Семейге «Алтын адам» келді
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің бастамасымен Семейде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлттық музей -сенің қалаңда» мәдени туры басталды. Шараның басты ерекшелігі – Тәуелсіздіктің бағалы мұрасына айналған «Алтын адам» жәдігерін Қазақстан қалаларына апарып, өңір тұрғындарының бағалы мұрамен жақынырақ танысып, зерделеуіне мүмкіндік жасау. «Әлемге танымал «Алтын адам» артефактісі Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, «Қазақстанның бетке ұстар жәдігері», елдігіміздің басты символы болып табылады, дейді музей қызметкерлері.
«Алтын адам» көрмесі «Ұлттық музейге саяхат» және 3Д графикалық бейнероликтермен бірге ұсынылғандықтан, Семей көрермендерінің үлкен қызығушылықтарын туғызуда. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Семей қалалық мәдениет бөлімінің жетекшісі Берік Көпбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Бекен Теміров Ұлттық музейі басшылығына зор алғыстарын білдірді. Семейліктер бұл шара «ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай ұлттық идеологияның негіздерін бағамдауда баға жетпес іс болды» деп ризашылықтарын жеткізді. Келушілер легі де толастар емес. Түске дейін 300-ге тарта көрермен музейде болып, көрмені тамашалады.
-Өз басым бұндай жәдігерді суреттерден немесе теледидардан ғана көретінмін. Қазір «Алтын адамды» өз көзіммен көріп, қуанышты болып отырмын,-дейді қала тұрғыны Асыл Омарзада,- өткен тарихымыз болғандықтан бұл біз үшін аса маңызды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.