Руханият

Семейде тұңғыш рет Тұрсынғазы Рахимовтың ән фестивалі өтті

Семейде тұңғыш рет Тұрсынғазы Рахимовтың ән фестивалі  өтті

Семейдің Абай атындағы театрында Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына арналған «Қазағым-ай» І республикалық ән фестивалі өтті. Отыздан астам дүлдүл әнші қатысқан ән фестиваліне келген көрерменнің көптігі сондай, залда инешаншар орын болған жоқ. Өнер додасына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Кеш шымылдығы сазгердің «Қазағым-ай» әнімен түріліп, құттықтаулар легіне кезек берілді. Ең бірінші болып сөз кезегін жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай алды.
-Ардақты ағайын, құрметті Семей жұртшылығы! Адамның өміріндегі бақытты күндер санаулы болады. Сол бақытыңды сезінбей қалатын кездерің де болады. Бірақ сіздердің мына қошеметтеріңіз, мына қалың ормандай болып келген сыйларыңызды көрген Тұрсынғазы шын бақытты. Мен айтар ем, Тұрсынғазының қияқ таланты – аспандағы сұңқармен бірге самғаған ұлы дауыстардың бірі. Бұл ұлы дауыс исі қазақты тербеді, тебірентті, сүйсінтті, ойға қалдырды, рахатқа бөледі. Сонау жас кезінде басталған, өзі де сәби сияқты Тұрсынғазының «Сәби болғым келеді» әні бүкіл қазақтың төбе құйқасын шымырлататын «Қазағым-ай» деген сөзге жеткізді. Поэзия әлемінде Мұқағали Мақатаев өзінің артына қандай өлмес мұра қалдырса, сол Мұқағалидың рухын көтеріп, аруақтандыра отырып, сонымен бірге өзі де рухтандырып, Тұрсынғазы Рахимов та қазақ ән өнеріне тура сол Мұқағалидай із қалдырып келеді, – деді.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
Алаштан ән оздырған небір бұлбұл да, дүлдүл де осы бір қасиетті Абай елінен түлеп ұшқан болатын. Тұрсынғазы ағамыз бірнеше өлеңіне ән жазған Мұқағали да, кешегі Жәнібек те, Болат та, тіпті Әміре де мұндай құрмет көрмей кетті. Сол тұрғыдан алғанда ,Тұрсынғазы ағамыз – бақытты әнші, бақытты композитор. Себебі, сонау 1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері атағын алды. Ал 2011 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. «Өнерпаз өз ортасына бірінші кезекте мінезімен сыяды» деген Абайдың ғибратты сөзі осындайда ойға оралады. Тұрсынғазы ағамыздың өз халқына деген сәби махаббаты, мінезі мен ерекше өнері өз халқының, тыңдарманының жүрегін жаулауына септігін тигізді. Расында, өнерпаз үшін бірінші кезекте халқының құрмет-пейілінен, ыстық ықыласынан артық баға жоқ, – дей келіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпатын тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына арналған ән фестивалін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуге шешім қабылданғанын да атап өтті.
Ал Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өз сөзінде Тұрсынғазы Рахимовқа Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілетіндігін жеткізді.
Сазгердің кешіне арнайы келген әнші Жоламан Құжыманов Тұрсынғазы Рахимовқа арнап шығарған ақын Әбубәкір Қайранның сөзіне жазылған «Асқақ әнмен тербеші» атты әнін тарту етсе, осы кеште сазгер Медет Салықовтың Серікзат Дүйсенғазының сөзіне жазылған «Сәби-жүрек» әнінің де тұсауы кесілді.
Ақындар Серік Ақсұңқарұлы мен Тыныштықбек Әбдікәкімовтер де дара дарын иесіне өз жырларын арнап жатты.
Кеш соңында әнші, сазгер Тұрсынғазы Раxимов театрға жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, өзі үшін ең бастысы атақ емес, халықтың сүйіспеншілігі екендігін жеткізді. Жиналған қауым Семей аспанында төрт сағат бойы тапжылмай ән тыңдап, үлкен әсерге бөленді.

Күлия Мақанқызы
Семей.

Осы айдарда

Back to top button