Қоғам

Семейлік дәрігерлер жалақысын ала алмай отыр

Семейлік дәрігерлер жалақысын ала алмай отыр


«Семей қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы»коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының ұжымы наурыз айының соңына дейін берілуі тиіс жалақыларынәлі ала алмай отыр. Енді, міне, көп ұзамай оған сәуірдің жалақысы қосылмақ.

Семейдегі бірнеше емдеу мекемесінің қызметкерлері тиісті жалақыларын ала алмай жүргені туралы 12 сәуір күні «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айгүл О.есімді қолданушыжазған болатын.

«Қаладағы көп ұйымдардың бірінде наурыз айының еңбекақысы кешіктірілуде, әңгіме біздің қаланың жедел жәрдемі (станциясы) жайында. Барлық қызметкерлер, санитардан бастап бас дәрігерге дейін. Бәлкім осы жазбамнан кейін мені жазалар, бірақ олардың барлығының отбасы, балалары, тіпті несиелері бар ғой. Не істеу керек? Кімге шағынуга болады?» деп жазылған.

Бұл жазбаға қатысты оқырман жазған пікірлерде еңбекақының кешігуі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтуге байланысты болды деген болжам айтылады.

Сол себепті біз парақшадағы деректі негізге ала отырып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Болат Алиев мырзаға 13 сәуірде ресми сұрау жолдаған едік.Жауап тез келді. Онда былай деп көрсетілген: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалы Сіздің 2018 жылғы 13 сәуірдегі №39 хатыңызға байланысты мынаны хабарлайды:

«Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі №450 бұйрығына сәйкес тіркелген халыққа және МСАК қызмет көрсету аймағындағы адамдарға жедел көмек көрсету 4 (төрт) жеделділік санатқа бөлінген: 1,2,3 жеделділік санаттарының (адамның өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін) шақыртулары, 4-ші жеделділік санатының (жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, адамның өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуметті қауіп төндірмейтін) шақырулары.

Жоғарыда аталған бұйрық негізінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Семей қаласының жедел жәрдем станциясымен 1,2,3-ші жеделділік санаттарының шақыртуларын қабылдауға және Семей қаласының медициналық санитарлық алғашқы көмек ұйымдарымен 4-ші (төртінші) жеделділік санаты бойынша ағымдағы жылдың қаңтар айында шарт жасасқан. Шарт сомасының 30 пайызы мөлшерінде аванс берілген. Екіжақты жасалған аванс беру шартында басымдық беретін бағыттардың бірі қызметкерлердің жалақысын төлеу туралы атап көрсетілген. Ал көрсетілген қызметтерге ағымдағы аптаның соңына дейін ақы төленетін болады».

Несие бір жақтан қысып жатыр

Болат Хайроллаұлы жалақы қарызы барын жоққа шығармағандықтан, біз Айгүлмен телефон арқылы хабарласып, еңбекақы берешегінің өтелген-өтелмегенін анықтаған едік. Ол бізге: – Ешқандай ақша келіп түскен жоқ, – деп жауап қатты.

Семей қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында Айгүлдің анасы мен күйеуі жұмыс істейді екен. Отбасында төрт адам, алты және он жастағы екі баласы бар. Өзі патент арқылы жеке ісімен шұғылданады.Табысы бірде бар, бірде жоқ.

– Тұрақты табыс ретінде күйеуімнің жалақысына қарап отырамыз. Өзіміздің ішіп-жемімізді айтпағанда, ай сайын 45 мың теңге ипотека бар мойнымызда. Екі ай төлеген жоқпыз, несиені кешіктірсең, пайызы өсіп кетеді, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Коммуналдық қызметтердің ақысын да уақытында төлеуіміз қажет. Жарыққа уақтылы төлемесең, қиып тастайды. Дәрігерлердің ешқайсысы шағына алмайды, өйткені жұмыс орны үшін қорқады. Шарт бойынша наурыздың жалақысы аталған айдың 29-ына дейін төленуі керек болатын. Әлі алмадық. Енді оған сәуір айынікі қосылады. Әлеуметтік желіде жазғаннан кейін бізге аванс ретінде 10 мың теңгеге өтініш жазыңдар деді. Ол бізге не болады? – дейді кейіпкеріміз.

Айгүлдің сөзіне қарағанда, Семейде жедел жәрдем стансасы мен жүйке аурулары диспансерінің ұжымдары ғана жалақыларын уақытында ала алмай отырған көрінеді.

«Семей қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы»ересек және балалардың өмірлеріне қауіп төнген жағдайларда, жазатайым жағдайларда, жіті ауыр сырқаттану кезінде оқиға орнында және жол бойында тәулікбойы жедел медициналық жәрдем көрсететін жеке емдеу-алдын алу мекемесі. Санатсыз станция, яғни жылына 100000 адамға медициналық көмек көрсетеді.

Жедел жәрдем стансасы тұрғын саны 360 053 адамды құрайтын, Семей қаласының жақын маңындағы ауылдарға да қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету радиусы 80 шақырым. Емдеу ұйымында 600 адам жұмыс істейді (Деректер кәсіпорынның ресми сайтынан алынды).

Осы орайда біз Өскемендегі жедел жәрдем стансасына да хабарласып,мекеме басшылығынан жалақы мәселесі бар ма, жоқ па сұраған едік.

– Бізде еңбекақыны кешіктіру болған жоқ. Ұжымда 541 қызметкер бар. Ұжымдық келісімшартта жалақыны әр айдың 28-іне дейін төлеу керек деп көрсетілген. Сол себепті осы кестеден әзірге қалған жоқпыз. Сәуір айының 28-і сенбіге түсіп тұрғандықтан, жалақымызды сәуірдің 30-ынан кешіктірмей алуға тиіспіз, – деді бас дәрігердің орынбасары Гүлнар Текиманова.

Семейлік дәрігерлердің еңбекақы қарызына байланысты облыстың бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовқа хабарласып, жағдайды түсіндіріп беруін өтіндік.

-Иә, бізге бұл жағдай белгілі, шағым келіп түскен, – деді Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов. – Енді тексеру жүргіземіз. Жалақы қарызы дәрігерлерді қаржыландырудың жаңа тәртіпке өтуіне байланысты болуы мүмкін. Бұл жағдайды прокуратура да өз назарына алады. Тексеру аяқталған соң, ресми жауабын береміз.

P.S. «Семей қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының басшысы Николай Мантлер мен Семей қаласының психиатриялық диспансерінің басшысы Айдынбек Нұрдыбаевқа қанша рет телефон шалсақ та, тілдесе алмадық. Біз бұл мәселені назарда ұстаймыз.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button