Қоғам

Семейде аптасына 1 миллион бетперде шығарып жатыр

Семейде күніне 125 мың дана (аптасына 1 млн.) бірнеше рет қолдануға болатын медициналық бетперде шығарып жатыр. Бұл жеке қорғаныш заттарына деген облыс тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

Бірінеше рет қолданылатын бетперделермен ең алдымен медицина қызметкерлері, зейнеткерлер, балалар, студенттер, мұғалімдер және кәсіпорын қызметкерлері қамтамасыз етілмек. Бүгінгі күні қаладағы бір ғана тігін кәсіпорнында істейтін барлық 70 адам бетперде тігумен айналысып жатыр. Бірнеше қабат дәкеден тігілген бетперделер жууға өте ыңғайлы және термиялық өңдеу кезінде пішінін өзгертпейді. Әрбір тігіншінің бір ауысымдағы жұмыс жоспары – 500 бетперде.

Кәсіпорын қажетті материалмен толық қамтамасыз етілген. Дәкені келімшарт бойынша Өзбекстан мен Ресейден жеткізіліп отыр. Қазірдің өзінде 80 тонна материал тігін цехына жеткізілген.

– Бүгінгі күні Иванов фабрикасымен, Өзбекстанмен шикізат жеткізу мәселесі бойынша келісім жүргізіп жатырмыз. Тығыздығы 30-шы және 36-шы дәкелерден бірнеше қабаттап тігеміз. Бірнеше рет қолдануға болады. Фабриканы материалмен қамтамасыз етеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай бәрі жұмыс істеп тұр. Келісімшарт жасалған, алғашқы партия шикізатты жеткіздік. Екіншісі үлкен көлемде болады, оны біз 26 наурызда жеткіземіз. Жүктелген міндет толық орындалады, – деп түсіндірді шикізат жеткізуші Сәуле ТаҒаева.

Семейдегі екінші кәсіпорында бірнеше рет қолданылатын бетперделер ғана емес, сонымен қоса шикізатты (мата мен резеңкені) да өздері өндіреді екен. Мамандардың айтуынша, ең бастысы мұнда кәдеге жаратылатын мақта матаның дәкеден бір артықшылығы беріктігі мен ауа өткізгіштігінде екен.

Дәл қазір дәріханаларда бетперде тапшылығы сезілуде. Ал кейбір сайттарда бір реттік бетперденің бір данасын 500 теңгеден 1 500 теңгеге дейін саудалап жатыр. Осы орайда өзімізде өндіретін жеке қорғаныш заттарының шығарылуы өңір тұрғындарын бетпердемен толық қамтамасыз етуге және қоғамда дүрбелең тумауына ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, бетпердені 15 күннен кейін ауыстырып отырған жөн.

– Бірінші кезекте біз бетпердемен медицина саласын қамтамасыз етеміз. Содан кейінгі кезекте біздің қарттарымыз тұр. Біз жоспарлаған жұмыстардың бәрін орындап жатырмыз. Тіпті артығымен орындаймыз. Бұл іске басқа кәсіпорындар мен фабрикалар да қосылды. Басты мәселе белгіленген бағаны сақтау, біз бұл жағын қатаң бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Семейде өндіріліп жатқан бетперделердің бір данасының бағасы дәріханаларда 100 теңгеден аспайтын болады. Алдағы бір аптаның ішінде бүкіл облыс тұрғындары жеке қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етіледі.

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button