Қоғам

Семейдегі қоқыс жинау жобасы төңірегіндегі дау

Кәсіпкер Рафаил Хазипов баспасөз өкілдерімен тағы да кездесіп, атқарушы билікті жобаны жүзеге асыруға түрлі кедергілер жасауда деп айыптап отыр.

Өткен жылдың қаңтарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Семей әкімдігі және «ӨКМ операторы» ЖШС арасында Семейде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу бойынша жобаны іске асыру Жол картасына қол қойылған.

Жол картасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу үшін техника мен жабдықты пайдалану бойынша жауапты ұйымды анықтау шешілді. Семей әкімінің өкімімен қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптауды енгізу үшін жауапты ұйымды анықтау жөніндегі комиссия құрылды, оған қоғамдық кеңестің өкілдері, Семей қалалық мәслихатының депутаттары, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің мамандары кірді.

Мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер, Семейдегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының иесі Рафаил Хазипов ТҮКШ бөлімі жауапты ұйым болуға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды жариялағанын айтып, мәлімдеме жасады. Оларға комиссияға өтінім, техникалық ерекшелік және басқа да қажетті құжаттар ұсынылды. Осы комиссия отырысының хаттамасына сәйкес Семей қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу үшін техника мен жабдықтарды пайдалану жөніндегі жауапты ұйым ретінде «Хазипов Р.С.» жеке кәсіпкерін анықтау туралы шешім қабылданған. Осыдан кейін Жол картасын іске асыру басталды. Қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу мақсатында өзара міндеттемелер мен кепілдіктерді айқындай отырып, Жол картасының жоғарыдағы қатысушылары арасында үшжақты шарт жасалды, ал Семей қаласының әкімдігі жауапты ұйыммен бірлесіп, алынған жабдықты тікелей мақсаты бойынша пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс. Семей әкімдігі мен жеке кәсіпкер Р.С. Хазипов арасында қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

«ӨКМ операторы» ЖШС-нің жобаны іске асыруға белсенді кіріскені айтылады. Ағымдағы жылдың басында 1050 торлы контейнер, 532 қоңырау тәрізді контейнер сатылып алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жеткізілді, олар тұрғын үйлердің аулаларына, тұрғындар көп жиналатын жерлерде бөлек жинау үшін орнатылуы тиіс. Наурызда қалдықтар шығару үшін қымбат алты автомобиль техникасы берілді. Грек компаниясымен жақын арада қалдықтардан пайдалы компоненттерді басқа сұрыптау желілеріне қарағанда әлдеқайда молырақ алуға мүмкіндік беретін толық автоматтандырылған сұрыптау желісі бар жабдықты жеткізу туралы шарт жасалды.

Кәсіпкердің айтуынша, ол жобаны техниканы алғаннан кейін бірден жүзеге асыруға ниетті, бірақ қалалық әкімдік бұған түрліше кедергі келтіріп, техниканы беруден бас тартып отыр-міс, ол сондай-ақ қалада қоқыс коллапсының пайда болу қаупі және қоқыс шығару тарифінің күрт өсуі туралы да айтты.

Рафаил Хазиповтың айтуынша, штатында тек бір директоры бар «МЭН Келешек» МКК мұндай талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодексінің 192-ші бабына сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметінің түрлерін кеңейту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алуға міндетті. Монополияға қарсы органның 2020 жылғы хатына сәйкес «МЭН Келешек» кәсіпорнына қатты тұрмыстық қалдықтарды көму, полигонды құру және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін ғана келісім берілген. Яғни, Р. Хазипов атап өткендей, «МЭН Келешек» кәсіпорнының қалдықтар жинау және сұрыптау қызметін жүзеге асыруға еш құқығы жоқ, бірақ Семей қаласының әкімдігі заңнаманы өрескел бұзып отыр.

Бұл күні кәсіпкер кеңсесінде журналистер ғана емес, Семей қаласының әкімі бастаған қала басшылығының өкілдері де жиналды. Қала басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты ұйымның «МЭН Келешек» кәсіпорны болып ауысуы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

– Хазипов мырза бұл сұрақты маған алты күн бұрын қойған болатын.  Қазіргі уақытта Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жобасының мәселесі қаралуда. Өкінішке қарай, бірінші кезеңде Мақсат Нығметов шартқа қол қойған жоқ. Мәселе әлі қаралуда. Жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Барлығы «МЭН Келешек» кәсіпорнына беріледі деп ешкім айтып отырған жоқ. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені шын мәнінде «Келешек» осы мәселелермен айналыса алмайды. Тағы да қайталаймын, бұл мәселе қаралу үстінде. Хазипов мырза жобаны іске асыруды «Келешекке» немесе қандай да бір басқа кәсіпкерге беру туралы шешім қабылдағанымызды айтып отыр. Бұл шындыққа жанаспайды, – деп түсіндірді Нұрымбет Сақтағанов.

Бұл ретте кәсіпкер кездесуге қатысушыларды тыңдағысы келмеді. Алайда мұндай іс-шаралар Семейде бірнеше рет өткізілген және әр жолы кәсіпкер журналистерден көмек сұрап, қажетсіз шу шығаруға тырысады. Жасыратыны жоқ, «қоқыс» бизнесі тиімді. Жобаны ұтымды іске асырудан тек кәсіпкерлер ғана емес, қала тұрғындары да ұтады. Әзірше семейліктер қоқыстың уақтылы шығарылмуына шағымданып келеді.

Қалай болғанда да, кездесу әлі нәтиже берген жоқ. Қазіргі жағдай бұрындары бірнеше рет туындағандай қоқыс коллапсына алып келе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Кәсіпкердің «жуықта қоқыс шығару тарифі жеке тұлғалардан 1500 теңгеге дейін, кәсіпорындардан 21 мың теңгеге дейін көтеріледі» деп қала тұрғындарын сендірмек болған әрекеттері сәтсіз аяқталып келеді. Қалалық әкімдік өкілдері тарифтің максимальды сомасы бір адамға 460 теңгені құрайтынын, ал барлық шығындар субсидия есебінен жабылатынын айтуда.

Рафаил Хазиповке жобаның жалпы сомасы техникалық-экономикалық негіздемеден кейін ғана белгілі болатыны ескертілді. Ал халық үшін тарифтің сомасы тым қымбат болады деу негізсіз.

Кәсіпкер БАҚ өкілдерінің бірде-бір сұрағына нақты жауап бере алмады. Айта кетерлік жайт, баспасөз конференциясы бас санитарлық дәрігердің қаулысына қайшы әрі бұл үшін бейімделмеген кішкентай бөлмеде өтті. Бұл жерде арақашықтық сақтау туралы айтудың өзі артық. Шектеу шаралары кезеңінде іс-шара ұйымдастырғаны үшін кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button