Қоғам

Семейде үй салуға кезекке тұрғандардың саны екі еседен асып кетті

Бүгінгі күні облыстың екі ірі қаласы – Өскемен мен Семейден жер алып, үй салам деген үмітпен 28 326 адам өтініш беріп, кезекте тұр. Соның ішінде Өскемен қаласы бойынша 3 452, Семей қаласы бойынша 23 885 тұрғын жер алуға өтініш берген.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова бүгінгі күні Өскемен қаласының бас жоспары аясында қордағы жер учаскелерінің болу мүмкіндігіне қарай 3 452 тұрғынның өтініші қабылданып алынып отырғанын, яғни, облыс орталығында өтініштердің шынайы мүмкіндікті есепке ала отырып қабылданып жатқанын, ал Семей қаласы бойынша жағдайдың керісінше қалыптасып отырғанын айтады. Семейде жеке тұрғын үй салуға 23 885 тұрғынның өтініші тіркеліп, қабылданып алынғанымен, олардың тең жартысының өтінішін таяу жылдары қанағаттандыра қою мүмкін емес екен. Себебі, Семей шаһарының 2009 жылы жасалынған бас жоспары бойынша алдағы жылдары 13 715 бос жер учаскесі ғана бөлінбек.

-Семей қаласы бойынша жеке тұрғын үй учаскесін алу кезегі 2007 жылдан бастап жүргізіліп, тіркеліп келеді. Биыл бұл кезекте тізімде тұрған тұрғындардың өтініштеріне инвентаризация жүргізіліп, өтініштері қайта тексеріліп, анықталып, тіркеледі. Олардың ішінде жер учаскесін алғандар немесе басқа жаққа көшіп кеткендер, өздерінің үй салсам деген ойын өзгерткендер бар болуы мүмкін. Кезек сол үшін инвентаризацияланады. Бұл шара кезектегілердің санын сәл де болса азайтады деген үміттеміз. Семей қаласы бойынша өтініштерді қабылдау кезінде тұрғындарды жобада жоқ жерге үміттендірмей, жалған сенімнің жетегіне жібермей, өтініштерді шынайы мүмкіндікті ескере отырып қабылдау керек болатын,-дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова.

Басқарма басшысының айтқанындай, Семейде жер учаскесін алуға тіркелушілердің саны былтырғы жылғы «Жер кодексіне» ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға байланысты өзгерістер енгізуге ұсыныстар жарияланған кезде күрт көбейіп кетіпті. Өткен жылдың жазындағы бір ай ішінде ғана шаһар тұрғындарынан жер учаскесін алуға 10 мыңдай өтініш түсіп, тіркелінген. Жер алып, үй салам деп кезекке тұрғандардың тең жартысының өтініші Семейдің бас жоспары игеріліп болып, жаңа бас жоспар жасалынбайынша қанағаттандырылмақ емес.

Жалпы, 2005 жылдан бері облыс бойынша қалалар мен аудандар әкімдіктерімен жеке тұрғын үй құрылысы үшін тұрғындарға барлығы 19026 жер учаскесі берілген. Биыл үй салуға аймақта 191 тұрғынға жер учаскесі бөлінген. Келер жылы Өскемен қаласы бойынша жекеменшік үй салуға жер учаскесін алуға өтініш берген 1000-нан астам тұрғынның өтініші қанағаттандырылмақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button