Қоғам

Семейдің Орталық саябағы абаттандырылады

Семейдің Орталық саябағы абаттандырылады

Кеше аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВ Өскеменде бір топ өңір тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Алғашқы телеграф үйі мұражайға айналмақ

Алғаш боп облыс әкімі семейлік тұрғын Николай Исаевты қабылдады. Ол қала құрылысындағы заңбұзушылықтар және саяжай шаруашылығы мәселелерін көтерді.

– Семейде кезінде Әуезов атындағы саябақболған, қазір орны да жоқ. Жері тоқсанынша жылдары жеке меншікке өтіп кетті. Ал Орталық саябақтың 13 иесі бар. Мен осы мәселені көтеріп, Гариковтың жауабы қанағаттандырмады. Сонымен қатар, шаһарда ағаштар заңсыз оталуда, біраздан соң олардың орнында дүңгіршек тұрады. Құрылысшы ретінде мені жақсы түсінеді деп сенемін, – деді ол.

Исаев қалада саяжай шаруашылығын дамыту мәселесінің де шетін шығарды. Кезінде Семейде 40 мың саяжай болыпты, қазір 15 мыңы қалған. «Орленок» саяжай кооперативінде 5 мың саяжай болса, бүгінде қалғаны – 400. Оларға қатынайтын автобустардың билет құны 200 теңгені құрайды. Тұрғындардың айтуынша, бұл – қалтаға бататын баға. Оның үстіне оларға баратын жолдардың жағдайы да мәз емес. Яғни, инфрақұрылымның жоқтығынан саяжайлар саны көбеймей отыр деп санайды Исаев.

Мәселені мұқият тыңдаған облыс әкімі қала басшысына Орталық саябақты абаттандыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осы айдың ортасынатаман Семейге барып, саябақты аралап көреді. Сондай-ақ, аймақ басшысының нұсқауы бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың жетекшілігіндегі аталмыш мәселемен айналысатын комиссия құрылып, ол жұмыс тобы келесі бейсенбіде ұсыныстар енгізетін болады.

– Саяжайлар мәселесімен орынбасарым Дүйсенғазы Мусин және ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары Семейге арнайы барып айналысатын болады. Мәселені түбегейлі зерттеген жөн. Семейге айналма жол салынады, оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзір. Бұл қала шетіндегі саяжайларға қатынайтындарға ыңғайлы болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Келер жылы Семей 300 жылдығын атап өтпек. Осыған орай Николай Исаев қала ортасында тұрған алғашқы телеграф ғимаратын қалпына келтіріп, онда байланыс мұражайын ашуды ұсынды. Нысан қала балансында. Даниал АХМЕТОВ бұл идеяны қолдап, қала басшылығына арнайы тапсырма жүктеді. Келесі сапарында аймақ басшысы сол ғимаратты қарап шығатынын айтты.

Төлеген батырға ескерткіш қойылады

Өскемендік азамат Марат Қайсенов Кеңес Одағының Батыры, Ұлан ауданының тумасы Төлеген Тоқтаровқа Өскемендегі Қазақстан және Тоқтаров көшелері қиылысында ескерткіш орнатуды сұрады.

–Тоқтаров көшесі – бірнеше үйден ғана тұратын шолақ көше. Сол үйлердің бірінде тақтайша орнатылған. Одан басқа белгі жоқ. Мен Төлегеннің туысымын. Ол 22 жасында ерлікпен қаза тапты, артында ұрпағы қалған жоқ. Осы мәселені бірнеше жыл бойы көтеріп келемін, алайда, нәтиже шамалы. Ол кісі туралы кітап шығардық. Батыр ағамыздың атын кейінгі ұрпақ біліп жүруі тиіс, оның туыстарынан жасы үлкені – менмін. Кейінгі балалар бұл мәселемен бас қатырмайтыны анық. Сол себептен Сізден көмек сұраймын, – деді Марат ақсақал.

Аймақ басшысы қала әкімдігіне және мәдениет басқармасына осы мәселемен бір айдың ішінде шұғылдануды тапсырды.
–Ағамыз айтып тұрған орынды жақсылап қараңдар, қолайлы ма, жоқ па? Егер ыңғайлы болса сол жерге бюст орнатайық. Мүмкін бюст емес, еңселі ескерткіш қоямыз. Ол жағын әлі жан-жақты ойластырайық. Бірақ нақты айтарым – қаһарман жерлесімізге арналған ескерткіш Өскеменде болады, – деп сендірді облыс әкімі.

Осы күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы түрлі жеке мәселелерімен келген Өскемен қаласының, Аягөз, Ұлан аудандарының тұрғындарын қабылдап, мәселелерін назарға алды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button