Семейде балаларды бизнеске баулитын жоба қолға алынды
Семейде «Сәлем, бизнес!» атты жобалар мен ұсыныстар жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкеде инновациялық бастамалар талқыланды.
Шараны ұйымдастырушы павлодарлық «Әріптестік орталық» қоғамдық қоры ең алдымен студенттер арасынан бизнес-жаттықтырушыларды таңдап алды.
– Біз осы жобаға қатысқанымызға ризамыз, – дейді студент Бауыржан Хакимов, – біз балаларды оқыту арқылы өзіміз де көп нәрсені үйрендік. Балалардың барлығы қағаздан, бұлдан түрлі заттар жасауға бейімделген екен. Болашақта осы қолөнер түрін бизнеске айналдыруға болатындығын байқаған балалар «Hand Made» жобасына қатысуда.
«Өз бизнесіңді баста» модулінде балалар негізінен ойын түрінде болса да өз кәсібін бастау, нарықтағы бағаның жағдайын білу, өндірісті басқару жөнінде кеңінен мағлұмат алды. №8 балалар үйінің информатика пәнінің мұғалімі Жазира Нұрғазинаның айтуынша, осы «Сәлем, бизнес!» жобасынан кейін балалардың кәсіпкерлік саласына деген қызығушылығы мен ынтасы ерекше арта түскен.