Семейде екі бала иіс тиіп қайтыс болды

Семей қаласында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, қала әкімі Ермак Сәлімов, Семей қалалық ТЖБ бастығы Қ.Әбділов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, 1 сәуірде Суық бастау ауылы, Цветочная, 3 көшесіндегі №1 пәтерде түтіннің астында қалып, қайтыс болған екі баланың жағдайы туралы ақпарат берді.
Сәуірдің 1-і күні 14.19 уақытта азамат Дайырбаевтан хабар келіп түскен. Дайырбаев көршілері екен. Семей қалалық өртке қарсы күрес және ТЖБ құтқару отрядтары оқиға болған жерге дереу жеткен. Барлық қажетті жұмыстарды жүргізген. Шала жанған өртті сөндіру барысында, ванна бөлмесінен 09.05.2012 туған Эдуард Темерканов пен унитаз маңынан 04.02.2015 жылы туған Александр Темеркановтың мәйіті табылған. Балалар жедел жәрдем келгенше иіс тиіп қайыс болған.
-Бұл Цветочная, 3 көшесіндегі екі қабатты үй,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-пәтер 1-інші қабатта орналасқан. Диванның жартылай күйіп, түтіндеп, екі бала иіс тиіп қайтыс болды. Бірақ ашық өртену болған жоқ. Балалар түтінді, газбен уланып қайтыс болған. Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Әдейі өртеу ме, оқыс оқиға ма, оның барлығы тексеріледі. Бұл отбасы бізге белгілі. Бұл үйдің жанында №48 мектеп бар. Төрт рет жағдайларын тексеріп арнайы қызметкерлер барған: қыркүйек, қараша, қаңтар, маусым айларында. Қыркүйек айында бұл балалардың анасына балаларды мектепке дайындау керек деген кезде, анасы бас тартқан. Айтуынша, ол балаларды үйде өзі де дайындай алады. Ал үлкен ұлы көп уақыт бойы әкесімен Астанада болған. Әкелері Виктор Темерканов – отбасын асырай алатын, жақсы жұмыс істеп жүрген еңбекқор жан. Десе де, комиссия кіші баланы «Ана мен бала үйіне» жіберу керек деген шешім шығарып, ол бір ай бойы сонда болған.
Ермак Сәлімовтің айтуынша, комиссияның мұндай шешімге келген себебі, үйінде тазалық болмаған. Сондықан да баланы сол жерге жіберуге шешім шығарған. Бірақ анасы полицияға өтініш-арыз жазып, баланы үйіне қайтарып алады. Жағдайлары ол кезде біршама жақсарған.
Семей ақпараттық орталығының мәліметі бойынша, балалардың анасы – Темерканова (Лаврухина) Анастасия Анатольевна, 23.04.1990 жылы туған, қазір жұмыс істемейді, жүктілік бойынша есепте тұр. Өзінің айтуынша, өрт болған күні ол балаларды үйде қалдырып, дәрігердің қабылдауына барған. Әкесі-Темерканов Виктор Шакенович, 04.05.1973 жылы дүниеге келген, Нұр-Сұлтан қаласында құрылысшы болып жұмыс істейді. Өрт уақытында Семей қаласында болмаған. Полиция органдарының ақпараты бойынша, соңғы жарты жыл ішінде осы мекенжайда 17.11.2018 және 23.02.2019 күндері екі мәрте тексеріс болған. Өкінішке қарай, соңғы тексеру кезінде үй иелері полиция мен өрт сөндірушілерге есік ашпаған.
-Енді балалардың денсаулық мәселесіне келсек, «Жоламан» отбасылық дәрігерлік амбулаториясы үнемі медициналық кеңестер беріп отырған,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова,-дәрігерлер екі баланың дені сау екендігін айтып отыр. «Саламатты ана мен бала» бағдарламасы бойынша отбасына үнемі тегін медициналық көмектер берілген. Анасының аяғы ауыр, екіқабат әйел ретінде медициналық тіркелімде тұр. Желтоқсан айында баланы «Ана мен бала үйіне» алған кезде, анасы қайтадан сұрап алған. Отбасы көпбалалы емес, жағдайлары бар. Жергілікті ОДА балаларды, ананы толық тексеріп отырған. Ананы біз жедел жәрдем ауруханасына ауыстырамыз. Біреуді кінәлап, алдын ала елді үрейлендірмейік. Тек балаларға уақтылы қарамағандықтан жағдай осылай болған. Десе де, біз бұл мәселені түбегейлі қараймыз. Мұндай қайғылы оқиғалар орын алмауы керек. Мәселені, білім, денсаулық сақтау бөлімдерімен әлі де болса түбегейлі шешеміз. Отбасының қайғысына ортақпыз.
-Оқиға орын алған кезде мен дереу бардым,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-үйдің жағдайын көрдім. Көршілермен сөйлестім. Анасы балаларын тастап, шығып кеткен. Балалар ойнап отырып, осындай қайғылы жағдайға тап болыпты. Біз облыс әкімінің тапсырмасымен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды толық тексеріп шықтық. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Жұмыс тобы жүріп жатыр. Суық бастау ауылының тұрғындарының жағдайын қараймыз. Бұл отбасы жағдайы төмен ретінде әлеуметтік көмек сұрап ешқайда тіркелмеген. Жұмыссыз ретінде де тіркелмеген. Әкесімен де, шешесімен де сөйлестім. Әкесі Нұр-Сұлтан қаласынан келді. Шешесін дағдарыстан шығару орталығына апардық. Онымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Олардың балаларын жерлеуге біз әкімдік тарапынан ақша бөлеміз.
Семей қаласы бойынша барлығы 2350 көпбалалы отбасы бар, оның ішінде 292 отбасы аз қамтылған. Жалпы, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекпен 5040 адам қамтылған. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпованың ақпараты бойынша, тек Семей қаласынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 635 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа (жалпы облыс бойынша 46008 адамға 5,7 млрд. теңге) өтінім берілді. Қазіргі уақытта қайғыға ұшыраған отбасымен психологтар жұмыс істеуде. Қала әкімдігі балаларды жерлеу бойынша барлық қажетті шараларды ұйымдастырады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.