Қоғам

Семейге Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші орнатылады

Семейге Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші орнатылады

Биыл алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып отырған тұлғаға Семейдің сол жағалауында биіктігі 13 метр болатын ескерткіш орнатылмақ.

– Ескерткішті биыл орнатуды көздеп отырмыз. Келер жылы Алаш Орда үкіметіне 100 жыл толатындығы белгілі. Сондықтан осы мерейтойға орай ескерткішті үлкен кешенге айналдыру жоспарланған. Қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов пен Алаш Орданы, Алаш қозғалысын бөліп қарауға болмайды, -дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова.
Әкім орынбасарының айтуынша, алдағы жылдары сол жағалаудан орын тебетін кешен мен оның маңын абаттандыру, көркейту жұмыстары қолға алынбақ. Сәулет нысанына апарар жолдар мен жарықтандыру мәселелері де шешілмек. Ескерткіш үшін бюджеттен 24 млн. теңге қаржы да қарастырылған. Ескерткіш эскизіне жарияланған республикалық байқау үстіміздегі жылдың 22-сәуір мен 23-мамыр аралығында өткен болатын. Басқосуда айтылғандай, оған 4 мүсінші 5 эскиз ұсынған көрінеді. Нәтижесінде, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен сәулетшілерден құралған сарапшы топ белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжановтың еңбегіне таңдау жасапты. Дегенмен, тарихи деректер мен сол заманғы ерекшеліктерді ескеру маңызды. Мәселен, байқауда жеңіп шыққан эскизде Алаш қайраткерінің қолында асық бар. Яғни, әзірше қағаздағы эскиз әлі де өзгеріске ұшырауы мүмкін.
-Қоғам қалай қабылдайды, халық бұрыс түсініп қалмас үшін, біздің де бір ойымыз бар, асықтың орнына қауырсын-қалам, кітап ұстатса жақсы болар еді. Себебі, бұл азаматтың ой-тілегі – қазақ мемлекетін құру. Сондықтан ескерткіштің мағынасы бүгінгі тәуелсіздікке сай болуы тиіс, – дейді Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Орал Шәріпбаев.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button