Қоғам

Семейде 38 отбасы баспаналы болды

Семейде 38 отбасы баспаналы болды
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында аралаған нысандарды Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников те көзімен көріп, өз бағасын берді. Волгоград көшесінің бойынан бес гектар аумақты алып жатқан жаңа тұрғын үй кешені «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша бой көтеріп, ондағы үйлер экономикалық әлеуеті әлсіз деп танылған елді мекендерден қоныс аударушыларға беріліп отыр. 346 млн. теңгеге жуық қаражаттың 257,5 млн. теңгесі республика бюджетінен бөлінсе, қалған қаржы жергілікті бюджет есебінен қарастырылыпты. Бұл жаңа елді мекеннің өз ерекшеліктері бар. Мұндағы 50 үй заманауи көмір жағатын пештермен жылытылады. Көпіршік бетонды блоктан салынған үйлердің ауласында шағын ғана қосымша құрылыстар бой көтеріпті. Оны тұрғындар өз қалауына қарай жазғы асхана немесе отын қоймасы ретінде пайдаланып отыр. Ыстық су мен суық су тартылған, жуыну бөлмесі бар төрт бөлмелі кең үйге ие болғандардың көбі – Абыралы өңірінің елсіз қалған ауылдарынан, Абай және Зайсан ауданының шеткері елді мекендерінен келген отбасылар. Енді бұларға Жарма, Тарбағатай, Аягөз аудандарынан келген отбасылар қосылмақ. Бұл күні пәтер кілтін өңір басшысы мен сенатордың қолынан алған 38 отбасының бесеуі жетім балалар үйінің тәрбиенеушілері болса, біреуі шеттен келген қандасымыз болды.

-«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында бүгін сіздер баспаналы болып отырсыздар. Мұндағы елу үй келешегі баянсыз ауылдардан көшіп келушілерге, жетімдердің жанұяларына және алыстан атажұртқа келген ағайындарға беріліп жатыр. Осыған дейін бұл жерде суды қойып, жарық та болмаған. Қажырлы еңбектің арқасында иен далаға инфрақұрылым орнатылды. Осы істі аяғына дейін жеткізген құрылысшылардың еңбегін атап өтпей болмас. Жаңа қоныстарыңыз берекелі болсын. Әр үйдің ішінде бала күлкісі тыйылмасын, – деген өңір басшысы қолданысқа берілген үйлерге бас сұғып, тұрғындардың жаңа баспанаға қалай орналасып жатқанын көрді.
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақ нақылының шарапатын көргендердің бірі – Марина Минапова қуаныштан көз жасына ерік бере тұрып, бағдарламаны баянды етіп іске асырған басшыларға алғысын білдірді. Бүгінде отбасын құрып үлгерген Марина екі баласына дұрыс баспана тауып бере алмай, қатты қиналған шақтары артта қалғанына қуанатанын да жеткізді. Ал Абралының Бегалин кеңшарынан келген Мейрамғали Рахтаев үйге қоныстанғалы бері көңілдері тоқ екенін айтады.

-Ең бастысы, үйіміз жылы. Енді әкімдіктегілер тұрақты жұмыс тауып береміз деп отыр. Әзірге көрсетіп жатқан көмектеріне дән ризамыз, – дейді.

Индустриялық жобаның игілігін көре бастады

«Alina Pro» ЖШС еліміз бойынша Алматы мен Ақтөбеде ғана бар құрылыс материалдарының өнідірісін қолға алып отыр. Кәсіпорын өндіретін түрлі плиталарға арналған желімдер, цемент сылақтар, желімді бояу, гипс, жуылатын бояу езбелері, Alinex тегістегіштері сынды әркез сұранысқа ие материалдар Қазақстан нарығында Alina Paint, Econom, Alina Paint Fronta атауларымен танымал. 2012 жылы желім мен бояуларды шығаруды игерген кәсіпорын, 2013 жылы облыстың Индустрияландыру картасына ұнтақталған толтырмалар өнідірісін жандандыру жобасын енгізген. Жобаға қажет 203 млн. теңгенің 80 пайызын өз қалталарынан шығарып отырған кәсіпорын басшылығы жылына 36 мың тонна өнім беретін өндіріске 33 адам жұмысқа тартылатынын айтады. Тасты үгітіп, ұнтақтау арқылы түрлі сұйықтықтар мен құрғақ құрылыс материалдарын өңдеуші қондырғылар Қытайдан алыныпты. Алғашқы өнімдері сынақтан өткен. Енді жобаны іске қосу актісін күтіп отыр кәсіпорын басшылары. Серіктестіктің тағы бір өндіріс кешені қала ішінде орналасқан екен. Қала әкімі Айбек Кәрімов ол ауданға жаңа тұрғын үй кешені салынатынын ескертіп, өндіріс кешенін қала сыртына көшіру жөнінде өтініш білдіргенін айтады. Серіктестік директоры Борис Могучев бұл мәселеге қатысты сұраулардың барлығына оңды жауап берілгенін айтты.

Бұдан кейін аймақ басшысы Энергетик кентін сумен қамтамасыз ететін насос стансасының құрылысымен танысты. Бұл құрылыс аяқталған кезде Ертістің оң жағалауындағы 300 орындық емхана, жедел жәрдем аруханасы, Қарағайлы тұрғын үй кешені сынды маңызды әлеуметтік нысандар сумен толықтай қамтамасыз етілетін болады. 2014 жылы толық іске асуы тиіс бұл жобаға 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Бұл кентте сумен бірге жылу мәселесі де толық шешілуге жақын. «5-интернат» жылу қазандығын қайта жарақтаудың арқасында мұнда 17 Гкал жылу өндірілмек. Әзірге бұл ауданның жылу қажеттілігі 6 Гкал шамасында. Алайда, кентке жапсарлас көппәтерлі тұрғын үйлер кешені салынатынын ескерсек, бұл қазандықтың негізгі қызметі болашаққа бағытталған. Қазандықтан шыққан түтін биіктігі 60 метр мұнара арқылы сыртқа шықпас бұрын, арнайы құрылғылар арқылы залалсыздандыру процесіне түсетінін айтады мердігер «Свинецстрой» ЖШС директоры Дамир Дүкенов.
Сенатор Сергей Плотниковке мүлде жаңа келбетке енген «Спартак» стадионын таныстырған облыс басшысы биыл премьер-лигаға қайта оралған жергілікті «Спартак» командасының ұжымымен кездесіп, олардың алдына ел чемпионатының жоғарғы легінен ойып тұрып орын алу міндетін қойды. Тек міндеттер қойылып қана қоймай, команданың келер жылғы жоспары талқыланып, қаржыландыру мәселесі қарастырылды.

Сапар соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Семей машинақұрастыру» зауытына бас сұқты. Шынжыр табанды тартқыш-тасымалдаушыларды, жүк вагондарының қақпақтарын, теміржолдың қозғалмалы құрамына қосалқы бөлшектерді дайындайтын бұл зауыттың өнімдерін өз елімізден бөлек көрші Ресей мемлекеті де сатып алып отыр. Әсіресе, қажет кезде суда жүзе алатын, кран және тиегіш қондырғылар орнатыла беретін әмбебап шынжыртабандарға деген қызығушылық басым. Еліміздің қорғаныс саласынан бұл техникаға арнайы тапсырыс түскенін айтады зауыт директоры Нұрлан Омаров. Негізінен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының құрамдас кәсіпорындарына өнім дайындайтын бұл зауыт 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының құрамына енген. Жыл басынан бергі өндіріс өнімінің көлемі 1,5 млрд. теңгеге жеткен. Зауыт басшысы жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 2 млрд. теңгеге жеткізуге толықтай мүмкіндік бар екенін айтады. Бір қуантатыны, мұндағы өнідірісте қолданылатын материал мен бөлшектердің 80 пайызы – отандық өндірушілердің үлесінде. Бұл зауыттың тек қорғаныс және жүк тасымалы көліктерін ғана шығарып қоймай, жолаушы көліктері өндірісін қатар алып отырғанын сенатор Сергей Плотников те жоғары бағалады.

«Бүгін Семейдің қалай дамып келе жатқанын көзбен көрдік. Бүгінде Семейдің әлеуметтік жағынан да, өнеркәсіптік жағынан да келешегі зор екеніне көзім жетті. Жуықта ғана Мемлекет басшысы беларустік өндірушілермен маңызды келісімге қол жеткізді. Сол келісім негізінде бұл зауыт жаңа өндіріс сапасын меңгермек. Зауыттың бүгінгі қарқыны да жаман емес. Жыл сайынғы өндіріс көлемінің өсімі 30 пайыз болуы соның дәлелі. Осының барлығын ескере келе, зауыттың келешегі зор деп айтуға болады», – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button