Семейлік әжелер бес мың бауырсақ пісірді

Аптаға жалғасқан Наурыз мейрамы 22-сі күні шарықтау шегіне жетіп, Семейдің ықшамаудандарында мерекелік шаралар өтті. Орталық алаңда жиырмадан астам киіз үй тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтары бұл күні көтеріңкі көңіл күймен сейілдеп, бірін-бірі Ұлыстың ұлы мейрамымен құттықтап, емен-жарқын қауышты.
Көпшілікті дүбірлі тоймен құттықтап, жылы лебізін білдіру үшін орталық алаңға қала әкімі Ермак Сәлімов те арнайы келген еді.
– Наурыз мерекесі бүкіл қазақстандықтар тойлайтын ең жарқын әрі қасиетті мереке. Наурыз мейірім мен қайырым айы. Береке мен бірлік айы. Кең жайылған қазақтың дастарқаны барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіреді. Наурыз – жаңару мен жасарудың, ауызбіршілік пен татулықтың мерекесі. Наурыз жыл басы. Жаңа жылымыз құтты болсын! – деді қала басшысы.
Семейде Ұлыстың ұлы күнін тойлау әдеттегідей наурыздың 14-інен басталған. Қалалық Мәдениет үйі мен Достық үйінің өнерпаздары бірігіп Ертіс өзенінің жағалауында қазақ үйлер тігіп, семейліктерге наурызкөже мен ыстық бауырсақтан дәм татырған. Ал өнер ұжымдары жұртшылыққа ән мен биден шашу шашып, мейрамның мәнін үстей түскен. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесінің шымылдығы түріліп, ұлттық ойындарға кезек берілді.
Осынау көктем мерекесінде театрландырылған көріністер ұйымдастырылып, Семейдің үздік ұжымдары өздерінің концерттік бағдарламасын тарту етті. Орталық алаңда қазақтың салт-дәстүрінен мол мағұлмат беретін қойылымдар ұсынылып, жиылған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Бір айта кетерлігі, семейлік 150 әже осы тойға әдейілеп бес мың бауырсақ пісіріпті. Дәмді бауырсақ тойшыл қауымға тегін таратылды. Мерекелік кеш «Ринго» тобының ән шашуына ұласып, қызылды-жасылды отшашумен аяқталды.
Раушан Нұғманбекова
Семей