Қоғам

Семейлік кәсіпкер қымыздан балмұздақ жасамақ

Семейлік кәсіпкер қымыздан балмұздақ жасайтын цех ашпақ. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ғалия Тоқтасынова хабарлады.

Аталмыш жоба Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында гранттық қаржы бөлу комиссиясының отырысында қаралып, мақұлданған.

– Қатысушылардың басым бөлігі 100 АЕК мөлшеріндегі грантты алуға тілек білдірді. Алайда олар NEET санатындағы жастар болғандықтан, 200 АЕК мөлшеріндегі грантты да ала алушы еді. Біз олардың жобаларын қолдап, 505 мың теңге мөлшеріндегі грантты алу үшін комиссияның қыркүйек айында өтетін келесі отырысына келуді сұрадық, – дейді Ғалия Тоқтасынова.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл жолғы қатысушылардың ішінде ең ерекше жоба семейлік Айдын Серікқазинда болған көрінеді. Кәсіпкер қымыздан балмұздақ жасайтын цех ашпақ ниетте. Айдынның балмұздақ жасаудан осыған дейін де тәжірибесі болған. Енді тек жұмсақ балмұздақ дайындайтын фризер аппаратын сатып алуға 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік қолдау ғана қажет. Кәсіпкер осындай инновациялық жоба арқылы ұлттық сусынды көпшілікке басқа қырынан танымал етпек.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button