Қоғам

Семейде үшінші жылу орталығы салынады

Семейде үшінші жылу орталығы салынады

Семей қаласында қуаттылығы 450 МВт болатын үшінші жылу-электр орталығын салу жоспарлануда. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталмыш нысан құрылысының мәселелерін шетелдік инвестор компаниялардың өкілдерімен талқыға салды.
Аймақ басшысы Семейдегі жаңа жылу-электр орталығының құрылысын жан-жақты талқылау мақсатында шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді.
Халықаралық «Юнит Груп» компаниясының өкілі Нихат Гүлтекин атап өткендей, олар үшін Шығыс Қазақстанмен ынтымақтастық орнату – аса маңызды қадам. Аталған ұйым Түркияның, Иранның, Шығыс Еуропаның, Таяу Шығыс елдерінің энергетика секторында отыз бес жылдай табысты жұмыс істеп келеді. Инвесторлар Семейдегі жылу-электр орталығының құрылысына өз қаржыларын құюға мүдделі екендіктерін жасырмады.
– Біз өз жұмысымызға аса талапшылмыз. Сондықтан біз ең жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес келетін осы нысанның құрылысын сапалы жүргізуге толық қауқарлымыз, – деді Нихат Гүлтекин.
№3 жылу-электр орталығының құрылысына атсалысатын тағы бір компания – Қытайдың «Хуадиан» мемлекеттік корпорациясы. Бұл компания өз еліндегі энергияның шамамен он пайызын өндіреді. Қытайдың энергетика саласындағы ең ірі бес кәсіпорнының бірі де – осы «Хуадиан». Оларға қарасты барлық нысандардың жалпы қуаты 77 мың МВт-тан асады.
Кездесуге қатысушылардың мәлімдеуінше, «Юнит Груп» және «Хуадиан» компаниялары бірлесе отырып Семейде энергетикалық қуаттылығы 450 МВт және жылу қуаттылығы 650 Гкал болатын №3 жылу-электр орталығын салмақшы. Жобаның болжамды құны 1,3 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Құрылыс мерзімі үш жылға созылмақ.
Инвестор компаниялардың өкілдері кездесуден соң Семей шаһарына барып, болашақ жылу-электр орталығының құрылыс алаңымен танысып қайтты. Сондай-ақ, басқосуға қатысушылар келешек бірлескен ынтымақтастықтың өзге де қырларын қарастырды. Олардың дені Шығыс Қазақстанның екі ірі қаласындағы, яғни Өскемен мен Семейдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты болды.
– Бұл мәселелер балабақшалардың, сонымен қатар, Семейдегі 200 орындық және Өскемендегі 300 орындық ауруханалардың құрылысына байланысты, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Инвестор компаниялар өкілдерінің айтуынша, олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы жобалар мен іс-шараларға да атсалысуға әзір.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button