оқушылары болса білім алатын қарапайым мектеп таба алмай отыр. Мұндағы құр қаңқасы ғана қалған екі-үш көпқабатты бетон тұрғын үйлердің өзінің де баспалдақтары жоқ болып шықты. Кейбір жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шаған қалашығы бос қалғаннан кейін, оған арнайы күзет қойылып, бақылауға алыныпты. Алайда күзеттің өзі қаланы тонаушылардан аман алып қала алмаған.

«Бұл шағын қалашық әлемді құтқарып қалған болуы да мүмкін. Шағанда 10 мыңнан астам адам тұрдық. Әкелеріміз әскери бұйрықпен үнемі алыс сапарларға ұшатын. Кезінде, 80-жылдары америкалықтар өздерінің «Першингтерін» Европаға әкеліп орналастыра бастағанда, Шағандағы зымыран тасымалдаушы ұшақтар экипажы Солтүстік полюске, Атлантидаға, Тынық мұхитына ұшып барып, ұдайы кезекшілікте тұрды. Шағаннан ұшып келіп жатқан советтік ядролық қанатты ұшақтар үнемі Америка қалаларының маңын бақылауда ұстап тұрды. Осылайша, Америкамен күшіміз теңескеннен кейін, олар зымырандарын әкетіп, екі жақ қаруды қысқарту туралы келісімге келді. Бүгінде қала қаңырап, жермен жексен болса да Шаған біздің жадымызда көңілді де мұңды, бұлтты да, шуақты қалашық болып мәңгілікке қалды».

«Семипалатинск-4» немесе  жер бетінен жоғалған қала

Бұл үзінді сол кезде «Семипалатинск-4» деген атаумен құпияланып келген – Шаған қалашығының өткеніне арнап ғаламтордан «Шаған» атты сайт ашып, мәлімет, деректерімен бөлісіп жатқан әскерилер мен олардың балаларының қазіргі күні жазып жатқан естеліктерінің бірі, сол сайттан алынды. Аталған сайтты ашқандардың бірі – Шаған қалашығының бұрынғы тұрғыны – Александр Курсаков та 1960-68 жылдары Курчатовтан 30 шақырымдай жердегі «Точка» деп аталатын бесінші зенит-ракета дивизионында қызмет еткен өзінің әкесімен бірге сынақ алаңының дәл іргесінде, одан небары 18 шақырымдай ғана жерде тұрғанын, жарылысты өз көзімен көргенін айтып, еске алады. Жарылыс болған сайын «Точкадағы» ондаған әскерилер отбасының балалары күлдір етіп сынған терезелерінің шынысын шелекке салып жинап жүретін көрінеді, қайта салады, қайта сынады. Бірде Волгамен «Точкаға» келген генералдардың бірі, сынақ алаңының дәл жанында әскерилердің отбасымен тұрып жатқандығы қаперіне де кіріп-шықпай: «Немедленно садитесь в машины, скоро будет взрыв» деп, «Біз осында тұрамыз ғой» дегендеріне қарамай, далада ойнап жүрген екі-үш баламен бірге өзін машинаға отырғызып, зымыраған қалпы Курчатовқа алып кетіпті. Қонақүйге қонған олар таңертең қайтадан өздерінің «Точкасына» әрең жетеді.

ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ҮРЕЙІН ҰШЫРҒАН ОҚИҒА

Шаған «Семипалатинск-4» деп аталса, Курчатов қаласы құпия түрде Москва-4, Берег, Семей-21 және «Соңғы аялдама» станциясы деп бірнеше атаумен аталады. 1957 жылы ядролық сынақ ошағынан 80 шақырым жердегі Қайнар ауылына Алматыдан келген дәрігерлер ерте қартаю, суицид және онкологиялық аурулардан тұратын бүтіндей бір симптомдар кешенін тауып, оны «Қайнар синдромы» деп атаған екен, алайда оны ешқайда жарияламаған, бірақ 1992 жылы КСРО-ның денсаулық сақтау министрлігінің биофизика институтының экспедициясы осы зерттеу қорытындысын растап, диагнозды бекіткен.

Жалпы, Семей полигонының жабылуына ықпал еткен ең басты оқиға – 1989 жылдың 12 ақпаны күні жарылған сынақтың үстіне 5 күннен кейін тағы бір сынақ жасалып, одан бөлінетін инертті газдың ұңғыма беті шала жабылғандықтан, бүкіл атырапқа жайылып кетуі екені айтылып келеді. Жер астына бұқтырылған ядролық зарядтың қуаты 70 килотонна болған деседі. Бұл Жапон еліне тасталған алғашқы зарядтан 5,5 есе көп. 17 ақпандағы жарылыста әскерилер 150 килотонна болатын аса қуатты екі зарядпен қосарланған сынақты аяқтап, Қорғаныс министріне рапорт жөнелтеді. Алайда, бұл жолы да ұңғыманың бетін темір – бетонмен шегендеу шала жүргізіліп, күшті қысыммен тұншыққан газ темір-бетонды тығынды жарып шығады. Сол сәтте ауаға тараған жерасты жарылысының зиянды газынан Шағандағы сезімтал аспаптар (өзге елді мекендерде мұндай құралдар жоқ) қалашықтағы радиация фоны қалыпты мөлшерден жүз деген есе артқанын көрсетіп, шағын қалашықтағы әскерилердің үрейін шындап ұшырады. Радиация фоны алғашқы сағатта 3000-4000 микрорентгенге көтерілген. Сол шақта Шағандағы әскерилер мен олардың отбасылары дабыл қағып, бастарын қатерге тіге отырып, бұл жерде қалып, қызмет етуге қарсылық көрсетіп, жоғары жаққа күні-түні жағдайды баяндаумен болған. Осы оқиғадан кейін, үш күннен соң 20 ақпанда Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев Горбачевқа шифрограмма жолдап, полигонда ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен екен…

ОЛАР ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫ КҮЗЕТІП ТҰР

Шаған қалашығы мен оның әскери аэродромынан ешқандай жұрнақ та қалмаған болса, қалашықтың іргесіндегі сынақ алаңының орталығы болған Курчатов бүгінде бейбіт атом қаласына айналған. 26 қазан күні осы Курчатов қаласындағы стратегиялық маңыздағы Ұлттық ядролық орталығы нысандарын күзететін Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты «3514» әскери бөліміне 40 жыл толды.

Қалалық мәдениет үйінде бөлімнің құрылған күніне орай салтанатты жиын өтіп, соңы әскерилердің өз күштерімен әзірлеген мерекелік концертке ұласты. Кешке отбасыларымен келген әскерилер іс-шарада із кесуші «серіктерінің» жетістіктерін, алып соққан, шалып соққан қоян-қолтық жекпе-жектің түрлі тәсілдерін, өздерінің өзге де жауынгерлік дайындықтарын көрсетті.

«3514» әскери бөлімі 1977-78 жылдары Ресейдің Чита облысында құрылып, 1989 жылы Курчатов қаласына ауыстырылған. 1994 жылдан бастап әскери бөлім бұрынғы Семей сынақ полигонының орталығы болған Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығының барлық нысандарын, кешендерін күзетіп тұр. Бөлімде келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген сарбаздар ұлттық нысандарды күзетуде өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып келеді.

«Семипалатинск-4» немесе  жер бетінен жоғалған қала

Ақылжан Ақылбеков, подполковник, Курчатов қаласындағы «3514» әскери бөлімінің командирі:

– Біздің әскери бөлімнің міндеті айрықша әрі абыройлы. Бөлім «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан-елі мен халқына қорған!» ұранымен өтіп келе жатқан іс-шараларда әскери тәртіп пен заңдылықты сақтап, нығайту бойынша төрт жыл қатарынан бірінші орында келеді. Елімізді қорғап, тыныштығын сақтау жолындағы жауынгерлік дайындығымыз бен кәсіби даярлығымызды арттыра береміз.

– Жеке атқыштар батальоны құрамында сарбаз бола жүріп, 1997 жылы аса шиеленісіп тұрған Тәжік-Ауған шекарасына барып, бірнеше операцияларға қатысып, қойылған міндеттерді жауапкершілікпен атқарып қайттық. Жеке атқыштар батальонының ішкі әскерінде 1995 жылы 7 сәуірде осы Тәжік-Ауған шекарасында болған қақтығыста 17 сарбазымыздан айрылдық. Біздің қазіргі міндетіміз – бейбіт заманда өз Отанымыздың берік қамалы болатындай кәсіби дайындықта болып, ел іргесін қорғауға даяр тұру , – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің жауынгерлік жетістіктері жөнінде әңгімелеген «3514» бөлімнің аға сержанты Әділет Қалиев.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button