Қоғам

Семейдің серпінді дамып келеді

Семейдің серпінді дамып келеді


Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семей қаласында болып, шаһар басшысы Ермак Сәлімовтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты. Сондай-ақ, қалада салынып жатқан бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Тұрғын үй құрылысына көңіл толады

Бүгінде Семейде халықты тұрғын үймен қамтудың өңірлік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, былтыр «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құрылыс компанияларымен бірлесе бес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастаған болатын. Оның екеуі Мелькомбинат ықшам ауданында орналасқан (біріншісі 2016 жылдың жазында, екіншісі жаңа жылдың алдында пайдалануға берілді). Бүгінде бұл үйлердің біріне тұрғындар кіріп қойған, екіншісінің де пайдалануға берілу күні алыс емес. Айта кетейік, аталмыш үйлердің пәтерлері облыс әкімдігі, «Ертіс» ӘКК мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасындағы меморандум негізінде өңірлік бағдарлама бойынша сатылуда.

Жаңа үйден пәтер бұйырғандардың бірі – осы нысанды салған құрылыс компаниясының жұмысшысы Әділет Бордатқанов.

– «Ертіс» корпорациясы ұсынған бағдарламаның артықшылығы – мұнда пәтер құнының кем дегенде жартысын жинау керек деген шарт жоқ. 30 пайызын жинасаңыз, баспананы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы алуға болады. Менің отбасымда мұндай мүмкіндік болды және біз ол мүмкіндікті пайдаландық. 15 жылға несие алып, жаңа пәтерге ие болдық. Банкке ай сайын төлейтін ақшаның мөлшері де қалтаға қонымды. Мұнда қоныстанғанымызға бір ай болды, үй жылы, коммуникацияның бәрі тартылған. Автобус аялдамасы да үйге жақын, – дейді жаңа пәтер иесі.

Тоғыз қабатты үйдің пәтерлеріне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те жоғары баға берді. Аймақ басшысы жаңа тұрғын үйлердің ішкі және сыртқы әрлендіруін, аулалардағы балалар ойын алаңқайлары мен автокөлік тұрақтарының сапалылығын ерекше атап өтті. Құрылысшыларға қаланың бір жақ шетінде бой көтеретін Қарағайлы ықшамауданындағы үйлердің сапасы да осындай болуы керектігін ескертті.

– Семейге келген сайын көңіл марқайып қалады. Шаһар көз алдымызда өзгеріп келеді. Әлеуметтік маңызға ие жаңа нысандар салынып, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Осы орайда, жаңадан салынатын көпқабатты үйлер заман талабына сай автотұрақтармен, аулаішілік кең жолдармен қамтылуы керек деген тапсырмамды бұлжытпай орындаған қала әкімдігі мен құрылыс компаниялары басшыларының еңбегін атап өткім келеді, – деді жаңа тұрғын үйлердің іші-сыртын аралап көрген облыс әкімі.

Алда маңызды міндеттер тұр

Бұдан кейін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ семейліктермен бірге қала әкімі Ермак Сәлімовтың халық алдындағы есеп беру кездесуіне қатысты. Есепті кездесуде Елбасының биылғы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жайында да кеңінен сөз қозғалды.

Шаһар басшысының айтуынша, жалпы алғанда, Семей қаласының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша негізгі экономикалық салаларда 2015 жылмен салыстырғанда жағымды динамика байқалады. Әрине, бұған ең алдымен, облыс әкімінің Семей қаласының бүкіл жеке кірісін облыс қазынасына аудармай, жергілікті бюджетте қалдыру жөніндегі шешімі оң әсер еткені сөзсіз. Атап айтқанда, былтыр қалалық бюджет жеке кірістері бойынша 110 пайызға орындалған. Алдын ала жасалған жоспар бойынша бір жылдағы түсім мөлшері 14,5 миллиард теңгені құрайды деп болжанған болатын. Ал іс жүзіндегі түсім сомасы 14,8 миллиард теңгеден асып түсті. Республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген трансферттерді, несиелерді қоса есептегендегі бюджет шығысы 27,4 миллиард теңгеге жетті.

– 2016 жылы өнеркәсіп саласында қолданыстағы бағадағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,2 миллиард теңгеге артып, 154,2 миллиард теңгені немесе 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 121,4 пайызды құрады. Металлургия саласында, ағаш, қағаз және қағаз өнімдері, фармацевтикалық тауарлар, резіңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде өнім шығарылымының артуы байқалады. 2015-2019 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысының Индустрияландыру картасына екінші бесжылдық аясында Семей қаласынан құны 257 миллиард теңге болатын және 1 799 жұмыс орынын ашуға мүмкіндік беретін тоғыз инвестициялық жоба қосылды. Оның ішінде 345,0 миллион теңгеге екі жоба іске асырылып, 36 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл алдағы уақытта өнеркәсіп өнімінің көлемін бір жарым миллиард теңгеге арттыруға мүмкіндік береді, – деді қала әкімі өз есебінде.

Оның айтуынша, 2016 жылы қалаға шамамен 45 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция тартылған. Бұл бірінші кезекте, алтын, сондай-ақ, электр беру желісі бағандары өндірісінің жаңа технологияларын енгізу жөніндегі жобаларды іске асырумен, жаңа электр беру желілерінің құрылысы жөніндегі жобаларды іске асыруды жалғастырумен, сауда желілерін арттырумен байланысты.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен сыртқы экономикалық әріптестікті нығайту үшін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі кредиттік шарттар мен алдын ала келісімдер жасалды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 26,8 миллиард теңгені немесе 103,9 пайызды құрады. 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда ет өндірісі 18 пайызға, сүт бір пайызға, жұмыртқа 1,6 пайызға артқан. Ірі қара мал басы 7,3 пайызға, жылқы 10,2 пайызға, құс 10,3 пайызға ұлғайды.

Ермак Сәлімовтің айтуынша, өндірілген өнім көлемінің артуына жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге болатын мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдікпен несиелеу септігін тигізген, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға (1,1 миллиад теңге) артық.

Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да оң өзгерістер байқалады.

Баяндамасының соңында қала әкімі Ермак Сәлімов Семей шаһары жалпы алғанда жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын атап өтті. Қала басшылығы мен жұртшылық Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қойған мақсат-міндеттерді абыроймен орындап келетінін жеткізді.
Қаланың жетістіктерін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те атап өтті. Дегенмен, кемшін тұстар да жоқ емес. Енді сол олқылықтарды жою үшін билік болып, жұртшылық болып, жұмыла әрекет еткен жөн. Аймақ басшысының айтқаны осыған саяды.

– Алдағы уақытта Семей қаласының әкімдігі алдына жаңа міндеттер қойылатын болады. Оларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлінбек. Өздеріңіз куә, соңғы жылдары қаланы көркейту, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс алдағы жылдары да тоқтамақ емес. Жергілікті әкім мен кәсіпкерлердің шаруаға білек сыбана кірісетін уақыты жетті. Бүгінде Семей қаласының түкпір-түкпірінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар, зәулім үйлер бой көтеруде. Қаланың инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңғыртылатын болады. Бұл мәселелердің дені алдағы бір-екі жылда шешімін таппақ. Себебі, алдымызда Семей қаласының 300 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осы мерейтойды бүкіл сән-салтанатымен атап өтетін боламыз. Айтулы датаға байланысты шаһарда облыс көлемінде ғана емес, еліміздегі бірегей нысандар салынып, пайдалануға берілетін болады, – деді аймақ басшысы.

Жиында облыс әкімі мен қала басшысы тұрғындарды толғандырған мәселелерге жауап берді. Семейліктерді, әсіресе, қолжетімді баспана, тұрғын үйлерді жылумен қамту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жолаушыларды тасымалдау, қар шығару, ономастика сияқты тек қалаға қатысты мәселелермен қатар, міндетті медициналық сақтандыру, Семей полигонынан зардап шеккендерді сауықтыру, тіл мен патриотизм мәселелері, тіпті, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай төленуі тиіс болған сыйақылар жайы да қызықтырып, алаңдатады екен.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен қала басшысы Ермак Сәлімов жиында көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын мәлім етті. Жиналғандарды әсіресе, алдағы уақытта Семейдегі жолаушылар тасымалына қатысты мәселелерді жою мақсатында шаһарға 85 жаңа автобус сатылып алынатыны, Қабанбай батыр ескерткіші күрделі жөндеуден өткізілетіні және қаланың бірнеше ықшам ауданында пәтерлерінің құны қолжетімді он шақты жаңа көпқабатты тұрғын үй салынатын туралы ақпарат қуантып тастады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button