Семейдің жолдары жөнделіп, жылу жүйесі реттеледі
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семей қаласында жұмыс сапарымен болып, бірқатар өндіріс нысандарын аралады. Сондай-ақ, аймақ басшысы шаһардағы перинаталдық орталық мамандарымен және Семей медициналық университетінің студенттерімен кездесті.
Сұраныс болса, өндіріс дамиды
Бүгінде «СемАЗ» ЖШС өндіретін жүк көліктері мен тракторлар еліміздің барлық өңіріне тараған. 2016 жылы кәсіпорын 821 трактор, 680 жүк көлігін шығарыпты. Облыс басшысы мұндағы трактор құрастыру цехында болып, технологиялық желімен танысты. Серіктестік директоры Әсемхан Досқожанов жалпы кәсіпорында 264 адам жұмыс істейтінін баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы кәсіпорынның өндіріс көлемі 2015 жылдан сәл кеміген. Соған сәйкес штаттағы жұмысшылар саны да 30 адамға азайған. Технологиялық желіні жетілдіріп, өндіріс көлемін сақтау үшін облыс тарапынан қолдау қажет екендігін айтады Ә.Досқожанов.
Әйгілі «Белорус» тракторының жеті бірдей моделін, «Shacman», «Урал», «Foton», «Газель» автокөліктерін құрастырып отырған компанияның жарғылық капиталы 540 млн. теңгеге бағаланған. Зауыт жылына 1500 трактор, 2000 жүк көлігін шығаруға әлеуетті.
Облыс әкімі зауыт басшыларына өндіретін техниканың санынан бұрын сапасына мән беру керектігін ескертіп, халыққа барынша тиімді техникалар ұсыну қажеттігін тапсырды.
– Бүгін әлемдік машина жасау индустриясында сұранысқа ие ұсыныстар табу маңызды мәселеге айналып отыр. Өндіріс желісі шағын, шығаратын техника түрлері санаулы болса да, сұраныстың көптігінің арқасында байып отырған компаниялар бар. Солардың тәжірибесін мұнда да енгізуге болады, – деді ол.
Аймақ басшысы болған тағы бір нысан – «Терра Вита» ЖШС. Медициналық жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпорынның батыл бастамаларын облыс басшысы да құптап отыр. Батыл бастама деп отырғанымыз, компания күйік шалған науқастарға арналған төсектер өндірмекші. Мұндай бұйым әлем бойынша Жапонияда ғана шығатын көрінеді.
-Серіктестікте 25 адам жұмыс істейді Соның біреуі – менің ғылыми кеңесшім. Болашақта білікті ғылыми қызметкерлердің санын көбейту керек болып тұр. Өйткені, күйік шалғандарға арналған төсек өндірісін қолға алмақшымыз. Жапонияның өндірісін
жан-жақты зерттеп, технологиясын меңгердік. Енді соны іске асыру үшін білікті ғылыми жетекші қажет, – дейді серіктестік директоры Насихат Исабаева.
Аймақ басшысы «Терра Витаның» өндіріс ошағын түгелдей аралап, медициналық қондырғылар мен жиһаздардың қандай жағдайда жасалып жатқанын көрді. Өз жұмысын 2007 жылы бастаған кәсіпорын қазір медициналық жиһаздың 300-ден астам түрін шығарады. Биыл оның үстіне тағы 15 түрге сертификат алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұдан былайғы өндірісте жоғары қысымға төзімді HPL пластиктерін пайдалануды жолға қоймақ. Аталмыш материал барлық халықаралық стандарттарда бекітілген. «Терра Витаның» өнімдері негізінен Қазақстан аумағына таралған. Өңірдегі медициналық мекемелердің барлығы дерлік қажет жиһазды осы кәсіпорыннан алады. Сұраныстың жыл санап артуына байланысты биыл жұмысшылар санын 30 адамға жеткізу жоспарланған.
-Орынбасарым Әсем Нүсүпова мен денсаулық сақтау басқармасына бұл компания өнімдерінің бәсекеге сәйкестігін зерделеуді тапсырамын. Импорттың орнын алмастыруға бағытталған бастамалары құптарлық. Өңірде әлі талай медициналық ғимараттар ашылуы тиіс. Соның барлығына жиһаз бен қондырғы керек. Сапасы сай келіп жатса, соның бәрін сырттан тасығанша, жергілікті компанияға тапсырыс беру тиімді болады. Жүрген жерімізде «Даму» қоры ұсынып отырған сегіз пайыздық несиені игеретін жобалар іздеп жүреміз. «Терра Витаның» жоспары сол талаптарға сай деп ойлаймын. Ол үшін компания басшылығы технологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет. Тапсырыс берушінің қалауынан бұрын стандарттық талаптар орындалуы шарт, – деді облыс басшысы.
Қалалық перинаталдық орталықта аймақ басшысы өңірлік бағдарлама аясында Ұлыбританияның астанасынан біліктілігін арттырып келген мамандармен кездесті. Жарты жылдық курстан өткен 12 қызметкер облыс басшысына Лондонда қандай білімді игергендерін айтып берді.
-Англиядағы жарты жылда біз көп дүниені меңгердік. Ол жақта нәресте туған кезде қан кету процесін тыю бойынша көптеген зерттеулер жүріп жатыр. Әлем бойынша бала өлімі ең аз тіркелген ел болғандықтан, біздің деңгейді салыстыруға келмейді. Алайда, медициналық қондырғылармен жабдықталу тұрғысында біз олармен қарайласпыз деуге де болады. Тек білім, білік, жоғары технологияларды шебер пайдалану жағынан үйренеріміз көп, – дейді Асхат Бөртебаев.
Аймақ басшысы бұл топ алдағы уақытта ағылшын тілін жетілдіріп, бағдарламаның екінші сатысына қатысатынын айтты.
-Сіздерден бөлек, 150 адамды үш топқа бөліп тағы жібереміз. Педиатрия, онкология, қан айналым аурулары бойынша іріктеп алынған мамандар да жартыжылдық курстан өтеді. Сіздердің перинаталдық орталықта бала өлімі азаймай тұр. Қазіргі медицина жетістіктерімен салмағы 500 грамм болып дүниеге келген сәбидің өзін аман алып қалуға болады. Ал 700 грамм салмақ баланың тірі қалатынына кепілдік болып саналады. Бізде заманауи қондырғының барлығы орнатылғанмен, бала өлімі әлі көп. Яғни, мәселе қондырғыда емес, мамандарда деген сөз. Сондықтан орталық қызметкерлері ең әуелі өз міндетіне қатысты көзқарасын өзгертуі тиіс. Сіздердің қызметкерлеріңіз әлемнің озық тәжірибесін меңгеріп қайтты. Кейін бұл орталық сол әлемдік деңгейдегі қызмет сапасын өңірдегі басқа медициналық мекемелерге таратуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Қатерлі дертті зерттеп жүр
Дәл осындай басқосу Семей мемлекеттік медициналық университетінде де өтті. Мұнда облыс әкімі медицина қызметінің өлшемдері өзгергенін, соған сай болуы үшін ағылшын тілін жетік меңгеру қажеттігін атады.
-Өңірлік бағдарлама аясында бірнеше маманның Лондонда жартыжылдық курстан өткенін білесіздер. Болашақта олардың арасында бөлім меңгерушілері де біліктіліктерін жетілдіреді. Өйткені, басшының қарамағындағы қызметкерден білімі төмен болмауы керек. Тіпті, Семей мен Өскемендегі перинаталдық орталықтың басшылары да бұл крустан өтеді. Ал ағылшын тілін білмейтін мамандар тіл меңгеру кезінде жұмысты үзе тұруы керек, – деді аймақ басшысы.
Ақ желеңді жандар шетелдің озық тәжірибесін меңгеріп қана қоймай, өзіміздегі ардагер дәрігерлерден тәлім алады. Бұл өңірлік бағдарламаның бірінші сатысында жүзеге асуы керек. Одан кейін іріктелген мамандар шетелде алты айлық курстан өтеді. Үшінші кезеңде шетелдік білікті мамандар біздегі мекемелердің жұмысын халықаралық талаптарға сай ұйымдастыратын болады. Университет ректоры Төлебай Рахыпбеков білім ордасында ағылшын топтары бар екенін, онда шетелдік студенттермен қатар өзіміздің студенттер де білім алатынын жеткізді.
Кездесу барысында студенттер де сөз алып, өздерінің болашақ жоспарларымен бөлісті. Семей медициналық университеті бүгінгі таңда Жапонияның Нагасаки университетімен тығыз байланыс орнатқан. Бірнеше түлегі аталмыш елде докторлық зерттеулер жүргізіп, күншығыс елінің тәжірибесін меңгеруде. Соның бірі – университеттің 2008 жылғы түлегі Жанна Мұқажанова. Ядролық медицина, радиология бойынша білімін жетілдіріп жүрген маман онлайн-байланыс арқылы Жапония ғалымдарымен бірге қазақтар арасында қалқанша безі обырының таралу себептерін зерттеп жүргенін айтты. Сонымен қатар, ғалым Қазақстаннан барған екі магистрантқа докторлық жұмыс бойынша жетекшілік етуде. Өз кезегінде облыс басшысы университеттің маман дайындаудағы әлеуетін толық пайдалану керектігін ескертті.
Облыс әкімі жұмыс сапарын қалалық әкімдікте түйіндеді. Қаланың коммуналдық қызмет, сәулет және қала құрылысы мамандарымен өткен жиында Қарағайлы шағын ауданына инфрақұрылым тарту, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы баспана салу, шаһарды абаттандыру мәселелері талқыланды.
Жоба бойынша Қарағайлы шағын ауданы қаланың солтүстік бөлігінен, Энергетик кентіне жақын жерде 74 гектар аумақта орын тебуі тиіс. Бұл ауданда 64 тоғыз қабатты тұрғын үй, 7 он екі қабатты және он жеті қабатты үй, әлеуметтік мәдени нысандар бой көтереді.
Ауданның тұрғын үй қоры 541,7 мың шаршы метрді құрап, 18,1 мың халық шоғырлануы тиіс. Әзірге 72 пәтерге шақталған тоғыз қабатты үш үйдің құрылысына сәулет-жоспарлау құжаттары тапсырылған. Сондай-ақ, 2000 орындық интеллектуалдық мектеп пен 120 орындық интернаттың, 240 орындық балабақша мен оңалту орталығының жобасы дайындалуда.
Қарағайлы шағын ауданында салынып жатқан үйлердің маңынан әр пәтерге 1,5 автотұрақ қалдыру, кіреберіс жолдардың енін алты метр ету сияқты талаптардың сақталуына назар аударған Даниал АХМЕТОВ биыл «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы бес көпқабатты үй тұрғызу керектігін баса айтты.
Ал қала көшелеріндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізуге қосымша 1,1 млрд. теңге бөлінбек. Абаттандыру жұмыстарына шаһар бюджетінен 360 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа Ертіс жағалауынан бөлек, Қабанбай батыр алаңы қалыпқа келтіріледі.
-Семейдің жылу жүйесіндегі жүйесіздіктерді реттеу үшін биыл 3,4 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсаймыз. Осылайша, соңғы 10 жылдан бері семейліктердің бас ауруына айналған жылыту мәселесін біржақты етеміз, – деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы