Руханият

Семейліктер келіп серпіліпті

Семейліктер келіп серпіліпті


Бородулиха ауданына шығармашылық сапармен облыстың жетекші мәдени ұжымдары келіп қайтты. Атап айтқанда, үш күн қатарынан жергілікті халық Семейдегі Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы мен Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры өкілдерінің өнерін көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесін тамашалады.

Семейліктер келіп серпіліпті

Жаңа Шүлбі ауылдық округіндегі мәдениет үйіне халық лық толды. Өнер саңлақтарының шығармашылығын көруге күллі аудан халқы жиналғандай әсер қалдырды. Алдымен көпшілік қауым Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылжымалы көрмесімен танысты. Кітапханашылар келушілерге әдебиет саласындағы соңғы жетістіктерді паш етсе, мұражай қызметкерлері құнды тарихи экспонаттарды ұсынды. Әсіресе ұлттық этнография мен ықылым замандағы қару-жарақ түрлеріне қатысты «Қазақтың бес қаруы» көрмесі ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Экспозицияға батырлардың бес қаруынан бастап, ат әбзелдеріне дейін қойылыпты. Сол сияқты байырғы қазақтардың тұрмыста қолданған заттары, дәстүрлі қолөнер туындылары да көрмеден орын алды. Көздің жауын алған ұлттық зергерлік бұйымдар да назарға бірден ілікті.

– Бірнеше күн бойы аймақтың өнерпаздары өздерінің өнерлерімен аудан тұрғындарын қуантуда. Өте ризамыз. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған шара екенін білеміз. Өңір басшысына алғысымызды білдіреміз. Жылжымалы көрменің тағылымы мол деп есептеймін. Өткен дәуірлерге оралғандай болдық. Бұл өскелең ұрпаққа аса қажет. Осымен ұлттық санамызды жаңғырта алатынымызға әбден сенімдімін. Бұл көрменің өлкетану бағытында тигізер шарапаты мол. Себебі өз жеріміздің тарихына қатысты ашылмаған сырлар әлі де көп. Сондықтан осындай концерт, көрмелер жалғасын тапса артық етпейді, – дейді аудандық жастар мәслихатының депутаты Бағжан Тұрсынханова.

Ал Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры аудан бүлдіршіндерінің жүрегіне жол тапты. Бұл айтқанымыз негізсіз емес. Қазақ труппасы кішкентай көрермендеріне ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Жақсылық пен жамандық» ертегісін қойып берді. Мейірімділік пен ізгілікке үндейтін қойылым балалардың көңілінен шықты. Ертегінің соңына дейін балалар тапжылмай кейіпкерлердің ойынын бақылаумен болды. Бұл да актерлік шеберліктің айқын үлгісі болса керек. Тиісінше аға буын өкілдеріне театр ұжымы драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» спектаклін ұсынды. Психологиялық драмада тағдырлар күресі, отбасылық құндылықтар мен бауырмалдық сезімнің жойылуы сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері көрініс тапқан. Тақырыптың негізгі өзегі – мейірімділік. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билеген қазіргі күнде туған бауырлар жеке отау тігіп, бір-бірінен ажырай түскені. Туысқандар араздасып, сотқа дейін барып жатқан жағдайлар да аз болмай тұр. Міне, осындай көңілге селкеу түсіретін оқиғаларды актерлер бір қойылыммен шебер жеткізе білді. Тек жеткізіп қана қоймай, терең ой сала білді.

– Өнер ұжымдарына үлкен рақмет. Көптен бері осындай рухани азық алмаған едік. Теледидардан көру бір бөлек, ал тірідей көру мүлдем басқаша. Мұндай талантты жастардың бар екеніне қуандым. Еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Бейбітшіл еліміздің аспаны әрқашан ашық болсын. Барлығына ризашылығымды білдіремін, – деп өзінің ақжарма лебізін жаудырды бородулихалық әжей Людмила Цвенгер.

Мәдени турне мұнымен үзілмеді. Жергілікті халықты облыстық Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы концерттік бағдарламамен тамсандырды. «Достық» вокалды-аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен танымал отандық сазгерлердің әндері шырқалды. Сонымен қатар 70-80 жылдардағы әйгілі шығармалар орындалды. Бұдан бөлек, «Тұмар» хореографиялық ұжымының әртістері мың бұрала билеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кеш соңында аудан басшылығы жергілікті тұрғындар атынан өнер ұжымдарына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Жақсылық Мұратқали
Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button