Қоғам

Семейді дамытудың кешенді жоспары талқыланды

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Семей қаласының әкімімен және салалық басқармалардың басшыларымен кеңес өткізіп, қаланың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын талқылады.

Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, энергетика, көлік, білім, спорт, мәдениет салаларына қатысты 56 жоба іріктелді.

– Биылдың өзінде 32 іс-шараны атқару жоспарланған. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – барлық қазандықтардың жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау, автокөпірді жаңарту, жақын маңдағы елді мекендер мен бұрынғы аудан орталықтарына баратын жолдарды жөндеу. Сонымен қатар жаңа нысандар құрылысы бар. Олардың қатарына арнайы техника құрастыру цехы мен 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы енеді. 70 көппәтерлі үйдің құрылысы қарқынды жүруде. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы ойдағыдай іске асып жатыр, – деді облыс әкімі.

Құрылыс қарқынына сай барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Қаланы жылумен қамтуға қатысты алты жоба ерекше бақылауда. Солардың бірі – жаңа мектептерді қолданыстағы жылу желілеріне қосу. Әлеуметтік салада Приречное ауылындағы клубты жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ Ертіс өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары басталды. Бұл іс су тасқыны болатын кезге дейін аяқталады.

– Өкінішке қарай, белгілі себептермен тоқтаған бірқатар жоба бар. Қала әкіміне бір апта ішінде қаржыландыру, инвесторлар, кешіктіру себептері, жұмыстың кестеге сәйкес жүруін немесе сәйкес еместігін талдап, әр жоба бойынша жоспар дайындауды тапсырамын. Біз қай жобаға ерекше назар аудару керектігін, қандай жобалар өтпелі болуы мүмкін екенін және жағдайға қарай қалай әрекет ету керектігін нақты білуіміз керек, – деп түйіндеді жиынды Даниал Ахметов.

Атап өтерлігі, Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бекітілген. Бағдарлама қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын жоғарылатуы тиіс. Сондықтан маңызды құжаттың сапалы әрі уақытында атқарылуы Үкіметтің де қатаң бақылауында.

 

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button