Қоғам

Семейге су жолы арқылы жетеміз

Өскемен мен Семей арасында қара жол сайрап жатыр. Бұл қалаға жеткізер су жолы тағы бар. Кезінде кемемен келіп-кетіп тұрған жұрт кейінгі жылдары су жолымен Семейге жол тартуды тоқтатқан.

Көрші облыс кеме жолын жаңғыртуды қолға алмақ. Абай облысының әкімі Семейдегі өзен портын қарап шығып, алдағы уақытта бұл мәселені қолға алатынын айтты. Тіпті шаруа дер кезінде шешілсе, іске кірісер инвесторлар да бар көрінеді.

– Бұрын Өскемен мен Омбы арасында Семей арқылы «ракеталар» қатынаған. Меніңше, кеме қатынасын жаңғырту қажет. Тасжол талай адамды жалықтырған болар. Кеме Өскеменнен Семейге дейін шлюздеуді есепке алғанда үш жарым сағат жүрер еді. Бұл соншалықты ұзақ емес. Көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Ал жүк тасымалына келетін болсақ – бұл жеке тақырып. Оны қаперден тыс қалдырмаймыз, бірақ онда басқа инвесторлар қажет болады, – деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Бұл мәселе бұрын да көтеріліп, көпшіліктің көкейінде жүрген болатын. Осыған дейін де журналистер жазып, жұртқа оның тиімділігі туралы жеткізген болатын.

«Семейдің іргесіндегі Шүлбі ГЭС-інде Ертіс өзенімен кеме жүретін жасанды тоған (шлюз) ашылғаннан бері Ертіс кеме қызметінің ісі алға басқалы тұр. Кезінде бұл кеме қызметіне 200-ге жуық ірілі-уақты кемелер қараған екен. Қазір содан жиырма шақты ғана қалыпты», – деп жазыпты өзінің зерттеу мақаласында журналист Сүйеубай Байқадиұлы.

Бұл мәселе шешімін тапса, екі облыс халқының барыс-келісі тіптен жақсара түсері сөзсіз.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button