Тарих

Семейдегі ұшақ апаттары. Әскерилер кінәлі ме?

1973 жылдың 28 ақпаны. Семейдің әужайынан Қарағанды қаласын бетке ала аспанға көтерілген «Як-40» ұшағы көп ұзамай жерге құлайды. «Аэрофлот» компаниясына тиесілі ұшақ бортында барлығы 32 адам бар болатын.

«Зауыттан шығарылғанына екі-ақ жыл болған әуе кемесінің апатына әскерилер кінәлі» деп жазып жүр қазіргі кезде ресейлік электронды ақпарат құралдары.

Ұша сала құлаған

Сол күні Семейде қар жауып, ауа райы бұзылып тұрған-ды. Бұл өлкеге және осы мезгілге тән күн райы. Десек те, 5 м/с жылдамдықпен солтүстік-батыстан соққан желдің ұшақтың қозғалысына бәлендей кедергі келтірмеуі керек болатын. Сол себепті диспетчер әуе кемесінің ұшуына рұқсат берген.

Ұшақ кешкі сағат 7-де, яғни, қас қарая аспанға көтерілген. Алайда 100 метр биіктікке көтерілген соң, борт әуежайдан үш шақырым жердегі қарлы далаға құлайды. Ұшақ жерге соғылып, қайта серпіліп барып түскен. Жарылыстан адамдардың ешқайсысы тірі қалмаған.

Апатта тәжірибелі ұшақ командирі, екінші ұшқыш, бортмеханик және салондағы 29 жолаушы, оның екеуі бала,  барлығы мерт болды. Жолаушылар арасында қызылордалық қыздардың баскетбол командасы да бар болатын – 11 ойыншы, бапкер және төреші.

Апатты тергеушілер ресми түрде ұшақ ақаудың салдарынан құлады деп қорытынды жасаған. Атап айтқанда, кінәнің бәрін стабилизаторға артқан. Соның кесірінен ұшақ белгілі биікке көтеріле алмай жерге тастай құлауы ықтимал деп жазыпты. Бірақ апат болған жерде болған адамдар борттың пилот отыратын тұсынан тесілгенін көрген. Сарапшылар оны снарядтың ізі емес деп көрсетеді. Ал ұшақпен байланыста болған диспетчер пилоттардың байланысқа шықпағанын айтады. Әлбетте, енді көкке көтерілген техника ұзаққа бармай құлаған, ұшқыштардың дабыл қағуға да уақыттары болмағаны анық.

Осы мезетте Семейдің түбінде әскерилердің кезекті далалық оқу-жаттығулары аяқталып, сарбаздар бөлімшеге қайтып бара жатқан еді. Қарындары ашып, шаршаған олардың көбі маужырап та кеткен-ді. Әскери бөлімше солдаттары үшін мұндай жаттығулар үйреншікті іс болатын. Кенет қатардағы БМП-ның бірі оқ атып жібереді. Ол әуедегі нысанды өз бетінше тауып алып, соған қарай бет алатын снаряд болған. Қарулы техниканың неге атылғаны және снарядтың неге ұрыстық болғаны белгісіз.

Бірақ әскерилердің немқұрайлығынан сол абайсызда ұшқан снаряд тура сол кезде аэропорттан көтерілген ұшаққа тиген еді. Осы қателік 32 адамның өмірін бір сәтте қиып өтті. Олардың кейбірі ұшаққа өмірлерінде алғаш рет мінген еді. Әрине, жауаптылар жазаға тартылған, бірақ әскери жарғы бойынша. Ал қаза тапқан жолаушылардың туғандары шындықты білген жоқ. Өйткені Кеңес Одағында кез келген апат үлкен құпия саналатын. Ал әскердегі қателіктен бейбіт адамдар қырылды деген ақпараттың бүкіл мемлекеттің беделіне үлкен нұқсан келтірері сөзсіз еді.

Әлі күнге дейін апаттың ресми себебі белгісіз деп есептеледі. Ал ресейлік БАҚ-тар ұшақты әскерилер құлатты деп жазуда.

Әзірбайжанның әуе кемесі Сібірге жете алмады

Кез келген қателіктен сабақ алынбаса, ол қайталанады. Бұл жолы дәл солай болды.

Сол жылы көктемде, 11 мамырда Семей шаһарының маңында екінші ұшақ құлап түсті. Бұл – бортында 63 адам бар «Ил-18» еді.

Ол да шығарылғанына бес жыл ғана болған  ұшақ болатын. Жалпы, Кеңес одағында әуе паркі жиі жаңартылып, он жылдан асқан ұшақтар бірден есептен шығарылып тұратын.

Әуе кемесі Баку – Ташкент – Новосібір бағытында қатынайтын. Әзірбайжанның бас қаласы мен Сібірдің арасында ол кезде жолаушылар көп болатын-ды. 10 мамырда түнгі сағат 11.00-де ұшақ Ташкенттен шығып, Новосібірді бетке алады. Түнгі сағат 1.30-да ұшақ Аягөз аумағына жақындап, Семейдегі диспетчермен байланысқа шығады. Алайда қалаға 90 шақырым қалғанда диспетчерлер ұшақты экран бетінен жоғалтып алады. Байланыс күрт үзіледі. Өңірде сол түні ауа райы қалыпты болған екен, аздап жаңбыр сіркіреп тұрыпты.

Ұшақтың ішінде болатын қара жәшіктегі жазбалар оның бес шақырым биіктіктен тастай құлағанын көрсеткен.

Ұшақ Семей қаласынан оңтүстікке қарай 84 шақырым жерге қадала құлайды. Мұндай биіктіктен құлдилағандықтан техниканың быт-шыты шыққан. Әлбетте, мұндай апаттан тірі қалу мүмкін емес-тін.

Ұшақтың құлауына себеп не? Ұшақ қалдықтарын тексерген мамандар екі үлкен домалақ тесікті байқаған. Бұл ұшаққа снарядтың тигенін көрсетеді. Бірақ тағы да іске саясат араласып, сарапшылар бұл тесіктерді ұшақтың соғылуынан пайда болған деп қорытынды жасайды. Бірнеше ай тексеру жүргізген арнайы комиссия өз ресми есебінде «апаттың салдарын анықтау мүмкін болмады» деп қысқа қайырған. Олар «қара жәшіктің» де қатты бүлінгенін көрсетіп, «оны толық оқу мүмкін болмады» депті.

Бір жылда екі бірдей ұшақ апатының болуы кездейсоқтық па, әлде ресейлік БАҚ өкілдерінің әскерилердің қателігі туралы ақпары ақиқат па? Оны анықтау алдағы уақыттың еншісінде.

Жалпы, әскерилердің қателікпен азаматтық ұшақтарды атып құлатуы кейін де орын алды. Мәселен, 2001 жылы Украина әскерилерінің ресейлік «Ту-154» ұшағын Қара теңіз үстінде зениттік ракетамен атып құлатқаны белгілі.

 Дерек: Облысымыздың аумағында аталған екі жайттан бөлек, тағы екі апат тіркелген. 1960 жылдың 10 желтоқсанында Семейден Абай қаласына ұшып бара жатқан «Ан-2» ұшағы қолайсыз ауа райы салдарынан құлап, ішіндегі барлық 12 адам қаза тапқан. Бұдан басқа, 1968 жылы 12 ақпанда Семейден Үржарға ұшып бара жатқан «Ан-2» ұшағы апатты жағдайда таулы жерге қонып, 14 адамның төртеуі көз жұмған. Бұл апатқа қатты боран себеп болған, абырой болғанда ұшқыштар техниканы қондырып, он адам тірі қалыпты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button