Қоғам

Семейдегі медициналық мекемелер заман талабына сай

Кеше Шығыс Қазақстан облысына ресми жұмыс сапарымен Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев келді. Вице-Премьер алдымен қасиетті қарт Семейдің зиялы қауымымен, қоғам өкілдерімен кездесіп, онда Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы  Жолдауында айтылған негізгі міндеттердің жүзеге асырылуына жете тоқталды. Сонымен қатар қаладағы денсаулық сақтау, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты.

Бірегей кешен бізде бірінші ашылған

Өңірге жұмыс сапары аясында келген Бердібек Сапарбаев облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасына тоқтап, облыста денсаулық сақтау саласындағы кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында ашылған, бірегей ангиографиялық жабдық орнатылған гибридті ота жасау блогында болды. Атап өтерлігі, аурухана базасындағы кешен республикада бірінші болып ашылған. Оның бірегейлігі сол, науқасқа заманауи және ашық тәсілдерді қолданып отаның бірнеше түрін жасауға болады.

Бұл республикадағы ең жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған мықты денсаулық мекемесінің бірі. Бұл ауруханаға Семей ғана емес, облыстағы барлық ауданның халқы, тіпті көрші Ресейден де сырқаттар келіп, емделу мүмкіндігі бар. Облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш мекемеге барлық жағынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның мәліметінше, ғимаратты қайта құруға және гибридті ота залын орнатуға жергілікті бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінген. Оның 1,7 млрд. теңгесі қажетті жабдықтар алуға бағытталған. Кешен халықаралық JCI «алтын» стандарты талаптарына сәйкес салынған.

Аурухана Семей, Аягөз, Шар, Курчатов қалалары және Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар аудандарында тұратын жалпы саны 674334 адамға медициналық қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек аурухана мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығы, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған. Өңірдің денсаулық сақтау саласы өкілдерінің айтуынша, гибридті ота залы ашылған уақыттан бері онда 345 ота сәтті жасалған. Енді жылына 2,9 мың ота жасау жоспарлануда.

Сонымен бірге Семей қалалық ЖМЖА мұнда істейтін дәрігерлердің біліктілігін арттыруды да естен шығармаған. 12 маман шетелде білімін шыңдайтын болса, үш деңгейлі бағдарлама аясында үш жылдың ішінде 276 дәрігер шетелдік клиникаларда білімін жетілдіріп келген.

Бердібек Сапарбаевқа осы ауруханаға алынған бүгінгі таңдағы медициналық жедел көмек көрсетудің барлық талаптарын орындайтын жаңа жедел-жәрдем көліктері де таныстырылды.

– Шығыс Қазақстан облысындағы, оның ішінде Семей қаласындағы медициналық мекемелердің заман талабына сай жабдықталуына көңіл толады. Ендігі ретте онда қызмет ететін дәрігерлердің біліктілігін соған сай деңгейде ұйымдастыру қажет. Жаңа көрген гибридті ота залы, мынау жедел-жәрдем көліктері қандай тамаша әрі науқастар үшін де ыңғайлы болмақ. Бұлардың қызметін пайдаланып, өңірдегі халықтың денсаулығын жақсартуға, өмірге қауіпті аурулар түрін әлдеқайда азайтуға болады, – деген Үкімет басшысының орынбасары гибридті ота залының жұмысын жоғары бағалады.

Студенттері әлемдік жарыстарда топ жарып жүр

Жедел жәрдем ауруханасынан соң вице-премьер Семей қаласында орналасқан Электротехникалық колледжге келді. Облыс қазынасынан қаржыландырылатын білім ошағында қазір 928 жас білім алып жатыр.

Кәсіптік және техникалық бағытта оқытатын колледж директоры Азат Сәрпековтің айтуынша, мұндағы студенттер темір мен ағаштан түйін түюден бастап жоғары деңгейлі автоматтандырылған, роботтандырылған технологияларға дейін меңгерген.

Сонымен қатар бұл колледжде халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да оқиды. Айталық, бұл салада Қазақстандық команда халықаралық жарыста жеңіп әкелген үш медаль да осы оқу орнының шәкірттеріне тиесілі. Мәселен, осы электротехникалық колледждің студенті Әли Әскерханов Juniorskills WordSkills Kazan 2019 чемпионатында әлемнің 63 мемлекетінен келген 1300-ден астам қатысушы арасында «Пилотсыз авиациялық жүйені басқару» аталымында топ жарып, үздік шықса, студенттер Исажан Раисов пен Александр Бетцольд байқауда мехатрониканы жетік меңгергендерін көрсетіп, «Medallion for Excellence» және «Best of national» медалімен марапатталған.

Бердібек Сапарбаев облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге колледждің құзірет орталығындағы дәнекерлеу, темірмен жұмыс істеу, IT, роботты техника, бағдарламалау «CAD инженерлік графика», «Графикалық дизайн» және басқа да пән кабинеттері мен «Электромонтаждық жұмыстар», «Өнеркәсіптік автоматика» шеберханаларын аралап көрді. Сондай-ақ мұнда Курчатовтағы ядролық орталыққа қажетті мамандар да даярланады. Мәселен, былтырғы 18 түлектің бәрі де ядролық орталыққа қызметке алыныпты.

Колледжде Бердібек Сапарбаев оқу орнының педагогикалық ұжымымен кездесіп, оқытушылар құрамының сауалдарына жауап берді. Ал Президент Жолдауында айтылған кәсіптік және техникалық білім берудің маңыздылығы, білім саласындағы реформалар жайында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов айтып өтті. Оның айтуынша, өзгерістер оқу үдерістерін жетілдіруге, мұғалімнің өзін-өзі дамытуына бағытталған. Сонымен қатар педагогтың жүктемесін азайту мақсатында мұғалімге тән емес фунцияларға тартуды, шектен тыс есеп беруді, негізсіз тексерулер жүргізуді шектеуге арналған жекелеген нормалар да қаралған. Министр жалақы мәселесін де айта кетті.

-Мемлекет басшысының тамыз конференциясында берген тапсырмасына орай, алдағы төрт жылда мұғалімдер жалақысы екі есеге дейін көтеріледі,  яғни, келер жылдан бастап, жалақы 25 пайызға артады, –деді министр.

Облыс тарапынан тұрақты қолдауға ие болып келе жатқан колледждің жұмысы Бердібек Сапарбаевтың тарапынан да оң бағаға ие болды. Мұнда үздік оқитын, креативті студенттерге ынталандыру да қарастырылған.

 

Масылдыққа бой алдыруға болмайды

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев  Шығысқа жұмыс сапарының аясында Қазақ инновациялык гуманитарлық – заң университетінің базасында Семей қаласының активімен кездесіп, Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыру бойынша келелі басқосу өткізді.

Семейліктермен кездесуге вице-премьермен бірге облыс басшысы Даниал Ахметов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сонымен қатар денсаулық сақтау мен ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері Камалжан Надыров пен Данияр Есин қатысты.

Кездесу барысында қоғамдық келісімді нығайту, көпбалалы жанұяларды, ана мен баланы қолдау, атаулы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаждарға тағайындау, жұмыспен қамту, сапалы білім беру, мәдениет пен спортты дамыту мәселелері жан-жақты қаузалды. Сондай-ақ, заман талабына сай медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жайы да айтылды.

– Бұл жұмыстар Шығыс Қазақстанда жүйелі түрде іске асырылуда, жаңа ғана Семейдегі жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының қызметімен таныстым. Гибридті ота жасау залының қызметін көрдім. Электротехникалық колледждің заманауи технологияны меңгерудегі жетістіктері қуантады, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Президенттің әлеуметтік бағыттағы саясатына жіті тоқталып, тұрғындарды еңбекке және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

– Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 400 мың отбасы немесе 2 миллионға тарта адам қамтылды. Алайда, бұл әлеуметтік көмек ауқатты адамдарға да төленіп кеткені анықталды. Тағы да қайталап айтамын, бұл тек шын мәнінде өмірлік қиындықтардан шығу үшін мұқтаж жандарға төленетін көмек. Сондықтан еңбекке қабілетті жанның бәрі жұмыс істеуі керек. Егер мамандығы болмаса – оқытамыз, жұмысы болмаса – береміз. Грант немесе микрокредит алуға, өзінің жеке ісін ашуға көмектесеміз. Тек мемлекеттің әлеуметтік қолдауына сүйеніп масылдыққа бой алдыруға болмайды, – деген Бердібек Сапарбаев қазіргі күні жастар тәрбиесі, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелеріне де баса назар аудару қажеттігін атады.

– Өкінішке қарай, қоғамда жастар, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен зорлық-зомбылық, өздеріне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті. Бұл мәселеде қоғам мен мемлекет бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Мектеппен бірге ата-аналар да балаларын қадағалап, дұрыс тәрбие беріп, адами құндылықтарға баулығаны жөн, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Мұнымен қатар Бердібек Сапарбаев семейліктер айтқан ұсынысқа жауап ретінде бар қазақ үшін қасиетті ұлы Абайдың келер жылы өтетін 175 жылдық мерейтойын ұлан-асыр тойға айналдырған ысырапшылдықтан гөрі, керісінше жас ұрпақ және Абайды танығысы келетін әлем үшін үлкен тәрбиелік мәні зор шара етіп өткізу керектігіне  тоқталды.

Жиында жақында ғана Семейдің Қарағайлы тұрғын ауданынан жаңа қонысқа қол жеткізген көпбалалы аналар шын көңілден алғысын жаудырса, семейлік жастар жағы техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттің қолдауына ризашылықтарын жеткізді.

Сонымен қатар жиында семейліктерден түскен әлеуметтік маныздағы сауалдарға да жауап берілді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button