Қоғам

Семейде «бәрі де рахмет үшін» дүкені ашылды

Семейде «бәрі де рахмет үшін» дүкені ашылды

Семейліктерге екі әлеуметтік дүкен есігін айқара ашты. Бірі қаланың сол жағалауындағы тұрғындар үшін «Северный» сауда орталығынан бұйырса, екіншісіне оң жағалауда орналасқан 905 құрылыс ауданындағы «Елжан» сауда үйінен орын тиді.
«Бәрі де рахмет үшін» депаталатын дүкеннің ерекшелігі сол, мұнда көпбалалы немесе әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар өздерінің балаларына қалаған киімдерін тегін алып кете алады. Әрине, алдымен алушы өзінің жеке бас куәлігіндегі деректерін, мекенжайын қалдырады. Сол негізде дүкен қызметшісі киім-кешектің кімге берілгенін компьютерлік базасына енгізеді. Сол сияқты мұнда өздері кимейтін, бірақ тозбаған таза киімдерін тапсырғандарға да қойылатын талап осындай.
Расын айтайық, қаланың екі жерінде мұндай дүкендердің ашылуын тұрғындар қуана қабылдағанын оған барғандардың көптігінен-ақ көруге болады. Бұған дейін қаланың бірнеше жерінде «Бәрі де рахмет үшін» акциясы аясында таза аяқ киім, балалар киімдері, өзге де заттарды еріктілердің ынтасымен қабылдау өткізілген болатын. Бұл шара соның нәтижесі.
Дүкендердің ашылуына арнайы келген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий атап өткендей мұндай игілікті істі қолға алған кәсіпкерлердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсінуі қуантарлық жайт, құптарлық бастама. Осы тұрғыда «Елжан» сауда үйінен 40 шаршы метр орынды тегін ұсынған жас кәсіпкер Ерлан Жакуповке елдің ризашылығы шексіз.
– Біздің әлеуметтік дүкенді ашудағы мақсатымыз – дағдарыс дендеп келе жатса да, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын естен шығармау. Ең бастысы, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік тұрғыда қажетінше қолдау көрсету. Келешекте осында затын тапсыратын ауқатты шаңырақ иелерін киім-кешекпен шектелмей, жаңасын алуына байланысты өздері ары қарай қолданбайтын тұрмыстық заттарын да тапсырса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. «Бәрі де рахмет үшін» дегендей, тіршілікте бір-бірімізге сүйеу болып, халықтан алғыс алып жүргеннен артық абыройлы іс болмайды деп ойлаймын, – дейді «Елжан» сауда үйінің директоры Ерлан Жакупов.

Сәтжан Қасымжанұлы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button