Семейде «Енисей» комбайны шығарылады
Семей машина құрастыру зауытында ресейлік әріптестермен бірігіп ауыл шаруашылық техникасын, оның ішінде «Енисей» комбайндарын құрастыру жоспарда бар. Бұл туралы аталмыш кәсіпорынның бас директоры Нұрлан Омаров мәлім етті.
Жақында Семейде ресейлік «Трактор зауыты» концернінің («Краснояр комбайндар зауыты ӨБ» мен «Четра-Восток» ААҚ-ның) өкілдері болып қайтты. Олар кәсіпорынның өндіріс алаңдарымен танысты.
«Трактор зауыты» концерні негізінен бес бағытта қызмет көрсетеді: өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, теміржол, арнайы белгіленген машиналарды құрастыру және қосалқы бөлшектер мен жабдықтар шығару.
– Концерн адамдары серіктестік байланыс орнату туралы біздің Үкіметке өтініштерін білдірген. Билік тарапынан оларға «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасалды, – дейді Нұрлан Омаров.
Сондай-ақ, Семей машина құрастыру зауытына қытайлық делегаттар да келіп, келіссөз жүргізіпті. Онда жүк көліктері мен жел диірмендерін өндіретін бірлескен кәсіпорын құру жөнінде мәселе қаралған.