Семейді сағынып, қайта оралды
Альберт Зим – Қазақстанға қайта оралған неміс ағайынымыздың бірі. Ол кісімен қаладағы өлкетану мұражайында кездесудің сәті түсті. Ақжарқын Альберт аға қазір зейнет жасында болса да, қартайдым деп қарап отырған жоқ. Бал араларын өсірумен айналысады. Қазақ халқын өз бауырым, туғаным деп есептейді.
– Мен негізі Белорусияның Минск қаласында туып-өстім,-дейді Альберт Клаусович,-бірақ, жұмыс барысымен Семейге ауыстым. Бұл 1970-інші жылдар болатын. Кейінірек екі Германия қосылып, Қазақстан Тәуелсіздігін алған уақытта, 90-ыншы жылдары неміс ағайындарымның біразы көшіп кетті. Олар Қазақстанның Қарағанды облысында тұратын. Біз хабарласқанда, халіміз жақсы деп айтатын. Олардың халін біліп, туған-туыстарым, Германияға қонаққа да барып келді. Содан кейін балаларымыз сол жаққа оқуға түсті. Балалар шақырған соң, «Германияда бәріміз де бірге болайық» деген мақсатпен біз де көштік. Балалар оқу бітірген соң, Германияда қалды. Ал біз қанша дегенмен, өзіміз үйренген қала Семейді сағынып, қайта көштік. «Отан оттан да ыстық» демекші, менің сүйікті Отаным – Қазақстан, қазақ жері. Мен неміспін, бірақ қазақтармен құдандалы адаммын. Қазақ «күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп жатады. Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан осы қазақ жерінің дәм-тұзынан айырмасын деп тілеймін. Қазы-қарта, жал-жая, айран-сүтінің дәмі қандай ерекше, Германияда жүргенде қатты сағындық. Балының дәмі де керемет. Шығысқа оралсам, бал өсірермін деп ойлайтынмын. Осындай қасиетті мекенде, керемет дархан далада, егіні теңіздей толқыған елде өмір сүру – халқымыздың басына бұйырған бақ. Мен елімді, жерімді, туымды қастерлеймін. Елбасымыздың да халқы үшін сіңіріп отырған еңбегі ерен. Тәуелсіз Қазақстанның Қызылордасы күрішке, Қарағандысы көмірге, Теміртауы түрлі түсті металға, Атырауы мұнайға, Қостанайы егінге бай. Қаншама жерасты байлықтары, көлдері, таулары бар.
Мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық теңгеміз, Ата заңымыз және Сарыарқаның кең-байтақ даласында бүкіл елді өзінің бірнеше жылдар ішінде жылдам көркеюімен таңғалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Астана – қазақ елі болашағының қаласы. Өткенде Германиядан келген немерелерімізбен бірге Астанаға да қыдырып қайттық. Астанадағы биіктігі 97 метрді құрайтын көркем Бәйтеректі көріп, таң-тамаша қалдық.
Альберт Зим Арқаның суығына, аязына үйренгендіктен де, Германияның ауарайы бірден жақпайды. Он бес жыл өткенде Қазақстанға қайта оралды.
Ол жақтағы ауарайы денсаулығына кері әсер еткен көрінеді, оралуының бір сыры осында жатыр. Қайта келгенде бұрынғы үйін сатпағанына қуанады.
Жалпы, Шығыс өңірінде Семейде ғана емес, Бородулиха ауданында да немістер өте көп тұрады. Халық ішінде немістер салған тамаша үй деген ұғым да қалыптасқан. Осы Бородулиха ауданында бірыңғай немістер көп тұратын бірнеше ауылдар да бар. Оларда Альберттің туысқандары тұрып жатыр екен.
Олардың барлығы да көпұлтты Қазақстанды атамекеніміз деп санайды. Көршілес, қоныстас отырған ағайындармен достықтары өзара жарасқан.
-Еліміздегі қол жеткізген табыстар осы халықтар достығымен тығыз байланысты,-деді Альберт Зим,-бүгінде өзімізді әлемге ауызбіршілігі және ынтымағы жарасқан ел деп танытсақ, мұның бәрі – қазақ халқының қанына сіңген қонақжайлығының арқасы.
Раушан Нұғманбекова
Семей.