Семейдің сегіз көшесі жөнделеді

Биыл бюджеттен бөлінген 450 млн. теңге қаражатқа Семейдің сегіз көшесі орташа жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлады.
Өткен жылы орташа жөндеу жұмыстары Семей қаласының 50 шақырымға таяу жолын қамтыған болатын. Биыл бюджеттен бөлінген 450 млн. теңгеге жеті шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарлануда. Атап айтсақ, бөлінген қаражатқа Семейдің сегіз көшесі орташа жөндеуден өтпек.
Жолдарды жөндеу жұмыстары 9 сәуірден басталды. Бүгінгі таңда жол жабынының қанағаттанарлықсыз жағдайы байқалатын көшелерді фрезерлеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың арасында Чехов, Щорс және Аймауытов көшелері бар.
– Бірінші кезекте, көлік қатынасы көп көшелер жөнделеді. Басқа көшелерді екінші кезекте жөндейміз. Ағымдағы жөндеуге екі бригада жұмылдырылған. Бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар келісілген мерзімде орындалады деп жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қосымша қаражат бөлінсе, біз басқа көшелерді де жөндеумен қамтимыз деп жоспарлаудамыз. Қазір Әуезов даңғылын, сондай-ақ жол жабыны қанағаттанарлықсыз жағдайдағы басқа да көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу өзекті болып тұр. Сол себепті қосымша қаражат бөлінуін күтіп отырмыз, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Серғазинов.
Әр көшеге асфальт төсейтін, фрезерлік қондырғылар сияқты арнайы техника бөлініп, жұмысшы бригадалары іске кіріскен. Жауапты тұлғаның айтуынша, орындалған жұмыстардың сапасын тексеріп, нысан қабылдағанға дейін арнайы зертхана мамандары жұмыстың орындалуын мұқият қадағалайтын көрінеді.
– Жол жөндеуге жұмылдырылған барлық кәсіпорындарда асфальтбетон қоспасын дайындау және жабын сапасын қадағалайтын зертханалар бар. Асфальтбетон қоспасын сынау жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорынмен тиісті шарттар жасалған. Жұмыс аяқталғаннан кейін зертхана сынамалар алып, талдау жасап, нәтиже шығарады. Егер қоспаның сапасына, төсеуге байланысты сұрақтар туындаса, кемшіліктер мердігерге жеткізіліп, ол өз кезегінде ақауларды өз есебінен жояды. Сонан соң зертханалық талдау қайта жүргізіліп, осыдан кейін ғана нысанды қабылдау мәселесі қарастырылады, – деп қорытындылады Нұрлан Серғазинов.
Флора Левина