Қоғам

«Семейпластком» өнім көлемін ұлғайтты

«Семейпластком» өнім көлемін ұлғайтты

«Семейпластком» зауыты қазір екі ауысыммен жұмыс істейді. Себебі, уақыт өткен сайын жергілікті тауар өндірушілердің өніміне деген сұраныс артып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнім көлемін көбейту қажеттігі туындап отыр.
«Семейпластком» зауыты 2008 жылы «Семпластком» негізінде жұмысын бастады. Әуел баста құю цехы ретінде жұмысын бастаған цех бар болғаны бірнеше шаршы метр аумақты алып, қосымша сауда үйімен ғана ерекшеленді. 2012 жылы тұрмыстық кешен салынып, пластмасса уатқыш цех пен 40 шақты техникаға арналған гараж қолдануға берілді. Сол жылы су жылытқыш қазандықтарды дайындап шығаратын қазандық та іске қосылды.
Пластик құбырларды жасап шығару үшін сапалы шикізат Оңтүстік Корея мен Ресей сияқты ірі елдерден әкелінеді екен. Пластик құбырларды Қазақстанның барлық елді мекендерінде қолданады. Сондай-ақ, кәсіпорын электр құрал-жабдықтарын, темір жабдықтарды да шығарумен айналысып келеді. Жаңадан салынған ғимараттарда инженерлік жүйелерді құрып, ретке келтіретін мобильді топ жұмыс істейді.
– Алғаш шаруашылықты қолға алған кезде отандық өнімдерді өндіруді ойладық, бұл ойымыз жүзеге асты,-дейді «Семейпластком» ЖШС директоры Александр Шматенко. Шаруамызды бір ізге келтіргеннен кейін инновациялық тың жоба ойластыра бастадық. Ол жобаны жүзеге асыру кезінде қомақты қаржы кетпейтін және бізбен ешкім бәсекеге түсе алмайтын болуы керек деген мақсатты алдымызға қойдық. Нарықтық экономикадағы жағдайды сараптай отырып, елімізге қай жағынан да пайда әкелетін жобаны қолға алуды жөн санадық. Пластикалық құбырларды шығару арқылы коммуналдық шаруашылықтарға қажетті бұйымдар шығарсақ, ұтылмайтынымызды білдік. Өйткені, қазір кез келген жерде пластик құбырларсыз тұрмысты елестету мүмкін емес. Бұл жердегі цехтарды біз жаңадан дерлік жасап, жаңадан тұрғыздық. Біз полиэтилен, полипропилендік, канализациялық су, жылу құбырларын шығарамыз, диаметрі 20-дан 710 мм көлемінде. Қазір мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шығарылатын өнім құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары мен күнделікті тұрмыста пайдалануға бағытталған. Бұл күндері еліміз ғана емес, күллі ТМД елдерінде ерекше орын алып тұрған пластикалық құрылыс материалдары үлкен сұранысқа ие. Соған орай алдағы уақытта «Семейпластком» зауытының өнімдері сұранысқа да, талапқа да сай болатынына сеніміз мол.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button