Қоғам

Семейде «Студент көктемі» фестивалі өтті

Семейде «Студент көктемі» фестивалі өтті

Семейде өткен облыстық «Студент көктемі-2014» фестивалі мыңдаған жастардың басын қосты.
Орталық алаңдағы мерекеде Шәкерім атындағы университет, Семей медицина университеті, Қазақ инновациялық университеті, Қазақ гуманитарлық инновациялық заң университеті, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Қазақстан-Америка еркін университеті, Москва экономика және статистика университеттерінің дайындаған ән-жырларынан гала-концерт өтті. Студенттер биылғы мектеп түлектеріне қай оқу орнын қалай таңдау керектігі жөнінде ақпараттар берді.
– Студент көктемі деп аталатын фестивалдің өтуі өте құптарлық, – деді ШҚМУ-дің бірінші курс студенті Мария Бородавкина, – біз мамандық таңдауға байланысты ақпарат беріп қана қоймай, салауатты өмір салтын да насихат етеміз.
– Семейлік жастар мемлекет тарапынан зор қолдау мен көмек көрсетіліп отырғанын айқын сезініп отыр. Қаламыздың 58 жасы халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алса, өткен жылы 63 студент «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен шалғай елді мекендерге аттанды. Биылдың өзінде «Жастар іс тәжірибесі» бойынша 800-ге жуық жас жұмысқа орналасты, – деді Семейдегі Жастар орталығы директорының міндетін атқарушы Қайсар Еркінбеков.

Семейде «Студент көктемі» фестивалі өтті

Шынында да фестиваль барысында белгілі болғандай, ғылым мен білімге ден қойған жастардың қатары көп. Мәселен, қазақстандық жоғары білімнің үлгісі саналатын «Назарбаев» университетіне екі жылдың ішінде 116 семейлік жас қабылданыпты. Семей – студенттер қаласы деп те аталады. Сондықтан фестивалдің осында ұйымдастырылуы заңдылық дейді қатысушылар. Бұған дейін семейлік жастар Жолдауға қолдау білдіру мақсатында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысына қосылуға ниет етіп, осыны ұйымдастырушылар мен республика жастарына арнайы үндеу жолдаған болатын. Студент көктемі фестивалінде осы үндеуді қолдаушылардың да қатары арта түсті. Таң ата басталған «Студент көктемі-2014» фестивалі кешке дейін жалғасып, онда «Жастар таңдауы» марапаттары жиынға белсене атсалысқан барлық ұжымдарға табыс етілді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button