Қоғам

Семейлік дәрігерлер «Дидарға» бір жылға бір-ақ жазылады

Семейлік дәрігерлер «Дидарға» бір жылға бір-ақ жазылады

Жүздесу барысында «Дидар» газетінің редакторы Уәлихан Тоқпатаев және газет қызметкерлері Әлімжан Қадылбекұлы, Серік Құсанбаев, Думан Анаш басылымның тарихы мен бүгінгі дамуы, оқушы қауымға ұсынылар жаңа жобалар туралы әңгімеледі.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы, скринигті тексеру, дәрі-дәрмектің қолданылуы, дәрігерлердің жетіспеушілігі, жас мамандарды жұмыспен қамту іспетті мақалалар легі басылым бетінде үнемі жарияланып келе жатқанына тоқталған У.Тоқпатаев медицинада қордаланған мәселелердің көп екенін атап өтті. Газет шолушысы Ә.Қадылбекұлы дені сау ұлт қалыптастырудың кілті спортта жатқанын, Семейде спорт саласының дамуы көңілге қонатынын тілге тиек етті. Мәселен, қазақ футболының 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, «Спартак» командасы жоғары лигаға шықты. Руханият бөлімінің қызметкері С.Құсанбаев бүгінде интернет алға шықса-дағы, кітап оқып, қаламмен хат жазып өскен буынның газетке деген іңкәрлігі жоғалмайтынын айтып, алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің де газетке белсенді қатысатынына сенім білдірді. Жас журналист Д.Анаш елімізде ең үздік медициналық қызмет осы қалада көрсетілетінін атап өтіп, науқасты дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де емдеу қажеттігін жеткізді.

№3 емхананың бас дәрігері Нейлә Сапанқызы «Дидар» газетінің байыпты басылым екенін, мәселенің мәніне терең үңіліп, ақпаратты нақты беретіндігі үшін алғысын білдіріп, қарапайым оқырманға еліміздің медицина саласындағы жеңілдіктер, өзгерістер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бірігіп жүргізуге ынталы екенін жеткізді.
№12 отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Ләззат Қырықбайқызы азаматтардың темекі, алкоголь өнімдерінен аулақ болып, денсаулығына жауапкершілікпен қарауы үшін баспасөздің үлкен насихат құралы екенін айтты. Сондай-ақ, радиологиялық медицинаны дамыту, дәрігерлердің жоғары санатқа өтуі, түрлі аурулардың алдын алу іс-шаралары туралы екі жақты жарасымды әңгіме өрбіді. Жалпы, Семей қалалық денсаулық сақтау бөлімінің мәліметінше, бүгінге дейін «Дидар» газетіне бір жылға 219 дәрігер жазылып үлгеріпті.

Гимназияда жалғасқан жүздесу барысында редакция қызметкерлері газеттің негізгі аудиториясының бірі мұғалімдер қауымы екенін атап өтті.

Білім беру саласының мәселелері де жетерлік. Әр министр ауысқан сайын аталған салаға реформа ала келеді. ҰБТ орнына бұрынғы емтихан тапсыру жүйесі бола ма? Он екі жылдық білім беру жүйесінің ерекшелігі неде? Мұғалімдердің еңбекақысын көтеру шарттары қандай? Міне, осы және басқа да білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер «Дидардың» бетінде жиі жарияланады. №47 мектептің оқу ісі меңгерушісі Ләззат Жұманбаева өзге редакцияларға жолдаған мақалаларының газет бетіне шықпайтындығын, «Дидар» газеті қандай көмек көрсете алатындығын сұрады. Газет редакторы мақала маңызды болса, кедергісіз жарыққа шығатынын атап өтті. №3 мектеп мұғалімі Бауыржан Құнафин ақындар айтыстарының көрнекі тұстарынан газет бетіне үзінділер берілсе деген ұсынысын жеткізді. Семейлік мұғалімдер де «Дидарға» жаппай жазыламыз деп отыр.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button