СЕМЕЙДЕ БІР ЗЕРГЕР БАР ҚОЛЫ АЛТЫН
Оның күнделікті жұмыс орны – еніне екі адам қатар сыймайтын, ұзындау келген аядай ғана бөлме. Үстел үстіндегі темір-терсектің кесетінін кесіп, тесетінін тесетін, өлшеп-пішіп, егеп, жылтырата ысқылайтын кішкентай ғана электрлі станокта таң атқаннан, күн батқанға дейін тыным жоқ. Қабырғаға ілінген ескілеу радиоқабылдағыштың әуе толқынында «Шалқар» радиосы.
ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТТЕ ҚАЛТ БАСҚАН ҚАДАМ…
Былайғы жұрттың жұмыс күні басталғанда ол да осы бөлмесіне келіп шаруасына кіріседі. Түскі асын іше сап, бір минөтке де кешікпей жұмыс орнына қайта жайғасып алады да, кеш батқанға дейін үзілген ісін жалғастырады. Бұл тәртіптің осылайша қалыптасқанына 15 жылдай болған.
Екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі азаматтың жұмыс үстелінде отырған осы қалпын алғаш көрген адам оның мүгедектерге арналған қоларба мен балдақсыз жүріп-тұра алмайтындығына илана қоюы екіталай. Бірақ, илан, иланба – оның пешенесіне осындай бір кермек тағдыр жазылыпты. Алғаш ауруханаға түскенде Абылайханның көңіл түкпірінде: «Бәрі де өткінші дүние. Ертең-ақ шауып кетермін!» – деген үміт сәулесі болған. Өкінішке қарай, олай болмады. Содан бері де шапқан аттай, атқан оқтай зымырап 19 жылың өте шығыпты. Содан бері қаншама түндерді ұйқысыз, қаншама күндерді күлкісіз өткізсе де, ол осы бір тағдырына көндігіп, маңдайына жазылған осы бір жазмышпен келіскен. Содан да болар, ол өз-өзіне қатаң талап қойып, кәдімгі қол-аяғы сау, қатардағы адамдарша күн тәртібін белгілеп алған. Бес уақыт намазын да осылай отырған қалпы оқи береді. Тек, көңіл шіркін, кей күндері қиялдың жетегіне еріп, сона-ау бір ешкімнен кем болмаған, сап-сау, зіңгіттей шағына саяхаттап кететіні болмаса…
Кейде ол түс көреді. Түсінде бірде қатар құрбыларымен алысып-жұлысып асыр сап ойнап жүрсе, енді бірде аузымен құс тістеген жүйрік атқа мініп ап, сонау бір балалығы өткен Жаңатұрмыстың жазығында жүйткіп бара жатады. Сонда есік алдында тұрған анасы марқұм ақ жаулығы ағараңдап, «Құлыным-ау сол, аттан құлап, мертігіп қалмасаң екен!» – деп тілек тілеп, өзімен-өзі күбірлеп тұратын. Ояна келгенде… бәрі басқаша… Жоқ, басқаша емес… Бәрі де бәз-баяғы қалпында… Сол төсекке таңылған тағдыры… Сол төсекке сүйеп қойған қос балдақ… Қол созым жердегі сол қоларбасы…
«ОСЫНЫҢ БӘРІН КЕЙ КҮНІ, ТҮСІМ ЕКЕН ДЕП ҚАЛАМЫН…»
Әсілі, адам көңілі қылдан да нәзік-ау. Содан да болар, сәл нәрсеге марқайып, сәл нәрседен қартайып, жүдеп-жадап қалатыны. Жоқ. Абылайханға бүйтіп сарыуайымға салынып, қай-қайдағыны ойлай беруге болмайды. – Түс деген не, тәйірі. Ата-бабамыз «түс түлкінің боғы» демеп пе еді. Қайта осы күніме жеткізген Жаратқанға алғысымды білдірейін. Алғашқы жылдардағыдай жатсам қайтер ем, дәретімді астымнан алып. Құдайға шүкір, Абайгүлімнің арқасында отым жағулы, балам бағулы, – деп өз-өзіне жігер беріп, өзін-өзі қамшылаған Абылай сол күні жұмысына ерекше ықыласпен, аса бір құштарлықпен кірісіп кетеді.
Біз барғанда темірден түйін түйген зергер жігіт дәл осындай көтеріңкі көңіл күйде екен. Құрдас әрі жерлес екенімізді білгесін, тіптен жайдарланып, бірден әңгіме тиегін ағытты.
– Мен беске шыққанымда әкем дүниеден қайтыпты. Жарықтық, басшылық қызметте жүрсе де, сондай қарапайым, не нәрсеге де адал әрі қара қылды қақ жарған әділ адам болыпты. Көзкөргендер әлі күнге дейін жолыққан жерде: – Е,е, айналайын, Қалқаның баласысың ба? Жарықтық әкең көпке шапағаты тиген өте жақсы адам еді, иманды болғыр! – деп жатады. Осының өзі қиялыңа қанат бітіріп, мерейіңді өсіреді.
Ал жетім қалған төрт баланы өсіріп-жеткізу жалғызбасты әйел адамға оңай ма? Балаларының болашағын ойлаған апам (ол кісіні солай атаушы едім) көп ұзамай басқа адаммен тұрмыс құрып, біз екінші әкеміздің ауылына қоныс аударуға мәжбүр болдық.
– Әбеке, «Дидар» газеті өзіңнің өнерің мен шеберлігің туралы ілгеріде бір жазған. Сондықтан өзіңмен сырттай болса да таныс газет оқырмандарына өзің жайында әңгімелеп беруге қалайсың?
«Отыз дейтін орда бұзар жаста арбаға таңылып, қарға адым жердің өзі жүріп-тұруына мұң боп қалған қатал тағдырының қай тұсынан бастасам екен?» дегендей, әлгінде ғана салдырлап отырған кейіпкерім бір сәтке үнсіз қалды. Әрі кетсе 20-30 секундқа созылған арадағы үнсіздік – осыншама ұзақ болады деп кім ойлаған. Бір нүктеге жанарын қадаған ол үндемеген сайын, мен өз-өзімді қолайсыз сезіне бастадым.
Сондай созылмалы секундтардың тағы бірнешеуін араға салып барып: «Менің тәлкекке түскен тағдырымды қандай мақсатпен, нендей ниетпен сұрап отыр екенсің?» – дегендей, жүзіме барлай бір қарап алды да, әңгімесін бастап кетті.
– Е,е, құрдас, бұрынғылардан қалған «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз бар екен. Бала күнімде кім білсін, өзім ес білгелі, 34 жасқа келгенімше «қыңқ» деп тұмауратып көрмеппін. Әскерге шақырғанда, оқуға түсерде медкомиссиядан өткенім болмаса, дәрігердің алдына барып көрмеген адам едім. Бәрі де бір-ақ сәтте, қас пен көздің арасында, қалт басқан қадамнан болды. Міне, арада 19 жыл өтсе де, кей күндері осының бәрі маған түс секілді боп көрінеді. Қол-аяғы сау жандарға қарап қызығасың. Өзіңнің сау күндеріңді аңсап, сағынасың. Өзегіңді бір ащы өкініш өртейді. Бірақ, амал қайсы? Жазмыш деген осы болса керек. Адам кеудесінен жаны шықпайынша маңдайына қандай тағдыр жазылса, соған амалсыз көнеді де, көндігеді де екен.
– Мұндай мұң тұңғиығына батыратын сарыуайымға салынудың қажеті қанша?
– Жо-жоқ. Сөздің реті келгесін айтып жатқаным ғой. Осы тақылеттес боркемік ойларға алғаш мертіккен жылдары жиі берілетінмін. Қазір, Аллаға шүкіршілік етем. Мына жалпақ әлемде мыңдаған тіпті, миллиардтаған сан тағдырлы адамдар бар емес пе? Солардың бірі көзінен, бірі құлағынан айырылып, енді біреулері мүлдем қол-аяқсыз, туыс-туғансыз, дос-жарансыз, адам төзгісіз жағдайда да күн кешіп жатқан жоқ па? Ондайлармен салыстырғанда, балдақсыз жүріп-тұра алмайды демесең, жағдайым соншалықты кісі аярлықтай емес қой. Солай емес пе, құрдас!?
– Бәсе, осылайша бір серпіліп қойсаңшы, жылай бермей. Отыз төрт жасқа дейін «қыңқ» деп ауырмадым дедің, ал одан кейін не болды, қалай болды? – дедім құрдасымды сәл де болса қамшылаған боп.
– Негізі 1996-97 жылдар жалпы елге ауырлау болды ғой. Сол тұста алғашқы жұбайыммен ажырасып, анам қайтыс боп, оның үстіне тұрақты жұмыс болмай күйісім кетіңкіреп жүрді. Сөйтсе де, қол қусырып жататын емес. Семейге келдім. Осында қарындасым тұратын. Ол кезде не көп, құрылыс көп. Сондай құрылыстардың біріне орналасып, үй төбелерін ашып-жабатын бригаданың бригадирі боп көп-көрім жұмыс істеп жүріп жаттық.
Бәрі де сол құрып қалғыр құрылыста, ойламаған жерден орын алған жоқ па… – деген сұхбаттасым, болған оқиғаны ойына түсіргендей, жаңбыр суынан айғызданып қалған кішкентай терезеге қарап бір сәт үнсіз қалды…
– Біз осындағы үш қабатты мектептің бірінің төбесін ашып-жауып жатқанбыз. Үстіңгі қабаттарға раствор, кірпіш, басқа да құрылыс материалдарын шығарып-түсіретін токпен істейтін кран бар болатын. Таңертең жұмысқа келсек, сол істен шығып қапты. Ертеңгісін абыр-сабыр уақыт. Мен төбеде тұрғам. Кранмен үшінші қабаттың төбесіне дейін көтерілген бір құрылысшы жігіттің аяғының астына тақтай төсеп бергелі жатыр едім. Абайсызда тақтайдың бір жақ басы орнынан тайып кетпесі бар ма. Оқиғаның қас-қағымда болғаны соншалық, ештеңе ойлауға мұршам болмай қалды. Тек құлап бара жатып кран жақтауындағы темірлерге жанталаса жармастым. Бірақ, темірден ұстаған қолымды салмағым жұлып әкетті. Сол сәтте жарық дүние көз алдымда дөңгеленіп бара жатты. Содан ауада айналып-айналып кеп кран бекітілген уголок дейтін темірге дәл жон омыртқаммен гүрс етіп құладым. Есім кіресілі-шығасылы. Айнала ию-қию, шулаған адам. Денем, белімнен төмен қарай екіге қақ бөлініп қалған секілді. Жігіттер дереу құрылыс компаниясының басшылығына хабарлаған екен. Ол жақтағылар бірден: – Жедел жәрдем шақырмаңдар! Милицияға хабарламаңдар, журналистерді жолатпаңдар! Бәрін өзіміз реттейміз, бәрін өзіміз қатырамыз, – депті.
– Айтқан сөздерінде тұрған шығар басшылар. Оның үстіне қатардағы жұмысшы емес, бригадирсің дегендей.
Осы сәттегі жалт қараған Абылайханның жанарында әлдекімдерге деген беріш боп қатқан өкпе мен қолы қысқа адамның «Әттеген-ай!» – деген өкініші бар секілді. Сосын, өз-өзінен мырс етіп, мысқылдай күліп жіберді.
– Е, алсақ, алғанымызды айтпаймыз ба. Ақыры сол компания жұмыс уақытынан тыс (таңертеңгі сағат 7.45-те) кезде, өз бетімен техникалық қауіпсіздікті сақтамай құлап, мертіккен, – деп бүкіл кінәні өзіме таңып, жеме-жемге келгенде төсекке таңылып, жүре алмай мүсәпір боп жатқан мені қу тақырға отырғызып кетті.
– Ол компания қазір бар ма? Басшысының аты-жөні кім деген еді?
– Компания да, басшысы да бар. Өздері әжептәуір елге танымал адамдар. Қазір ештеңе болмағандай құрылыстарын жүргізіп, аман-есен жүріп жатыр. «Қырық жыл бұрынғыны қопсытып, тіленіп-сұранып жатыр» – деп жүрер. Солардың атын атап, түсін түстегім де кеп отырған жоқ. Тек, Алланың көзі түзу боп, ондайларға ешкімнің күнін түсірмесін. Мен осындағы жанашыр дос-туыстарымның ақыл-көмегімен, өзім орнымнан тұра алмай жатсам да, адвокат жалдап біраз ізденіп те көргем. Су жұқтырмаған қалпы, құйрықтарын ұстатпады. Ал құдайдай сенген адвокатым ақыр аяғында ақшаға сатылып, солардың сөзін сөйлеп кетті. Сосын қойдым.
Сол жатқаннан төсек тартып табаны күректей үш жыл жаттым. Осы уақыттың барлығында менің қас-қабағымды бағып, қажетімді орындап, күндіз де, түнде де қасымнан табыла білген өзімнен екі жас кіші қарындасым Кәримаға қарыздармын. Бала-шағасының қызығын көрсін.
ДӘРКЕМБАЙ – КӨҢІЛІ КӨКТЕМ КӨКЕМ ЕДІ…
– Өзге туысқандарың да қарайласып тұрған шығар?
– Айтса, нанбассың. Өзге туыстарым: – Ой-бүу! Абылайдың дәретін астынан алып жатқан көрінеді. Енді өмірі аяғынан тұра алмайды. Қысқасы, адам болмайды екен – деп түрлі-түрлі әңгіме айтып, жанымнан безіп кетті.
Зергер жігіт тағы да үнсіз қалды. Бұл жолы оның отты жанарына жас іркіле қалды да, сәлден соң барып дауысы жарықшақтана шықты.
– Содан ауруханада сарғайып жатқан күндердің бірінде теледидардан Алматы облысында тұратын Дәркембай Шоқпарұлы деген шебер туралы жақсы хабар берді. Хабардың соңында шебер: – Әйел-еркек деп жынысына, жас-кәрі деп жасына бөлмеймін. Үйренемін деген адам болса, келсін. Қолымнан келген өнерімді үйретіп, ұстаздық етем, – деді. Әлгі сөзді естіп алған менен енді маза кетті. Қарындасыма ызыңдап: – Шіркін-ай, ана кісі келіңдер, қолөнерге үйретем деп жатыр ғой. Апыр-ай, барып үйренер ме еді, – деп айта бердім, айта бердім. Кәриманың өз уәжі бар: – Сен қызықсың ғой. Не өздігіңнен жүріп-тұра алмайсың… Саған ол жерде кім қарайды, осыны неге ойламайсың? Қой, ұят болады. Танымайтын адамдарға барып, масыл боп жатуға болмайды, – деп тыйып тастайды. – Расында да, солай екен-ау, – деп, көпке дейін ойланып, өз-өзіммен қалам да, арада біраз уақыт өткесін бұрынғы әуеніме қайта басам. Ақыры мен жеңдім. Алматыда оқу оқып, біраз жұмыс істеген кезде танысып, араласқан достарым бар болатын. Ол кезде қазіргідей сотовый телефон жоқ. Блокнотымда адресі жазылған сол достарымның бірімен переговор арқылы сөйлесіп, басымдағы жағдайды баяндап бердім. Содан не керегі бар: – Алматыға келсең болды, өзіміз күтіп аламыз, – деген уәдесін естіп қарқ боп қалдым. Онда бес-алты досым бар. Бірінен-бірі өткен ақ көңіл, бірінен-бірі өткен мәрт, жомарт жігіттер. Мен сондай достарыммен әрдайым мақтанып отырам. Сол уәде бойынша қарындасым пойызбен Алматыға дейін алып барды да, ары қарай такси жалдап Дәркембай шеберге жеттім-ау, әйтеуір.
– Дәркембайды бұрын-соңды көрмегенсің. «Танымайтын-білмейтін Семейдің бір қазағы қайдан жүр?» деген жоқ па? Жалпы қалай қарсы алды?
– Еңбекші қазақ ауданының Ақши деген ауылында тұратын Дәкең мінезі жайсаң, көңілі дархан азамат екен. Бұрын-соңды көрмеген, танымайтын-білмейтін мені құдды бір туысындай қабылдап, алып келген жігіттерге әзіл-шынын араластыра: – Сендер алаңдамаңдар. Достарыңды осы жерде емдетіп, үйлендіріп, қолымнан келгенше шәкірт етіп тәрбиелеп берем, – деп шығарып салды. Дәркембай көкем айтса, айтқандай біраз емші-домшыға қаратып емдетті де, ұстаздық тәлімін де берді. Қазір осы жасап отырған зергерлік бұйымдардың барлығы да сол бір жаны жайсаң, көңілі көктем Дәркембай көкемнің шапағатының арқасы деп білем. Жарықтық жаны жәннатта болсын!
– Сол ұстазыңның шапағатын өзімнің шеберханамда жалғастырып жатырмын дейсің ғой, баяғы.
– Менің мақсатым – осы зергерлік өнерді әлі де дамыта түсу. Ел арасына насихаттап, ұлтымыздың төл өнері екендігін дәлелдеу. Дәркембай ұстазым секілді шәкірт тәрбиелеу. Ол үшін шеберхана керек. Қазіргі отырысым мынау. Тар әрі қыста суық, қуықтай ғана жер. Негізі, мәдениет бөліміндегілер бір бөлме берген. «Осыны шеберхана ретінде пайдалан» – деп. Бірақ, ол қаланың арғы шетінде. Оған барып-келуге менің мүмкіндігім жоқ. Мен осы отырған шеберханама таңертең кіргеннен қас қарайғанда бір-ақ шығам. Егер жергілікті билік тарапынан қолдау болса, сапалы материалдар, зергерлік бұйымдарды соғатын станоктар алуға болар еді. Материал болмағасын амал жоқ, ескі-құсқы кір жуатын машинкалардың, тағы сол секілді заттардың таттанбайтын темірлерінен жүзік, білезік, сырға соғуға мәжбүр боласың. Шіркін, шағын бизнесті өркендету үшін беріліп жатқан 3 млн. теңге несиені алуға мүмкіндігім болса, ешкімге жалынбай-ақ, біраз шаруаны тындырып тастар едім. Әттең, қол қысқа.
ҮЙДЕ ЖАТЫП ҮЙЛЕНГЕН ЖІГІТ
Жалпы, Әбекең әңгімешіл, көңілінде бүкпесі жоқ ашық-жарқын азамат екен. Әзілге де кетәрі еместігін байқап: – Әбеке, қайсыбір аяқ-қолы сау азаматтар бас құрамай ұзақ жүріп қап, әйтпесе өмірден мүлдем бойдақ боп өтіп жатады. Сен бәлен жыл төсек тартып жатсаң да, қарап жатпай үйленіп, үйленіп қана қоймай бала сүйіп, мол олжаға кенеліп жатыр екенсің, – дедім.
Сезімі зерек зергер сөз астарын бірден түсініп:
– Ә, ұқтым-ұқтым ойыңды, – деп қарқылдап тұрып бір күліп алды да: – Енді, мынандай заманда қарап жатуға бола ма? «Қарап жатқанша бір кәдеге жарап жат демейтін бе еді» – деп, әзілге әзілмен жауап берді. – Қазіргі жұбайым өзімнен сегіз жас кіші. Есімі – Абайгүл. Екеуімізді әуелі құдай қосты. Оған тағы да қарындасым себепкер болды. Мына жерде көрші апайымыз бар. Абайгүл жолдасы қайтыс болғасын екі баламен жесір қап, сол кісінің үйінен бір бөлме жалдайды. Өзі аздап массаж жасай алатын қолының шипасы бар екен. Содан бір күні автобустан бірге түскен қарындасым екеуі үйге дейін әңгімелесіп келмей ме. Сонда пәтерақының орнына үй иесіне күн сайын кешкілік массаж жасап беретінін айтады. Мұны естіген қарындасым сол күні үйге келген бетте: – Абылай, осылай да, осылай. Бір массажист келіншек бар екен. Сонымен келісіп, біраз массаж алсаң қайтеді? Әйтпесе, қол-аяғыңның еттері күн өткен сайын семіп бара жатқан секілді. Мен ол келіншекпен ақырындап сөйлесіп көрейін, – деді. Алғашқы бетте, – Бұрын-соңды көрмеген, танымайтын-білмейтін кісі, оның үстіне әйел адам болса, бұл қалай болар екен? – деп, бірден келісім беруге ыңғайсызданып, бір жағынан өзімше намыстанып қалдым.
Осы кезде әңгімеге Абайгүл араласты.
– Кәрима апай: – «Құрылыста жүргенінде краннан құлап, мертігіп жатқан ағам бар еді. Сол кісіге массаж жасап бере аласың ба? – дегенінде, көңілін жықпай: – «Жарайды» – деп уәде берген едім. Ол әңгімеден кейін де арада біраз уақыт өтіп кеткен. Бір күні есік алдынан өтіп бара жатып мүгедектер арбасына таңылып отырған бір азаматты көріп қалдым. Қорыққаннан ба, болмаса басқа ма, әйтеуір жүрегім зырқ ете қалды. Есік алдында ойнап жүрген екі кішкентайым әлгі адамды бұрыннан танитындай ойыншықтарын көрсетіп, бірдемелерін айтып, айналсоқтап қасынан шықпай жүр екен. Осы көріністен соң «Нар тәуекел!» – деп, массажға кірістім. Күнде сағат екіге уақыт белгілеп, сол графикпен екі жыл үзіліссіз массаж жасадым. Алғашқыда ол менен, мен одан ұялып жүрдік. Бірінші күннен байқағаным, күлдірей сынған жамбасты ұстап тұру үшін құрсаулап қойған темір арматура кәдімгідей етті қажап, ол жараға айналып, ақыры иістене бастаған екен. Мұны көріп, әрі жаным ашыды, бір жағынан дәрменсіз күй кешіп жатқан атпалдай азаматқа қолымнан келгенше көмектесуді адамдық борышым деп санадым. Әр массаж жасардың алдында: – Ей, Алла тағала! Маған осы азаматты орнынан тұрғыза алатын қуат, алақаныма шипа бере гөр! – деп тіледім. Алла менің шынайы тілегімді қабыл алған екен. Абылай шауып кетпесе де, әуелі ақырын-ақырын коляскаға отыруға жарады. Араға біраз уақыт сап, балдақпен жүре бастады. Осы уақыт аралығында бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Сәл көрмей қалсақ, бірімізді-біріміз іздейтін халге жеттік. Ақыры 2006 жылы шариғат бойынша некемізді қидырып, ерлі-зайыпты болдық. Талай мәрте таң намазында қатар отырып, Алладан «Бір сәби бере гөр!» деп жалбарындық. Алладан шын тілесең, тілегің қабыл болады» деген рас екен. Арада үш жыл өткенде құрсағыма бала бітті. «Қорыққан мен қуанған бірдей» демей ме, екеуіміз сенер-сенбесімізді білмей, қуанғаннан ебіл-дебіл жылай беріппіз. Қазір сол құлыншағымыз өсіп қалды. Есімі Балжан, қылығы да балдай.
– Жарықтық Дәркембай көкеме: «Егер үйленіп, алда-жалда сәбилі болсам, ұл туса, есімін Дәркембай, қыз бала болса, жеңешемнің құрметіне Балжан деп қойсам бола ма? деп рұқсаттарын алып, уәде берген едім. Сол уәдені орындадық, құдайға шүкір, – дейді тәубесінен жаңылмайтын Абылай.
ҚАРАШАДА ҚАРА ҮЙ ТҰР, ҚАРАЙЛАР ЖҮР МЫРЗАЛАР…
– Жалпы, сіздердің неке қидыру туралы шешімдеріңізді, сәбилі болған қуаныштарыңызды екі жақтың туған-туыстары қалай қабылдады?
Осы сәтте Абайгүл әлдебір отбасылық құпияны «Айтсам ба, айтпасам ба?» дегендей, Абылайға қарайлай берді. Мұны байқап отырған отағасы: – Айта бер, Абайгүл. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қай кезде болмасын «Барды бар, жоқты жоқ» – деп айтқан абзал, – деді басын изеп.
– Бұл өзі бір түсініксіздеу жағдай болды. Шынтуайтына келгенде, «Төсек тартып жатқан мүгедек адамда нең бар?» – деп, менің туғандарым қарсы болулары керек еді ғой. Жоқ, керісінше Кәрима апайдан басқа туыстары өре түрегеп, некелесеміз дегенде де қарсы шыққан. Одан сәбилі болайық деп жатырмыз деп қуанышымызды бөліссек, оған да нанбады. Ақыры менің үйге келуіме тыйым сап, одан қалды түрлі-түрлі болжамдар айтып, «Бұл біреуден көтерген бала» дегенге дейін барып, арамызды ашып жіберуге дейін барғандары болды. Бұл маған нақақтан-нақақ жала жапқанмен бірдей боп, жанымды қатты жаралады. Осындай қыстығып, қиналып жүргенімде мені анам байғұс қана қолдап, ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Қайта, «Аққа, құдай жақ» дегендей, қызымыз әкесінің аузынан түскендей, өзінен аумайды, – деп әңгімесін тәмамдаған Абайгүл шай қамымен ауыз үйге шығып кетті.
– Қазір жер-жерлерде мүмкіндігі шектеулі жандарға деп, түрлі көмектер көрсетіп, акциялар өткізіп жатады ғой. Жалпы, ел азаматтарынан жәрдемдесіп тұратындары бар ма?
– Мемлекет басшысы өзі бастап айтып жатыр. – Еліміздегі мүгедек жандарға қаржылай да, рухани жағынан да көмек беріп жатырмыз – деп. Осы жақында ғана республика бойынша «Шын жүректен» деп аталатын акция өтіп, үш күнде есепшотына бірнеше миллиондаған қаржы аударылыпты. Өзге облыстардағы мүгедектер қоғамы осы акцияны ұйымдастырушыларға алдын ала хабарласып, сол елдегі мүмкіндігі шектеулі жандар өз кезектерінде акцияға қатысып, өздеріне тиесілі ақшалай үлестерін алып жатты. Акцияны ұйымдастырушыларға хабарлассақ: – Семейдің «Мүгедектер қоғамы» бар, «Достық үйі» деген бар, солар неге сіздерге алдын ала рекомендация бермейді? Егер рекомендация берген болса, біз мүмкіндігінше көмектесер едік қой, – дейді. Ал біздегі ондай шаралармен айналысатындар уақыт өткізіп, ай сайын айлық алса болғаны. Олар ешқашан жүрмейді, үй-үйді аралап. «Абылайға немесе Құбылайға көмектесейік, мүсәпір жандарға тым болмаса шапағатымызды тигізіп, сауабын алайық» демейді. Осында №4 мектеп бар. Директоры Мұрат Шақабаев деген, бір мың болғыр азамат. 2003 жылдан бері осы азамат шама-шарқынша қолынан келген көмегін беріп келеді. «Дидар» газеті арқылы сол кісіге алғысымды білдірсем деп ем.
P.S.Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов істің, сөздің адамы деп естиміз. Бәлкім қаланы бір аралағанында 5-10 минөт уақытын қиып, 19 жыл мүгедектіктің зардабын тартып жатса да, жігері жасымаған, ешкімге жалынып-жалбарынбаған Абылайхан атты қазақтың намысты, қайсар азаматының (Ет комбинаты ауданындағы, Сангородок 84 мекен жайында орналасқан) қара қосына мойнын бұра кетер. Кім білсін, жағдайын көрсе, мүмкін ойланар…
Серік ҚҰСАНБАЕВ