Қоғам

Семейде «ақылды үйлер» салынады

Семейде «ақылды үйлер» салынады


Семейде ақылды үйлер салынатын күн алыс емес. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Семейге жасаған іссапары кезінде мәлім болды. Дәлірек айтқанда «SMART HOUSE» жобасын шаһардағы электротехникалық колледжі іске асыруға әзір. Осы мақсатта білім ордасы толық циклді бағдарламаны жолға қойыпты.

«SMART HOUSE» концепциясы электротехникалық колледжінің студенттеріне таңсық болмай шықты. Себебі мұнда автоматтандырылған басқару жүйесінің сан алуан түрлері оқытылып келеді. Содан болар колледждің озық ойлы жастары аспап-құралдар панелінен бастап, бағдарламау жүйесіне дейін жасауға машықтанған. Ал бұл, ақылды үй жобасының негізі болып табылады. Мұндағы замануи қондырғылар, кез келген адамға өз үйін бір ғана планшет немесе смартфонның көмегімен басқаруға мүмкіндік береді. 2013 жылы оқу орынның базасында халықаралық ресурстық орталық ашылған екен. Жемісті жетістіктің сыры да осында дейді білім ұясының басшылығы.

– Ресурстық орталықта өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз тұрғындарға арналған қысқа мерзімді дайындық курсы жұмыс істейді. Сол секілді мұнда өз біліктіліктерін арттыруға ниет танытқандарға есік ашық. Осының ішінде IT орталық бар. Оның іске қосылғанына жарты жылдай болды. Біз оны жастардың инновациялық шығармашылық орталығы деп атаймыз. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасынан дарынды жастар таңдалып алынады. Қатысушылардың жарнама, мехатроника, робототехника, электронды кітаптар және веб-сайтты құру бағытында табысты жұмыстары жоқ емес. Біздегі шәкірттердің алды 67 жаста болса, ең жасы 15-те. Біздің ұстанып отырған басты мақсатымыз – жастардың өзін-өзі жетілдіруге жағдай жасау. Қазір мектептердегі оқу бағдарламасы бес күнді құрайды. Ал алтыншы күні оқушылар өздерінің қарым қабілетін дамытуға бағытталған оқу курстарына бару қажет деп есептеймін, – деген Семей қаласы электротехникалық колледжінің директоры Азат Сарпеков, білім шаңырағында адам капиталын дамытуға ерекше орын берілгенін тілге тиек етті.

Жоғарыда айтылғанның барлығы аймақ басшысының қызығушылығын оятты. Сол себепті ол, Азат Сарпеков басқаратын ұжымға жергілікті құрылыс компаниялар бірлесіп, «Smart» концепциясы бойынша бір үйді тұрғызып көрсетуді тапсырды. Десе де бұл іс жүйелі жоспармен асырулы керектігінде ескертті.

– Маған нақты кешенді жоспарды көрсетіңіздер. Содан кейін іске көшетін боламыз. Тұтастай алсақ, жұмыстарыңыз көңілімнен шығып отыр. Келер аптада сіздерден жүйелі ұсыныстарыңызды күтемін, – деген Даниал Ахметов, өңірде құрылысы саласына жіті көңіл бөлінгенін айтып, бұл секторға инновациялық технологияларды енгізген артық етпейтінін жеткізді.

Осы ретте аталмыш колледждің жастар инновациялық шығармашылық орталығы, Абу-Дабиде өткен «WorldSkills» чемпионатында 150 мемлекеттің арасынан 23 орынға қол жеткізгенін атап өткен орынды. Ал Қазақстандағы 900-ге тарта колледжердің арасында жеңімпаз атанған. Қазіргі күні оқу орыны Германия және Ұлыбритания елдерімен тығыз байланыс орнатқан-ды. Сол сияқты Зимбабве мемлекетімен екіжақты меморандумға қол қойылған екен.

Жақсылық Мұратқали,
Семей.

Осы айдарда

Back to top button