Семейде зияткерлік мектеп пен спорт академиясы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында Семейдің «Қарағайлы»-1 ықшамауданында физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа ғимараты ашылып, пайдаланылуға берілді. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.
– Құрметті шығысқазақстандықтар, сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және көптен күткен осы мектептің ашылуымен құттықтаймын,-деді аймақ басшысы,- әрбір мектеп болашаққа жол сілтейді, бағыт пен тәлім-тәрбие береді. Біздің Қазақстанның болашағы жарқын екендігі даусыз. Бар болғаны 25 жыл ішінде еліміз үлкен биіктіктерді бағындыра білді. Осы жылдар ішінде бізбен қатар тәуелсіздік алып, қалыптасқан өзге көршілес елдермен салыстырып қарасақ, Қазақстан әлдеқайда алда тұр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қажырлы еңбегінің айқын көрінісі. Ішкі өнім өндіру көрсеткіштері бойынша тамаша нәтижелерге жетіп отырмыз.
Біздің Президентіміз әлемде бірінші болып, ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапты. Семей полигонындағы 124 соғыс ракетасының көзін жойды. Иә, ең бастысы Қазақстандық қоғам түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы арқасында өмір сүріп келеді. Біздің елдің ұстанып отырған ішкі және сыртқы саясаты дүниежүзіне үлгілі болып отыр. Жан-жақтағы шетелдерді қараңыздаршы, күні бүгінге дейін ұлттар арасында небір қақтығыстар болып жатыр. Біздің қазақ жері ғана ондай алаауыздықтан аулақ, бейбіт, мамыра-жай күн кешуде. Құрметті Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, сіздер біздің қоғамымыздағы барлық ұлт өкілдерінің ынтымақты, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын өзге жұртқа мақтан етіп айта аласыздар. Мен сендерге өздеріңе өздерің сеніңдер дегім келеді! Болашақ сендердің қолдарыңда! Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Бұдан кейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы, ғалым, педагог Күләш Шамшидинова мінберге шығып, ыстық ілтипатын білдірді.
– 25 жыл ішінде Қазақстанның білім саласында керемет өзгерістер орын алды. Тәуелсіз еліміздің жаңа оқу бағдарламасы әзірленді. Талантты, талапты балаларымызды «Болашақ» бағдарламасымен оқыттық. – деп атап көрсетті ол,- Назарбаев зияткерлік мектебі осындай жаңа жобаның бірі. Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебі жеті жылғы жұмыс барысында 466 түлек ұшырды, оның 34-і оқуды «Алтын белгіге», 22-ісі үздік аттестатқа бітірді. Назарбаев университетінде осында оқыған 156 түлек тәлім алып жатса, еліміздің жоғары оқу орындарында – 283, шетелдерде 26 студент білімін шыңдауда. Оқушылар Кембридж университетінің білім беру жүйесімен оқып, әлемдік озық оқу деңгейін меңгеруде.
Бұдан соң жаңа мектептің тұсаукесері жалғасып, лентасын Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және педагог-ардагер Рашида Хасанова қиды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жаңа ғимараттың іші-сыртын толығымен аралап көрді. Мектеп-интернат 120 орынға арналған, 720 оқушы оқып, тәлім алады деп жоспарлануда. Құрылыс 2014 жылы басталған еді. Оның жұмысының барысын облыс басшысы Семейде бірнеше мәрте болып, қатаң бақылауда ұстаған-тын.
Жобада көрсетілгендей, нысан құрылысы 2016 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып отыр. Жалпы аумағы 23160 шаршы метрді құрайтын ғимарат оқу корпусы, жатақхана сияқты бірнеше нысанды қамтиды.
Енді тек қала балалары ғана емес, бүкіл облыстағы талантты деген ауыл жеткіншектері де осы интернат-мектепте жатып оқитын болды. Мектеп директоры Бағдан Қайыржановтың айтып өткеніндей, мұндағы ұстаздардың 35-і – білім магистрі. Оның бесеуі магистратураны «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып шыққан. Ғимараттың ішінде оқу кабинеттері, ғылыми зертхана, акт, конференция залдары, асхана, буфет, медициналық бөлме және екі спортзалы бар. Қосымша үйірмелерге арналған кабинеттер де ескерілген. Мектептің алға қойған межесі үлкен. Оқушыларға үш тілді білім берумен қатар, болашақта әлемді басқаратын көшбасшылар дайындаудың іргетасын қалау жоспарға алынған. Мұнда түсу үшін оқушылар арнайы конкурстық іріктеуден өтеді екен. Олардың ойлау жүйесін дамыта түсу үшін «Робототехника», «Сыни ойлау», «Жаһандық жобалар және зерттеулер», «Олимпиадалық және зерттеу мектептері» сияқты инновациялық курстар қарастырылғандығы облыс әкіміне айтылды.
Бұдан кейін аймақ басшысы тағы бір жаңа нысан – Спорт академиясына ат басын бұрды. Оның құрамына қаладағы балалар мен жасөсіпірімдердің спорт мектебі, күрес залы және интернат кіріп отыр. Академияның ашылу салтанатына облыс әкімімен бірге Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да қатысты.
-Семейден де енді небір нағыз талантты спортшылар шығып, еліміздің байрағын әлемдік додаларда желбіретеді деп үміттенемін,-деді Ольга Рыпакова өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп,-сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Академия өткен жылы салынған 200 орындық жатақхана мен тап осы күні тұсауы кесіліп отырған күрес залының біріктірілуі нәтижесінде ашылды. Облыс әкімі алдағы уақытта Семейде «Абай арена» атты тағы бір нысан пайдаланылуға берілетінін хабардар етті. Сондай-ақ, осы спорт академиясына «Семей» атауын беруді де ұсынды. Аймақ басшысының айтуынша, мұнда Шығыс Қазақстан облысы бойынша, дзюдо, самбо, грек-рим күресінен және еркін күрестен ең мықтылар іріктеліп, дайындалатын болады. 11 секция бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді. Іріктеуден өткен ауыл балалары интернатта тегін тұратын болады. Жас спортшылар спорттық жабдықтармен, оқулықпен, тегін тамақпен қамтылады. Қазіргі уақытта облыстық және республикалық жарыстарға іріктеулер жүріп жатыр. Балаларды жаттықтырып, шыңдауға Моңғолиядан, Ресейден, Әзірбайжаннан мамандар арнайы шақыртылып отыр.
Академияның басшылығы айтып өткендей, облыстың барлық ауыл-аймақтарынан келетін 10-18 жастағы мектеп оқушылары қыркүйек айында іріктеуден өтетін болады. Айта кету керек, Тәуелсіздік жылдары облыста денешынықтыру және спортпен айналысқандардың саны 30,3 пайызға артқан.
Шаһарды абаттандыруға айрықша көңіл бөлінеді
Іссапар барысында Даниал АХМЕТОВҚА Семейдің Бас жоспары таныстырылып, шаһардың абаттандырылуы мен көгалдандырылуы туралы жаңа жобаның тұсаукесері өтті. Қала әкімі Ермак Сәлімов «Сәт Транс» ЖШС-інің және тағы да басқа кәсіпкерлік нысандардың өнімдерімен таныстырды. Қазақстандық өнім болып табылатын «Құрылыс ЖК»- кәсіпорнының резинадан жасалған бұйымдары назарға ұсынылды. Облыс әкімі Семейдегі көптеген нысандардың бой көтеруіне атсалысып жүрген кәсіпкер азамат Әсемқан Досқұжановқа ризашылығын білдірді. 2016 жылдың 1- қарашасындағы мәліметке сүйенсек, шағын бизнестің даму көрсеткіші 91,8 пайызға жақсарған. Бұл – тамаша жетістік.
Бас жоспардың аясында бүтіндей бір қаланың болашағы, дамуы мен кескін-келбеті жатқандығын зерделесек, жауапты іс жүгінің ауыр екендігін анық аңғаруға болады.
– Қаланың осы құжатқа сәйкес, келешекте көзтартар көркемдікке ие болып, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп, екінші тынысы ашыла түсері сөзсіз,-деді облыс әкімі Семейді көгалдандыруға, көркейтуге байланысты ұйымдастырылған көрмені тамашалай келе.
Ермак Сәлімов сол және оң жағалаулардың жобасымен таныстыра отырып, Семейдің келешектегі келбетінің қандай болатындығын кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, сол жағалаудағы «Жарқын» ауылы таяу жылдары үлкен ықшамауданға айналады. Цементшілер кентінде де едәуір игі өзгерістер орын алмақ. Тұрғындар саны да арта түспек. Ал жаңадан ашылған Назарбаев зияткерлік мектебі орналасқан «Қарағайлы» 1 ықшамауданы енді халық көп қоныстанатын, іргелі орынға айналады. Мұнда жаңа мәдени орындар, сауда ғимараттары, тұрғын үйлер қоныс тебетін болады.
Раушан Нұғманбекова