Семейде ғана киіз басады
Нарық басталғанда, бұл кәсіпорын мемлекетке қомақты қарыз болып, жұмысшыларына ақша төлей алмай қалады. Сөйтіп, салық инспекциясы мен қала әкімшілігінің көмегіне орай, келісімшарт жасалып, киіз басу комбинатынан айыппұл мен өсімді алып тастайды. Ал негізгі қарызды кәсіпорынның қазіргі директоры Харис Сайфутдинов төлейді.
Ол бұған дейін жай ғана слесарь болатын. Сөйтіп, басшылық қызметке тағайындалды. Барлығы да оның еңбекқорлығына байланысты болды. Қазіргі заманауи құрал-жабдық, сенімді мамандар, тамаша өнім, міне, осының барлығын «Роза» ЖШС-нің басшысы Харис Сайфутдинов бүгінде шебер үйлестіріп отыр.
– Киіз басатын кәсіпорынның жағдайы қазіргідей оңды емес еді, – деп әңгімеледі Харис Сайфутдинов. – 1997 жылы оның қалған-құтқан жабдығы мен төрт қабырғасы ғана тұрды. Бір жыл ішінде комбинатты жаңғырттық. 1998 жылы толық жұмыс істей бастадық. Кәсіпорынның пималарын семейліктер кие бастады. 2003 жылға дейін кәсіпорынның аяқ алысы жаман болмады. Бұл жерде киіздің бірнеше түрі, яғни авиацияға, кәсіпорын мен құрылысқа қажеттілері бар. Біздің Шығыстың аязды, боранды күнінде далада еңбек ететін жұмыскерлерге, құрылысшыларға пима ауадай қажет. Сол үшін де олар көбіне «Роза» ЖШС жасайтын пиманы сатып алады.
Шугаев көшесі, 153 мекенжайында орналасқан киіз басатын «Роза» ЖШС қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бүгінде кәсіпорын «Алтын сапа» сыйлығына да ұсынылыпты. Комбинаттың өнімдері бұл күнде елімізде ғана емес, дүние жүзінде мақтаулы. Кәсіпорын басшылығына жұмысқа келген Харис Сайфутдинов комбинаттың жағдайын түзегендігін Үкімет те ескеріп, 1999 жылы дипломмен, медальдармен марапаттапты. Бүгінде «Роза» ЖШС-інде күртешелер, кілемшелер, ұлтарақтар, бас киімдер мен қолғаптар, дәнекерлеушілер мен болат қорытушыларға арналған жұмыс киімдері бар.
-Елбасы бизнесті жаңғырту туралы айтты,-дейді Харис Сайфутдинов,-яғни, Кеңес үкіметі тұсындағы өнімдер әлемде бәсекеге қабілетті болмай жатыр, сондықтан да біз қазақстандық өз өнімдерімізді шығаруымыз керек деді. Сонымен немістің киізді өңдейтін жабдығын сатып алдым. Әр жыл сайын кәсіпорында жаңғырту үшін жаңа құрал-жабдық алатын болдым.
Сөйтіп, киіз басу комбинаты табанына резеңке жапсырылған әрі жылы, әрі су өтпейтін өнімдерді шығаруды жолға қойды. 2014 жылға дейін біртіндеп жабдықтар алынғанмен, олар жеке бөлшектер күйінде қалып отырды. Сондықтан да құны 90 мың доллар тұратын үнді елінің жаңа киіз басатын жабдығын сатып алуға тура келді. Бұл үшін Харис Ғаязұлы «Даму» қорынан несие алды.
-Біз бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істеуді жолға қойдық,-деді кәсіпорын директоры Харис Сайфутдинов,-жаңадан өндірістік цехтар ашып, жүн өңдеу, пима басу айналымын ұлғайтып келеміз. Қазіргі кезде жасап жатқан пималарымыз жұрттың сұранысына, талапқа сай, түрлі сәндік үлгіде. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға байланысты елімізде шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2015-2017 жылдарда ұлттық қордан тоғыз триллион қаражат бөлінетінен хабардармыз. Қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалуын Үкімет пен арнайы құрылған комиссия қатаң қадағалайды.Бұл туралы Елбасы кейінгі кезде өткізген мәжілістерінде бірнеше рет ескертті.Ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуі жіті назарда болады деді. Президентіміздің «Орта және шағын бизнесті дамыту – бұл ұлттық экономиканың өсуінің тиімді драйвері» дегені өте дұрыс. Түрлі мемлекеттік бірқатар бағдарламалар биыл да жалғасын таппақ. Соның бірі ─ «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы. Біз осы бағдарлама арқылы көптеген жандарды жұмыспен қамтып отырмыз.
Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Олардың өнімдерін, пималарын Қазақстан мен Ресейдің түрлі қалаларына сатып әкетеді. Мәселен, Челябі өңірінің әскери кәсіпорны киізден басылған бұйымдарды көптеп тұтынады. Олар бас кезінде Еуропадан алып отырған еді, енді, міне, «Роза» киіз басу комбинатынан сатып алуда.
– Базар саудагерлерінің бағасы біресе шарықтап, біресе төмендеп тұр. Әйтпесе, біздің дүкендерде баға әлдеқайда арзан. Пиманың түрлері, унты-пималар, етік-пималар – 6500-7000 теңге. Барлығының бағасын сайтымыздан және дүкенімізден келіп көре аласыздар. Базарда баға шарықтап өскенмен, бізде өндіріс технологиясы жаңарған сайын, өнім бағасы арзандау үстінде. Біз пима, унтылардан басқа аңшылық бахилдарды да шығарамыз. Мұны осылай бастан-аяқ ойлап тапқан – біздің кәсіпорын. Бұл – аңшыларға ғана емес, шаруаларға, балықшылар мен жүргізушілерге таптырмайтын аяқкиім. Сыртында су өтпейтін материал, іші киіз, аяққа жылы, – дейді кәсіпорын басшысы. Мұнда балалар аяқкиімінің Белоруссиядан әкелінген терілермен көмкерілген әдеміленген түрлері бар екен, ал әжелерге арналған үйде киетін кебіс, аяқкиім де бар.
-Біз заманауи ұлттық өнім өндіруді жолға қоюымыз керек,-дейді Харис Ғаязұлы,-теріден, жүннен жасалған киім адамдардың денсаулығын сақтайды. Ал қазіргі бірқатар киімдердің еш жылуы жоқ. Әсіресе, синтетикалық талшықтан жасалған киім-кешектер денсаулыққа зиян. Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасындағы тауар айналымы жақсаруда. Өйткені бізге тапсырыс бар. Біз жақында үнді жабдығын сатып алдық. Осы жоғары технология арқылы жүнді басу, киіз дайындау анағұрлым жақсарды, жылдамдатылды. Аяқ киімнен басқа да, киіз түрлерін шығарамыз. Қазір Астанаға тапсырыс дайындаудамыз. Жүн көрпе, жастық, текемет дейсіз бе, бәрін шығарамыз. Киіз үйлерді де дайындаймыз.
Бұл күндері «Розаның» киізден басып, жасап шығаратын түрлі өнімдеріне итальяндықтар, қытайлықтар мен ресейліктер де қызығушылық танытып отыр. Өнімдері өте сапалы. Бұрындары ТМД көлемінде саудаға шығарса, енді бүкіл әлемге тарата аламыз дейді басшылық. Осыдан он жыл бұрын жүн жетпей жататын. Бұл күндері облыста мал басы өскендіктен, шикізат жетерлік. 2016 жылдың қаңтарынан бастап, «Роза» ЖШС ребрендингпен айналыса бастады.
– Сонымен, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, жаңа өнімдер шығаруға көштік,-дейді Харис Сайфутдинов,-балалар пимасы, ерлердің бахил-етіктері, киіз ұлтарақтар, моңғол тәпішкелері, әйелдер мен ерлер уггиі және бұрыннан шығарып келе жатқан пималардың бір түрін ғана қалдырдық. Біздің кәсіпорынды аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов өнімдерімізге жақсы баға берді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.