Қоғам

Семейдің спортшысы неге Ақмола облысында жаттығып жүр?

Семейдің спортшысы неге Ақмола облысында жаттығып жүр?

Семейде облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен шаһардың спорт саласындағы бүгінгі проблемалары мен жетістіктері талқыланған арнайы кеңес өтті.

Жиынға қала әкімі Айбек Кәрімов, спорт ардагерлері, спортшылар, спорт мектептерінің басшылары, түрлі спорт федерацияларының мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
– Биыл Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойына орай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолдауымен көптеген игі шаралар қолға алынды, – деді жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева, – Семей қаласының тұрғындары спорттың өзге де түрлерімен айналысуға ықыласты. Алайда, оларға тиісті жағдай жасау керек. Мәселен, қалада спорт нысандары жетіспейді. Әрбір 1000 тұрғынға бір нысаннан ғана келеді.

Қала әкімінің орынба-сары өз сөзінде осы сала-дағы түйткілді мәселелер-ді тілге тиек етіп, облыс Әкімінің орынбасарынан бұл тарапта көмек көрсету-ді сұрады. З.Исабаева қаржының жоқтығынан қаладағы хоккей модулі құрылысының мерзімінен кешігіп жатқанын, «Локомотив» стадионының материалдық базасының нашарлығынан ондағы спортшылардың Өскемен-ге барып, жаттығуға мәжбүр болып жүргенін жеткізді.

– Өскеменде 14 спорт мектебі бар, ал аудандарда 2-3 мектептен, Семейде бар-жоғы 4 мектеп қана. Тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Жастардың жаттығатын жері жоқ. Спортшы бозбалаларға арналған интернаттың жоқтығынан жыл сайын Семейден дарынды спортшылар басқа жаққа кетіп жатыр. Мәселен, ауыр атлетикадан бірнеше дүркін ел чемпионы, жастар мен балалар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виктория Вагнер Ақмола облысы, Степногорск қаласының спорт мектебінде жаттығуға мәжбүр, – деді қала әкімінің орынбасары.

Жиын барысында бұқаралық спортты дамыту, сырттан келген спортшыларға арқа сүйегеннен гөрі жергілікті өрендерге қолдау білдіру, қаладағы «Спартак» командасына ізбасарлар дайындау жәйі жан-жақты талқыланып, Семейде қазақ күресінің орталығы ашылса деген ұсыныс айтылды.

– Әрине, спорттың халқымыздың өмірінде маңызы аса зор. Айтылған ұсыныстардың барлығы орынды. Қала басшысының пікірін қолдаймын. Бұқаралық спортты дамыту керек. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Семей өңіріндегі спорт пен мәдениет саласының дамуына әрдайым ерекше көңіл бөледі. Қаладағы «Спартак» стадионының күрделі жөндеу жұмыстарына жарты миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Алайда, ұйымдастыру жұмыстарында кемшіліктер бар екен. Соны түзеңіздер. Өскеменде салынып жатқан спорт нысандарының дені демеушілердің көмегімен бой көтеруде. Семейде осы тарапта жұмыстар қолға алынуы керек, – деді жиынды қорытындылаған облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Осы жиыннан кейін облыс Әкімінің орынбасары қаладағы спорт саласының ардагерлерімен кездесу өткізіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button