Семейде болашақта медициналық кластер құрылады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ Семей қаласына жұмыс сапары барысында шаһарда бірнеше әлеуметтік маңызға ие нысандар ашылып, бір қауым қала тұрғынына жаңа пәтер кілттері табысталды.
Аймақ басшысы ат басын алдымен Семейдің іргесінде орналасқан Приречное ауылына бұрып, мұндағы жұртты жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен құттықтады. Бұл осымен үстіміздегі жылы облыс көлемінде пайдалануға беріліп отырған 11-інші медициналық нысан екен. Жаңа амбулаторияның құрылысына 74 миллион теңге жұмсалыпты.
– Мердігер компания құрылыс жұмыстарын мерзімінен әлдеқайда бұрын аяқтады. Үш айдың ішінде осындай тамаша емхана салып берді. Енді біз науқастарды заманауи құралдармен жабдықталған жаңа ғимаратта қабылдай алатын болдық. Осы үшін облыс басшылығы мен емхананы салып берген «Күршім құрылыс» компаниясына зор алғыс айтқым келеді, – деген амбулаторияның бас дәрігері Нұрхан Тумабаева бұған дейін үш мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың емханасы шағын ғана тұрғын үйдің ішінде орналасып келгенін айтты. Ал енді емханада қызмет көрсететін 16 маманның көмегіне приречноелықтар ғана емес, маңайдағы Мұздыбай және Жарқын ауылдарының халқы да жүгіне алмақ.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жаңа емхананың ішін аралап көріп, дәрігерлердің жұмысына табыс тіледі.
Осыдан кейін аймақ басшысы Семей қаласының Энергетик ықшам ауданында пайдалануға берілген жаңа үйдің пәтер иелеріне салтанатты жағдайда баспаналарының кілттерін табыстады. Айта кетейік, қазіргі кезде аталмыш ықшам ауданда бірнеше көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл күні тоғызқабатты 72 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
– Семейде 2013 жылдың соңына дейін 400 отбасы баспаналы болады. Жаңа пәтер кілттеріне ие болатындардың дені ардагерлер мен көпбалалы не әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар екенін атап өткім келеді. Жалпы, қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдемей, келесі жылы да лайықты жалғасын таппақ. Барлықтарыңызды осындай тұрғын үйдің пайдалануға берілуімен құттықтаймын, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ салтанатты шара барысында.
Қоныс тойын тойлағандардың ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болғанын айта кеткен жөн. Солардың бірі – «СТР» каналының редакторы Эльмира Жүрсінбекқызы.
– Жаңа баспанаға ие болуды көптен бері армандап келіп едік. Міне, бүгін сол арманымыз орындалып, жаңа пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Осы үшін қуанышымызды бөлісуге келіп отырған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА зор алғысымды жеткізгім келеді, – дейді Э.Жүрсінбекқызы.
Жыл соңына дейін Семей қаласында тағы төрт көпқабатты үй пайдалануға берілмек.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ бұл күні «СемАЗ» машинақұрастыру зауытына да барып, конвейерден шығарылып жатқан жаңа техникамен жақынырақ танысты. Қазір мұнда «Беларус» тракторлары мен «FAW», «Урал» жүк көліктері шығарылуда.
«СемАЗ» ЖШС-нің бас директоры Әсемхан Досқожановтың айтуынша, кәсіпорыннан шығарылатын техниканың түр-түрі жыл санап артып, түрлене түсуде. Зауытта 2013 жылдың өзінде ғана «Урал» автокөлігі мен 920 және 892 моделді «Беларус» тракторлары құрастырыла бастаған. Ал таяуда олардың қатарына қытайлық «Shacman» жүк көліктері де қосылыпты.
– Автокөліктің қосалқы бөлшектерін түгелдей Қытайдан алып келдік. Алайда, машина жасау технологиясын игергеннен кейін бұл бөлшектерді өзімізде шығаратын боламыз. Жалпы, «Shacman» жүк көліктерінің сапасы көңілімізден шығып отыр, – деген өндіріс ісінің басшысы Жандос Ілиясов бір көлік 25 тоннаға жуық жүк тасымалдай алатынын тілге тиек етті.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сонымен қатар, зауытта құрастырылатын автобустармен танысты. Аймақ басшысы әсіресе, газбен жұмыс істейтін жаңа автобустардың сапасына жоғары баға беріп, кәсіпорыннан шығарылатын техниканы бірінші кезекте өз қажеттілігімізге жарату керектігін айтты.
Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының ғимараты әбден ескіргенін шаһар жұртшылығы жақсы біледі. Осыны ескере отырып, қалада 2011 жылы облыс басшылығының тікелей араласуымен жаңа жедел жәрдем ауруханасының құрылысы басталған болатын. Таяуда бұл жұмыстар аяқталып, жаңа аурухананың салтанатты түрде лентасы қиылды. Айтулы шараға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Астанадан арнайы келген еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қатысты.
Зәулім әрі кең жаңа аурухана ғимаратында сегіз стационарлық бөлімше мен медициналық университеттің алты кафедрасы орналасқан. Аурухана директоры Қайноллан Мусиннің айтуынша, жаңа емдеу мекемесінің сыйымдылығы – 325 орын.
– Жаңа аурухананың құрылысы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген болатын. Жалпы, біздің қалада соңғы 40 жылда мұндай медициналық мекеме салынбағанын ескерсек, бүгін ерекше тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз деп айтуға әбден болады, – деді аурухана басшысы.
Жаңа аурухананың құрылысына республикалық бюджеттен 10,4 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Бұл қаражаттың қомақты бөлігі, дәлірек айтсақ, 3,3 млрд. теңгесі заманауи медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсалған. Олардың ішінде гемодиализге арналған «жасанды бауыр» аппараты, функционалды модульдерімен қамтылған орталықтандырылған мониторинг стансасы, асқынған диализ жүйесі сияқты жаңа құрал-жабдықтар бар.
– Семей қаласында ашылып отырған жаңа аурухана барлық заманауи стандарттарға сай салынған екен. Ал құрал-жабдықтармен қамтылуы жағынан аталмыш орталықты әлемдегі ең үздік медициналық мекемелердің қатарына қосуға әбден болады. Мамандардың біліктілігі де жоғары деңгейде екенін көрдім. Енді бірер жылдан кейін аурухананың клиникалық орталығы республикадағы маңдайалды орталыққа айналатынына күмәнім жоқ. Осындай алып ғимаратты бар-жоғы екі жылдың ішінде салып бітірген мердігер компания мен құрылыс жұмыстарына бас-көз болып келген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА алғыс айтқым келеді, – деді салтанатты рәсімде сөз алған еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.
Ал облыс басшысы Семейде мұндай медициналық мекемелер бұдан былай да салына беретінін жеткізді.
– Шаһарда болашақта 240 орындық балалар ауруханасы мен медицина саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені бой көтеретін болады. Оған қазіргі уақытта құрылысы қарқынды жүргізіліп келетін туберкулезге қарсы балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансердің қасынан салынып жатқан, құны 13 млрд. теңгені құрайтын радиологиялық орталықты қоссақ, Семейде болашақта еліміздегі ең қуатты медициналық кластер құруға болатынын аңғаруға болады. Сондықтан қаладағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жіті бақылауымызда ұстаймыз, – деді аймақ басшысы жаңа аурухананың ашылу салтанатында.
Бұдан кейін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қаладағы құрылысының негізгі бөлігі аяқталып қалған туберкулезге қарсы балалар ауруханасының басында болып, нысандағы жұмыс барысымен танысып қайтты. Артынша осы күні пайдалануға берілген №6 жекеменшік емхананың тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Семейдегі іссапарын қала активімен кездесумен қорытындылады.
Жиында қала әкімі Айбек Кәрімов шаһардың 2013 жылдағы даму көрсеткіштеріне тоқталып, келер жылғы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, қаланың негізгі бағыттар бойынша даму көрсеткіштері былтырғымен салыстырғанда жоғары болған екен.
– Қала 2013 жылды табысты аяқтады деуге болады. Дегенмен, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге негіз жоқ. Биылғы көрсеткіштер былтырғыдан, ал келесі жылғы көрсеткіштер биылғыдан жақсы болуы шарт. Біз осындай қағидатпен жұмыс істеуіміз керек. Биыл шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 12 млрд. теңге бөлінді. Бұл – өте қомақты қаражат. Қазір қаланың дамуына барлық жағдай жасалынып жатыр, – деді актив мәжілісін қорытындылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Нұржан Кенжеұлы