Қоғам

Семейдің «Көлік колледжі» – іргелі оқу орны

Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің төрт дүркін чемпионы, «Әлем Барысы» халықаралық турнирінің үш дүркін чемпионы, сондай-ақ, «Қазақстан Барысы», бәрін айт та, бірін айт бүгінде ел ауызында аңызға айналған Айбек Нұғымаров өзінің  еңбек жолында Семейдегі іргелі оқу орнының бірі «Көлік колледжін» басқарып отыр. Айбек Серікболұлы қазіргі уақытта «Аманат» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі. Үлгілі отағасы, үш қыз бен ұл тәрбиелеп отырған бақытты әке. Біз оқырмандарымыздың сұрауы бойынша Айбек Нұғымаровқа жолығып, «Көлік колледжінің» тыныс-тіршілігі жайлы сұраған едік. Әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

сурет интернеттен алынды

-Айбек Серікболұлы, колледждеріңіз жастар оқитын бірден бір тамаша оқу орны. Семей – жастар қаласы дейміз. Оқу орны жайлы не айтар едіңіз?

-Біздің Семей «Көлік колледжі» 1929 жылы ашылған. Осы 90 жылдан астам тарихында оқу орны көп нәрсені бастан кешірді. Ең бастысы, осы жылдар ішінде колледж өзінің оқу базасы мен қалыптасқан дәстүрлерін сақтап қалды. Соңғы отыз жылда тоғыз жарым миллионнан астам бала дүниеге келді.  Бұл алдына қойған мақсаты бар, жоғары білімді, озық ойлы жаңа ұрпақ деуге болады. Мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдарды қояды. 90 жылдық тарихы бар Семей «Көлік колледжі» де Тәуелсіздік жылдары көптеген жетістіктерге жетті. «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кірді. Мемлекеттік «Еңбек»  бағдарламасына сәйкес «Жас маман» жобасын да жүзеге асырудамыз. Бұл жобаның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды әзірлеу. «Жас маман»  100/200 қағидаты бойынша әзірленген бағдарлама.  Яғни, 100 дегеніміз қазіргі күні еңбек нарығында сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық. Осыған орай «Көлік колледжінде» 100 сұранысқа ие мамандықтар тізіміне 1201000 «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы кірді. 2019 жылы «IV Worldskils Shygys чемпионатында» Хрипченко Владислав «Дизельді двигательдерді жөндеу және пайдалану» бойынша байқауда екінші орын алса,  «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу» бойынша Сүлейменов Дмитрий екінші орын алды. 2020 жыл Worldskils стандарттары бойынша түгелдей егжей-тегжейлі оқуға арналған жыл болды. Және осы кезеңде Ахтанов Нұрдәулет «Кузов жұмыстары» бойынша 1-інші орын иеленсе, «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу» бойынша Краузе Равиль 1-інші орын алды. 2021 жылы аймақтық «Worldskils Shygys» чемпионатында Аманғалиев Аман «Ауыр жүк техникаларына қызмет көрсету» бойынша 1-інші орын, «Жүк тасымалы» саласынан Пинзур Андрей 1-інші орын алса, Шакербеков Аслан 2-інші орын, Қаржаубаева Тоғжан 3-інші орын иеленді. Бұл біздің «Көлік колледжі» үшін тамаша жетістік. Міне, осыларға қарап-ақ, бізде қандай мамандықтарға оқуға болатынын байқайсыздар.

Көлік колледжінде оқу, білім,кәсіби бағдар процесі басты назарда болатындықтан, өз орынбасарларыма да тікелей тапсырма беріп отырамын. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Молдагалиева студент жастардың білім-білік дағдыларын тереңдетіп, өз ойын еркін жеткізулеріне мүмкіндік жасауда.Жастардың өзіндік білім алуға ұмтылуы үшін ұстаздардың да ұжым болып бірлесе еңбек етуі қажет.
Себебі, бізге «World skills» сияқты жобаны уақтылы жүзеге асыру аса маңызды.Бұл менің тікелей тапсырмам болғандықтан, маған оқу процесі аса маңызды.

     – ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Осыған сіз келісесіз бе?

– Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.   Расымен де, Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де Семей «Көлік колледжінен»  шығып отыр.      2020 жылы талантты студентіміз Фархадов Ислам Қазақстан колледждерінің «ТОП – 100 студенті» қатарына енді. 2021 жылы Муратов Ризат Қазақстан колледждерінің  «ТОП – 100 студенті» бойынша 3-інші орынға шықты. Осыған орай «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсының облыс бойынша қатысушыларын марапаттау салтанаты өтті.    Сондай-ақ, Семей қаласы Көлік колледжінің 1 курс студенті Фархадов Ихсан «Қазақстанның үздік студенті – 2020» жобасына қатысып, «Жас қыран»  талантты жастардың IV Республикалық жинағына енгені үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды. Арнайы төсбелгі иегері атанып, «Жас қыран» кітабын да алды. Және осы студентіміз Фархадов Ихсан «Genius» аталатын халықаралық білім, ғылым және спорт орталығы ұйымдастырған ТМД жастары арасындағы конкурста бас бәйге  алып, көшбасшылық қасиеті үшін «ТМД-нің үздік студенті»  атанды.

-Оқып жүрген студенттер қай жерлерден өндірістік тәжірибеден өте алады? Оқырмандардың қоятын жиі сұрақтарының бірі еді?

-Бізде негізінен автомобильдерді жөндеу, логистикалық қызмет, мехатроника, автобус, жолаушы тасымалы, жүк тасымалы сияқты әртүрлі мамандықтарды оқытады. Толық мағлұматты Көлік колледжіне келіп біле аласыздар. Сол сияқты кеме жөндеу, су жолдары қызметінің механиктерін де дайындаймыз. 2021-2022 оқу жылында кәсіптік практикаға арналған келісімшарттардың жалпы саны 753 келісімшартты құрады. 95 кәсіпорында 378 адам іс-тәжірибеден өтті. Біздің «Көлік колледжі» үшін мына  кәсіпорындар мен ұйымдар автомобиль мамандықтары бойынша кәсіптік практиканың негізгі базалары болып табылады, атап айтқанда: «Daewoo Bus Kazakstan» ЖШС, «Машина жасау зауыты» АҚ, «СемАЗ», «Таксопарк» ЖШС, «Азия-Комби» ЖШС, «Мега-Моторс» ЖШС, ЖШС «Авто-Реал», «Семавтопарк», «Эйкос »ЖШС,« Авто Дан »ЖШС,« Семстройпут »ЖШС,« Семей Жолдары »ЖШС, ВКОФ РМК« Казахавтодор ДЭУ-25 »,« Гордорстрой »ЖШС,« Дитас»ЖШС, КГП« Семей Водоканал» «GKP» TsUPP «Семей, GKP көгалдандыру және абаттандыру бойынша» кәсіпорны. Міне, осылардан біздің балалар практикадан өтіп, білімдерін шыңдап жатады.

Алыс ауылдан келетін балаларға жатақхана қарастырылған ба?

-Әрине, жатақхана мәселесі толығымен шешілген. Жатақханада тәртіп бар, тазалық жағы қамтылған. Онда тұратын студенттер тәрбие шараларынан тыс қалған емес. Биыл міне, жатақханада тұратын студенттер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Бөтеннің мүлкін ұрлау», «Бұзақылық», «Жол қозғалысы ережелері»,  «Бопсалау», тақырыптарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кездесулер ұйымдастырылды.  «Ата-аналар мектебі» жобасы жұмыс істейді. Студенттері арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар да жүргіземіз.   Осы орайда айта кетер бір мәселе,  біз Абай елі болғандықтан да, ұлыларды ұлықтау басты парызымыз.  Колледжде қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтың парасаттылық пен ізгілікке жетелейтін шығармашылығына арналған «Адалдық сағаты» өткен болатын.   Семей Көлік колледжінде болашақ мамандар болашақта өздеріне артылатын міндетті жете түсініп, алдарына айқын мақсат қоя біледі. Президент жолдаулары мен мақаласында айтылған әрбір сөзге терең мән берген жөн. Қазақ елінің нағыз білімді, білікті маман тұлғаларын даярлап жүргендіктен, Мемлекет басшысының әсіресе жастарға  қатысты айтқан пікірлерін, ұсыныстарын  қолдайтындығымды айтқым келеді.

  -Әңгімеңізге рахмет!                 

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова.

Осы айдарда

Back to top button