Қоғам

Семейде көбелектер ұшып жүр

Семейде көбелектер ұшып жүр

Қыстың ызғарлы күндеріне қарамастан қаладағы Достық үйінде тропикалық көбелектердің көрмесі өтіп жатыр дегенді естісімен семейліктер осында жиналды.

Бұл жерде көбелектің 16 түрі бар. Барлығы Оңтүстік Азия, Амазония, Жерорта теңізі, АҚШ және Мексикадан әкелінген. Көрмеге келушілер көбелектерді тамашалап қана қоймай, олардың көбелек ретінде өсіп-өніп, қанат қағуын да бақылай алады. Экскурсовод Ғалия Әбішованың айтуынша, Филиппин, Индонезия аралдарынан, тропикалық елді мекендерден келетін хат-хабарлармен бірге көбелектердің қуыршақтары да жеткізіледі. Көбелектердің кейбірі төрт күн, кейбірі екі апта ғана өмір сүреді. Ал Калига деп аталатын көбелек екі ай толық өмір сүреді. Көбелектер түрлі жеміс шырындарын жегенді жақсы көреді екен. Балаларды қызықтырғаны – көбелектердің әр түрлілігі. Біздің өңірде кездеспейтін жәндіктердің түр-түрі осы көрмеде.

Жаз айларында бақтардан көретін көбелектерді қыстың күні көрмеден көрген балалардың қуанышында шек жоқ. Бүлдіршіндердің айтуынша, көбелектер әлемдегі ең әдемі жәндіктер. Олар қызыл-жасыл қанаттары көз қызықтыратын көбелектерді қолдарымен ұстап көргісі келетіндерін де жасырмады.

Ал көрмені ұйымдастырушылар оларға тәттіленген сусындар дайындап беруде. Тіпті, кейбір көбелектер мүлде тамақтанбайды. Ұйымдастырушылар болса балаларға жәндіктердің қалай күтілетіндігін әңгімелеп берді. Осылайша семейлік балалар қыстың суық күндерінде жаз әлеміне саяхаттап, табиғат қызықтарын тамашалап қайтуға мүмкіндік алды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button