Қоғам

Семейлік зілтеміршілер басым түсті

Семейлік зілтеміршілер басым түсті

Өскеменде ауыр атлетикадан облыс чемпионаты өтті. Аймақтың басты бәсекесі Өскемен мен Семейдің спортшылары арасында өрбіді.
Бұл жолы мойындау керек, семейлік ауыр атлеттер мықты болды. Облыс орталығының зілтеміршілері жиыны төрт алтын медаль жеңіп алса, Семей қаласының командасы дәл сондай жүлденің 13-ін қанжығаларына байлады. Жарыс шарты бойынша белгіленген он жеті салмақ дәрежесінің сегізінде семейлік атлеттер барлық жүлделі орындарды иеленді.
Есесіне, ерлер арасындағы ең жоғары нәтиже өскемендік Владислав Пустынниковтың еншісіне жазылды. Өзінің салмағы 77 келі бола тұра ол қоссайыс қорытындысында 243 (112+131) келіні көтерді. Бір қызығы бұл межені тіпті салмақтары аса ауыр қатысушылар да бағындыра алмады.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ер балалар арасында бәсекелестік өте жоғары болды. Бұл салмақта кілең «сен тұр мен атайындар» жиналған екен. Дегенмен, бабы мен бағы қатар шапқан семейлік Руслан Зюзяев қоссайыс қорытындысы бойынша 118 келіні бағындырып, облыс чемпионы атанды.
Қыздар арасында ең жоғары көрсеткіш Семейдің намысын жыртқан Екатерина Быковаға бұйырды. Қоссайыс нәтижесінде ол 195 (85+110) келіні еңсерді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button