ТОП

Семейде жаңа көпір салынады

2024 жылы Семейде жаңа көпір салынады. Ал «Ескі көпір» деп аталатын құрылыс жаяу жүргіншілер көпірі болып қайта жабдықталады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесу барысында қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов хабарлады.

Қала әкімінің айтуынша, бастапқыда көпірдің тірек бағаналарын қалтырып, тек үстіңгі құрылысын ауыстыру жоспарланған, алайда көпір бағаналарының су астындағы бөлігін зерттеу барысында өткелдің өткізу қабілеті мен қызмет ету мерзіміне әсер ететін ақаулар анықталды. Осыдан кейін ескі көпір жанынан төрт жолақты жаңа көпір салу жөнінде шешім қабылданды. Ал «Ескі көпір» жаяу жүргіншілер үшін қайта жабдықталмақ. Дәл осы жерде велосипед жолы да орналасады деп күтілуде. Қазір бұл жоба сараптамада. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары биыл басталуы әбден мүмкін. Жаңа құрылысты салу мерзімі – екі жыл, нысандағы жұмыстар шамамен 2024 жылы аяқталмақ.

Аспалы көпірге келетін болсақ, онда жөндеу-жамау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жапондық компания көпірге зерттеу жүргізуде. Нәтижесі бойынша тиісті шешімдер қабылдануы тиіс. Көпірдің асфальтбетонды жабыны да жөнделеді.

Сондай-ақ Семейде көгалдандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бүгінде қалада 500 түп қарағай отырғызылған. Жуықта тағы 200 түп шырша жеткізіледі деп күтілуде.

– Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз. Семей қаласын көркейту – басты міндетіміз. Бізде табиғатты қорғау ұйымымен мыңдаған көшет бөлу жөнінде қажетті келісім бар. Күзден бастап біз бес мыңға дейін көшет алып, оларды қала көшелерінде отырғызуды бастаймыз. Біз көшеттерді жылына екі рет, көктемде және күзде алатын боламыз. Келесі жылға қарай қаланы көгалдандыру жайы біршама жақсарады деп ойлаймын, – деп түйіндеді әкім.

Жазда қалада жабдықталған жағажай ашу да жоспарлануда. Бүгінде демалыс орнының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойған. Болашақ жағажай орналасатын жер де белгілі, Сол жағалаудағы Мелкомбинат ауданы. Жағажайдан бөлек, биыл семейліктер 2019 жылы қайта жаңғырту үшін жабылған орталық саябақта да демала алады. Бұл парк Балаларды қорғау күні, яғни 1 маусымда ашылмақ.

Әкімнің ақпараты бойынша, қаладағы мәдени ескерткіштерді сақтау мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Бүгінде шаһарда ресми түрде мәдени ескерткіш деп танылған 67 нысан бар. Бұл қорғауды қажет ететін басқа ғимараттарды қоспағанда.

– Бізде қаладағы мәдени ескерткіштердің тізімі бар. Дегенмен, бұл тізімге енбей қалған нысандар да жетерлік. Бұл бағытта қажетті жұмыс жүргіземіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің қаламызды Қазақстанның мәдени астанасы деп атады, сәйкесінше, біз мәдени және тарихи ескерткіштерді сақтап қалу мәселесіне ерекше мән беруіміз керек, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар қала басшысы жылумен жабдықтау, жарықтандыру, қоқыс шығару, маршруттық автобустар мен нашар жолдар мәселелері де назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Әкім қаладағы орташа еңбекақы жайында да сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл мәселе жаңа жұмыс орындары ашылғанда біртіндеп шешілмек. Н.Сақтағанов бүгінде Семейдің өнеркәсіп саласында 700-ге жуық вакансия ашылғанын атап өтті.

 

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button