Семейде кинг конг жүр
Бүгінде жұрттың бәрі аниматроникстерді қарауға құштар. Аниматроникс-роботтар адам сияқты қозғалады, күледі, жылайды. Оларды Семейдегі «Қазақстан-Салют» кәсіпорны жасап, көпшіліктің назарына ұсынды. Өздерінің ғимаратынан аниматроникстердің ғылыми-танымдық \”GHOSTINIUM\” театрын ашып қойды.
Бірінші күннен бастап, жабайы тірлік иелерін тамашалап келушілердің қатары өте көп болды. Театр іші көне заманға сай әрленген. Әне бір тұста динозаврдың басы қылтияды. Айналаның бәрі – өткен ғасыр, көне дәуір.
Мұндағы жәндіктердің, құмырсқалардың бәрі көлемі жағынан өте үлкен, бірақ өте икемді. Динозавр басын әрі-бері бұрып, тамақтанып, шөпке сұлай түсіп, жата кетеді. Сосын бақырып-шақырады. «Гарик» деген маймыл «Қазақстан-Салют» кәсіпорнында жасалған ең үлкен жануардың бірі. Кәсіпорынның бастығы Вадим Гостев бірнеше рет АҚШ-та болған екен.
Ондағы Диснейлендте болып, аниматроникстердің бірнеше түрлерін көрген. Бұдан да керемет етіп жасауға болады деп ой түйген Вадим Гостев Семейге оралысымен осы жобаларын жүзеге асыруға кіріскен. Бүгінде олар жасаған мың шақты аниматроникстер бар. Айдаһарлардың тістері шыныдан қатталған. Жануар-жәндіктер Ресей, Қытай, Германиядан алынады екен. Олар ең алдымен ермексаз, яғни, пластилиннен жасалады. Оған мыңдаған тонна ермексаз кетеді. Әрбір бейненің сомдалып шығуына Игорь Гайденко бастаған дизайнерлер тобы тер төгеді.
Ермексаздан жасалған мүсіндерге шыны пластик, пенопласт, силикон қажетінше жапсырылады.
-Аниматроникстерді жасауда біз Ресейдің «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істеп келеміз,-дейді Вадим Гостев,-жануарлардың қимыл-қозғалысына қажетті металл тіректер сонда құйылады.
Раушан Нұғманбекова
Семей