Қоғам

Семейлік Серәлінің сақ шатыры бар

Қызырбек Дүргінбайұлы

Байырғы баба ғұрпы мен салт-дәстүрін, бағзыдан жеткен көне бұйымын бүгінде туризмнің тетігіне айналдыра білген елдердің қатары көп. Ал біз қолда бар құндылықтың қадіріне жеткенімізбен, қажетімізге жарата алмай жатқандаймыз. Алайда осы бір әттеген-ай дейтін әрекетіміздің соңынан әлі де үміт күтетіндер жоқ емес. Көне дүниенің күмбірін көмейінен төгілтіп, Сақтан жеткен сары алтындай сарқыттың жаһандық үрдіске жұтылмаған  жұрнағын жұртқа таныстыруды мақсат еткендердің бірі – семейлік Серәлі Мұхамедсадықов.

Көлемі шағын болса да Сақ шатыры көзге айбынды көрінеді. Ал Серәлі қонақтарын төрткүл дүниені дір еткізетін дабыл үнімен қарсы алады екен. Ары қарай көне дүниенің күмбіріне ілесіп сақ дәуірінің қойнауына сүңгіп кетесіз. Дала дәстүрі негізінде қонам деген адамға сақ шатырының төрі бос, есігі ашық. Сары қымыз бен тегін ас та бар. Сақ шатырына көктен шаншыла түскен күн сәулесі де аспаннан рух төгіп тұратындай сезіледі. Тыныштықбек Әбдікәкімов ақынның «Шаңырақтан тік түскен найза сәске, сүйегіне сандықтың тұр шаншылып», – дейтін сүгіретті жырындай. Шатыр іші Тәңірмен тамырласып жатқан сынды.

– Біздің қазіргі таңда айтарымыз көп те, алдыға тартар, мақтана көрсетер дүниеміз аз. Біз бабадан жеткен асыл мұрамызды енді іс жүзінде тірілтуіміз керек. Шетелдік қонақ келсе көрсетер дүниеміз жоқтың қасы. Ғасырлар қойнауындағы тарихымыздың алдыға тартар айғағымен мақтанар уақыт келді деп ойлаймын. Бұл хан шатыры да осы мақсатта бастау алған дүние болатын. Қазіргі таңда рухани тұрағыма айналды деуге де болады. Жалпы сақ дәуірінде бұл көшпелі шатырды көп қолданған. Біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың жемісі. Ол заманда осындай шатырдан 50 шақтыны қатар тігеді екен. Ал елдің ханы соның біреуінде ғана отыратын болған. Қалғаны аңдыған жауын адастыру үшін тігілген. Сонымен қатар қасына тағы да жүз шақты шатыр тігіліп, оны қолбасшылар қоныс қылады екен. Бұл шатыр сол заманда осындай үлкен қажеттілікті өтеген. Ал біз бүгінгі таңда онда тұрғанды қойып, көрме алаңына да айналдыра алмай отырмыз. Алдағы уақытта шатырдың санын көбейтсем деген мақсатым бар, – дейді Серәлі Мұқамедсадықов.

Сақ шатырының босағасында балбал тас та тұр. Оның да өзіндік мазмұны мен мәні, біз білмейтін астары бар екен. Байырғы батыр бабаларымыз жеңілген жауының басына қойылған балбал тасын әкеліп үстіне тіреп тұрып аяғын сүртетін көрінеді. Оның астарында одан да басқа жауының мысын басып, сес көрсету жатыр. Ал шатырдың оң жақ босағасында ұңғысын көкке білеп зеңбірек тұр. Ол да сақ дәуірінің жетісітігі, жауынгерлік заманның айбары мен айғағы ретінде қойылған. Шатырдың төбесінен көкке шаншыла орналасқан найзаның сұсы да жалт қараған адамды жасқандырып тастайтындай көрінеді.

Серәлі Мұхамедсадықов әнші, этногроф. Халықаралық «Шабыт» және «Жас қанат» байқауларының жеңімпазы, Алтай өңірінде өткен көмекеймен ән салушылардың халықаралық додасында қарақыр әуенімен 8 сағат үзіліссіз жырлап, алтайлықтарды таңғалдырған талант.

Ұлттық бренд ретінде шетелге алып барды

 

Шатырдың табалдырығынан аттаған сәтте басқа дәуірге қадам басқандай боласыз. Өйткені шатыр іші сақ заманына сай жасақталып, баба ғұрып негізінде нақышталған. Хан шатырының әр жерінде аң терісі ілініп, төріне сақ патшасы жайғасқан. Ал қылыш, найза, қанжар, қалқан, қындағы кездік сияқты қарулардың неше түрі бар. Бәрі де сол сақ заманындағыдай. Ағаш бетіне өрнектелген тайпалық таңбалар да әр жерден көзге шалынады. Ондағы әр заттың өзіндік тарихи мазмұны мен мәні бар. Шатыр ішінен аң стилін аңғаруға болатындай.

– Тәңірді құрмет етемін. Дін әртүрлі болғанымен, жаратушы біреу. Арабтың дінінде айтады, діннің бірнеше атауы бар деседі. Сондықтан да әр адамның кеудесі мешіт, жан дүниесі дін. Кез келген тіршілік иесі менің жан дүниемнен марапат көрсе деймін. Аз ғана ғұмырда Жер-анама шапағатым, ұлтыма пайдам тисе деген мақсатпен жүрген адаммын. Сондықтан да осы қадамға бардым. Шатыр ішіндегі әр дүниенің өз тарихы, мәні, мазмұны бар. Абылай Қалқаұлы деген үлкен шеберіміз бар, ол кісі Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті. Осындағы біраз дүние сол кісінің қолынан шыққан. Мысалы, төрде тұрған кіреуке сауытты тоғыз ай бойы тоқыды. Осы сақ шатырындағы дүниелер мен киімдердің біразын Жапония, Корея, Қытай, Моңғолия, Ресей елдерінде концерт бергенде ұлттық бренд ретінде сахнаға алып шыққан болатынбыз. Үнемі болмаса да әредік осындай жерде тұрсақ, рухани жаңғырып қалар едік, – дейді Серәлі Мұхамедсадықов.

Генетикалық жадымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызды ояту үшін сақ шатырына бас сұқсақ артық болмасы анық. Бұл біздің байырғы баспана екеніне дерек те, дәйек те бар. Археологиялық деректер бойынша, қола дәуірінде даланы мекендеушілер күмбез тәрізді қима шатыры бар жертөле түріндегі тұрғын жайлар салғаны анықталған. Түркітанушы әйгілі ғалым Геродот аңызға айналған аргиппейлерді сипаттай келіп, былай деп жазады: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Көшпелі ғұрыптың кешегіден жеткен жұрнағы осындай.

Баба тарихты сипаттайтын Серәлінің бүгінгі сақ шатыры ұлттық құндылықты насихаттаудың бірден-бір жолы екеніне көрген адам көз жеткізері анық. Сақ шатырының санын көбейтіп, туризмнің тетігі ретінде қолдансақ ұтпасақ, ұтылмаспыз.

Берелге бірнеше шатыр тіксек

 

Сақ шатыры шетелдік туристерді қойып, өз ұлтымыз да қызыға қарайтындай екен. Әттең, әзірше біреу ғана. Елімізде сақ мәдениетінің қазыналы алтын ошағына айналған жер қаншама?! Солардың әрбіреуіне хан шатырының бірнешеуін тігіп тастаса. Келген турист ішіне қонып, Тәңір көгіне көз тігіп жатып ұйықтап кетсе, деген қияли ойымызды сабақтап едік, Серәлі соны күтіп тұрғандай сөзімізді іліп әкетті.

–  Біз турист тартудың жолын білмейтін елміз. Сіз айтқандай, Берелге бірнеше шатыр тіксек, туристер қонбай кетпес еді. Ал ондай жағдай бола қалған күннің өзінде бағасы қалта қақпайтындай болуы керек. Бір шыны, шайыңды мың теңге деп қойсақ, қонағыңды бірден үркітіп алғаның. Ол жердегі баға байлар мен студенттерді теңестіретіндей болуы керек. Біздің туризм саласындағы қателік бағаны шарықтатып жіберетінімізде деп ойлаймын. Жалпы бізге бағаны емес, алдымен ұлттық құндылықты жоғары қою керек. Сонда ғана тарихымызды танытып, елімізді, жерімізді, салтымызды, дәстүрімізді  дәріптей аламыз. Мысалы, Якутия, Тыва, Таулы Алтай Республикаларында бұл дүние жақсы дамыған. Оны көзбен көріп, көңілге түйіп қайтқанмын. Менің бұл бастамамды Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин бастаған, сол саланың азаматтары қолдасақ деген ниет білдірген. Алайда олар да мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау табатынын нақты айта алмай отыр. Егер қолдау көрсетем деген адам болса, бұл бастаманы дамытуға дайынмын, – дейді Серәлі Мұқамедсадықов.

Ұлы даламызда сақ дәуірінен мол дерек беретіндей мәйекті мәдениет ошақтары баршылық. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек Жетісудағы Есік (Алтын адам) Бесшатыр обалары мен көптеген көмбелер, Сырдың төменгі ағысындағы Үйғарақ қорымы, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің обалары, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті қорымдары қатарлы қазыналы обалар зерттеліп, баба тарихымыздың бір тармағы ретінде тарихқа таспаланған. Бүгінгі таңда бұл бастаманы іске асырса, болашақта игілігі де болары анық. Жаһандық өркениет көшінде өз қолтаңбамызды өткен тарих арқылы қалдыруға негіз бар. Сондықтан да сақ шатырларының төріне туристерімізді көптеп шығарып, тарихымызды айтып таңдай қақтырсақ, еліміздің туризм тетігі беки түспек.

 

Осы айдарда

Back to top button