Қоғам

Семейде ерекше үлгідегі жаңа мектеп ашылды

Семейде ерекше үлгідегі жаңа мектеп ашылды


Кеше – Тұңғыш Президент күні Семейде 1200 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты болды. Ұшақтар кентінде орналасқан білім ордасының лентасын қию рәсіміне аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы келіп қатысты.

Сонымен қатар, облыс əкімінің орынбасары Əсем Нүсіпова, облыстық жəне қалалық мəслихаттардың депутаттары, еңбек ардагерлері, ата-аналар және БАҚ өкілдері де тарихта қалар бұл күннің куәгерлері болды.

– Тұрғындар көптен күткен білім ордасының ашылуы, Тұңғыш Президент күні мерекесімен тұспа-тұс келуі баршамызға ортақ қуанышты сәт. Мектептеріңіздің іші жақсылыққа толы болсын. Барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – Қазақстан халқының Ұлт Көшбасшысына деген жоғары сенімінің, шынайы құрметінің жарқын көрінісі. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған, қоғамға айрықша еңбек сіңірген адам, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап кеткен арманын ақиқатқа айналдырған тарихи тұлға, – деп атап өткен облыс әкімі Даниал Ахметов маңызды күнде есігін айқара ашып отырған мектептің ұжымы мен оқушыларын қатар келген қос қуаныштарымен құттықтап, білімнің кенін игеріп, ғылым мен техниканы меңгеруді тапсырды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, жаңа нысан басқа мектептерден өзгешелеу, ерекше сәулет үлгісінде салынған. Онда алты лингафондық, екі компьютерлік, екі мультимедиялық кабинет бар. Сонымен қоса, 16 кабинет жаңа үлгідегі əмбебап интерактивті құралдармен жабдықталған. Мұндағы орнатылған ресейлік станоктар, тігін машиналары мен асханаға арналған электр пеші – бәрі де балалар үшін арнайы жасалған.

Аймақ басшысы білім ошағындағы спорт залдың кеңдігін ерекше атап өтті. Онда бір мезетте екі сыныптың оқушылары денешынықтыру сабағын өткізуге мүмкіндік бар. Спорт залы футбол, волейбол, баскетбол доптарынан бастап, барлық қажетті құралдармен жəне гимнастикалық жабдықтармен, снарядтардың барлық түрлерімен қамтамасыз етілген. Әр сыныпқа арналған шешінетін бөлмеде жуынатын кабиналар бар. Сондай-ақ, медиатека мен 40 адамға арналған оқу залы бар үлкен кітапхана, компьютермен толық жабдықталған арнайы кабинеттер, тіпті, қарапайым жиһаздардың өзі бүгінгі заман талабына сай келеді. Оқушылар үшін 400 орындық асхана мен 500 орынға арналған акт залы да бар. Мектеп ғимараты күрделі пішінді, алты блоктан тұрады екен. Кіреберісте «Электронды мектеп» бағдарламасына арналған операциялық жүйедегі терминалдар тұр. Радиоторап жұмыс істейді.
Оқушылардың сырт киімдерін ілетін жеке шкафтар бар. Жаратылыстану-математика бағытындағы аталмыш мектепте оқу-тəрбие жұмыстарын 60 педагог жүргізеді. Олардың 35 пайызы жоғары жəне бірінші санатқа ие мұғалімдер.

Білім ордасының сыртқы келбеті де тамаша. Жанында үлкен футбол, баскетбол, жалпы денешынықтыру дайындығы үшін алаңдар орналасқан. Мұнда қаладағы Юность, Комсомол аудандарында, 66-кварталда тұратын балалар оқиды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына орай жергілікті тұрғындар мен келген қонақтарға арнап оқушылар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Құрылысты сапалы жүргізіп, дер кезінде аяқтаған мердігер мекеме «Фирма Азия» ЖШС екенін атап өткен дұрыс.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button