Қоғам

Семейлік оқырмандар «Дидар» жайында жылы лебіз білдірді

Семейлік оқырмандар «Дидар» жайында жылы лебіз білдірді

Облыстық «Дидар» газетінің журналистері оқырмандармен кездесулер өткізіп, басылым жайындағы ұсыныс-пікірлерін қаперге алуды дәстүрге айналдырған. Осындай кезекті басқосу Семей қаласында ұйымдастырылды. Айта кетерлік жайт, бұл жолы газет қызметкерлері үш кездесу өткізді.
Газеттің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев, журналистер Мұратхан Кенжеханұлы, Нұржан Кенжеұлы және де газеттің Семей қаласы бойынша меншікті тілшісі Раушан Нұғманбекова басылым жайында жылы лебіз білдіріп, алдағы жартыжылдыққа толық жазыламыз деген оқырмандарға алғыстарын жеткізді.
Ең алдымен дидарлықтар шаһардағы №11 мектепке қала мектептері мен өзге де оқу-тәрбие мекемелерінің қызметкерлерімен кездесіп, салиқалы әңгіме өрбітті.
Жиын барысында газеттің бас редакторы У.Тоқпатаев «Дидардың» тарихына қысқаша тоқталып, бүгінге дейін жеткен жетістіктерін, алдағы жоспарларын тізбелеп өтті.
Біз семейлік оқырмандарымызға қашанда ерекше арқа сүйейміз. Сіздерден сан-салалы тақырыпты қаузаған хаттар, сүбелі мақалалар күтеміз, – деген газет редакторы биыл әсіресе, Қазақ хандығы мен хакім Абайдың, сонымен қатар, Ұлы Жеңіс пен Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ата Заңымыздың мерейтойларына арналған мақалаларға ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді.
Кездесуде газет өкілдеріне мұғалімдер тарапынан бірқатар сұрақ қойылды. Мәселен, №11 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алуа Рахметова басылым беттерінде жас ақындардың өлеңдері жиірек жарық көрсе деген ойын білдірді. Сонымен қатар, мұғалімдер қауымын оқу-тәрбие ісі жөніндегі еңбектерін, әдістемелік жұмыстарын газетте жариялау жағы да көп қызықтырды. Газеттің бас редакторы У.Тоқпатаев «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі осы мәселеге байланысты арнайы «Педагогикалық ой» журналын жарыққа шығарып отырғанын айтты. Жас ақындар жырлары да «Дидарда» ара-кідік шығып тұратынын» ескертті. Ал, «Айгөлек» балабақшасының қызметкері Жаңылхан Чанбаева басылым қызметкерлеріне осындай кездесу ұйымдастырғандары үшін әріптестері атынан алғыс айтып, шығармашылықтарына табыс тіледі.
Бұдан кейін «Дидар» газетінің өкілдері Семейдегі диагностикалық орталықтың акт залында медицина саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Журналистер, газет беттерінде денсаулық сақтау саласына айрықша зор мән берілетінін айтып, «Саламатты Қазақстан», «Дипломмен – ауылға» сияқты бағдарламалар лайықты деңгейде насихатталып келе жатқанын айтты.
Бірқатар сауал жолдаған медицина саласының мамандарын негізінен Ертістің ластануы, спорттық нысандар мен балалар алаңқайларының аздығы сынды проблемалар, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен әлеуметтік сала мәселелері көбірек алаңдатады екен. «Дидарда» осы тақырыптар жиірек қозғалса деген ұсыныстар айтқан лаборант-дәрігер Шынар Жұмықбаева мен эндоскопист-дәрігер Ерлан Қасымжанов газетке жазылатындарын жеткізді.
Семей қаласына сапарын дидарлықтар шаһардың қоғамдық ұйымдары мен этномәдени бірлестіктері өкілдерінің, кітапханашылар мен мұражай қызметкерлерінің басын қосқан кездесумен түйіндеді. Қалалық орталық кітапханада өткен жиында халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбаев, қалалық Достық үйінің директоры Аман Тілеубаев, Семей халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева және басқалар соңғы жылдары «Дидардың» мазмұны байып, безендірілуі жақсарғанын айтып, әлі де келелі мәселелерді көтеру керектігін тілге тиек етті.
Кездесуге келген қонақтар облыстық газеттің беттерінде жиі көтерілуі тиіс тақырыптарды айқындап берді. Мәселен, Сұлтан Картоевтың пікірінше, ондай мақалалардың ішінде Семейдің қоғамдық-саяси, рухани өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін материалдар көбірек болуы қажет. «Газеттеріңізде халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, бизнеспен әлеуметтік әріптестік орнату мәселелері жиірек көрініс тапса деген тілегім бар» деді ол. Ал Орал Шәріпбаев сыни тұрғыдағы мақалалардың үлесі артуы қажет екенін айтып, ономастика, қазақ тілінің бүгінгі жағдайы және отбасылық құндылықтар туралы оқылатын дүние көбейсе деген пікір білдірді. Дәмеш Омарбаева ақындар айтысы туралы мақалалар көбірек жазылғаны ләзім екенін жеткізді.
«Дидар» газетінің бас редакторы кездесуде көтерілген мәселенің бәрі бір-бір тақырып екенін айтып, алдағы уақытта оларға жіті мән берілетініне уәде берді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button