Ауыл шаруашылығы

Семейді көкөніспен қамтып отыр

Көше бойындағы көкөніс сататын дүңгіршектер мен дүкендерді айтпағанда, базарға бара қалсаң, көкөніс пен жеміс-жидектің көптігінен көзің қарауытып, басың айналады. Олардың әкелінген елдері мен белгіленген бағалары да, тіпті, тұтынушыға ең қажетті сапасы да әр алуан. Басым бөлігі – Қытайдікі. Жасырып-жабары жоқ, кейде қып-қызыл ақшаға сатып алған дүниең су татып, араға күн салмай бүлініп жататыны да бар. Өкінішті, әрине.

Семейді көкөніспен қамтып отыр

Жиын-терін кезінде
студенттер сеп екен

Өскеменді қайдам, ал Семей халқының бұл тұрғыдан жолы болған ба, деп қалдық. Олай дейтініміз, Оралбек Тоқашбаевтың қаланың іргесінде орналасқан «Балке» шаруашылығы біраз жылдардан бері Семей халқының басым бөлігін қолда өсірілген нәрлі де сапалы көкөніс түрлерімен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Бұл шаһарды осыншама көкөніс түрімен қалайша қамтамасыз етіп отырғанын білмек оймен сол шаруашылыққа бардық.

Қырық шақты түтіні бар шағын ғана Бірлік ауылының шетінде орналасқан еңселі үйдің маңы толған ауыл шаруашылық жұмыстарына арналған түрлі техникалар мен олардың тіркемелері, одан қалса қосалқы бөлшектер. Бақшалық жеріне көкөністің түр-түрін егіп, жайқалтып тастапты. Ойламаған жерден күн бұзылып, суық түсіп кеткендей болса, қалқалап, жауып қоятын асай-мүсейлері де сақадай-сай тұр.

– Ең алғаш, шаруашылықты бастағанда қолдағы бар сайманымыз да, техникамыз да бір үшкір күрек пен жалғыз кетпен болатын. Осы тұрған жеріміз тап-тақыр жер еді. Мына үйді де, ана қора-жайды да кейіннен тұрғызып алдық. Ол енді ел тәуелсіздігінің алғашқы әрі халыққа қолайсыздау тиген 1995 жылдар еді, – деп есіне алады Орекең бейнеті мол сол бір күндерді. – Кәсібіміздің бастауын «Нар, тәуекел!» деп, қияр егуден бастадық. Қиярдың өзге көкөніс түрлерінен бір артықшылығы, егіп тастаған соң арада екі ай өткенде дән бере береді. Тек, уақытында түптеп, суарып, күтіп-баптай білсең болғаны. Алғашқы бетте көптеген қиыншылық болды. Біресе сайманымыз жетпесе, енді бірде жұмыс қолы жетіспеді. Оның үстіне бұрын-соңды көкөніспен айналысып көрмеген біздің бұл шаруашылық жайлы білеріміз де шамалы болып шықты. Кейін қиярды өсіріп, оны баптаудың қыр-сырын үйреніп алғасын көкөністің өзге де түрлерін өсіруді қолға ала бастадық. Қазір бірыңғай осы салаға арналған нақты бағыт-бағдарымыз, жоба-жоспарларымыз бар. Өзім осы ауылда туып-өстім. Қазір ауылдың 30-40 адамы менде жұмыс істеп нан, шәйларын айырып отыр. Бізге, әсіресе көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін кезінде жұмыс қолы жетіспейді.

Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан шаруашылықтың қазіргі көкөніс алқабында не жоқ дейсіз? Әуелде шаруашылықтың құрылуына себеп болған қиярдан бастап, қызанақ, баклажан, сарымсақ, жуа, бұрыш пен бұршақтың бірнеше түрлері, қырыққабат, сәбіз, картоп, қауын-қарбыз, тағы да басқа көкөністің толып жатқан түрлерінің бәрі бар. Қожалық үш жылдан бері көктемдегі егу және күзгі жиын-терін маусымдарында Семейдегі Шәкерім атындағы университетпен келісімшарт арқылы жұмыс жүргізеді екен. Айталық, маусым айында студенттер 10 күннен кезек-кезек, бір ай бойы суару, түптеу, арамшөп жұлу жұмыстарына тәжірибе ретінде қатысса, күздігүнгі жиын-терінге студенттерді шаруашылық қожасы университеттен өзі сұрап алатын көрінеді. Бірақ, ол кезде студенттер тәжірибеге емес, кәдімгідей еңбек етіп, табыс табуға келеді екен.

Әттең, тонның келтесі-ай…

– Көкөністен бөлек мал да ұстаймыз. Күнделікті екі мезгіл сиырларды электрлі қондырғымен сауып, сүтін арнайы келісімшартпен Семейдегі №3, 5 балалар үйіне өткізіп тұрамыз. Өсіріп жатқан көкөнісіміздің де басым бөлігі келісімшарт арқылы өтіп кетеді. Ол үшін тендерге қатысып тұрамыз. Көкөністің қалғанын қала базарларындағы қоймаларымызда сақтап, сол жерде толайым бағамен сатамыз. Ал қыс мезгілінде бірыңғай ет, сүт сатумен айналысамыз. Соңғы бес жылда шаруашылығымызда мүлдем ілгерілеушілік болмай тұр. Оның басты себебі: қолдағы бар техника тозған, зауыттан сонау 70-жылдары шыққан. Олардың қазіргі жаңа технология тіркемелеріне, сол секілді қосымша агрегаттарға шамалары жетпейді. Нәтижесінде мал азығының қорын уақтылы дайындап ала алмаймыз. Әрине, өзге шаруашылықтар көшіп жатқан жаңа технология түріне біздің де көшкіміз келеді. Бірақ, оған қол қысқа…

«Несиеге неге алмайсыздар?» дейсіз. Мұншама техника алу үшін қанша несие алу керек екендігін білесіз бе? Көмек сұрап, бармаған жерім жоқ. Шынымды айтсам, шаршадым. Ондағылар бір-біріне сілтей-сілтей, ең ақырында мәселе «Кепілдікке не қоясың?» деген сауалға тіреледі. Кепілдікке қояйын десем, техникамның барлығы ескі. Олар ары есептеп, бері есептеп «мынауыңызға болмашы ғана несие алуға болады» дейді. Ал болмашы несиеге жаңа, кешенді техниканың қосалқы бөлшектерін ғана алуға болатын шығар. Қомақты несиеге қол жеткізу үшін қаланың орталығында мықты пәтерің болуы керек екен. Әрине, бұлайша кете беруге болмайды.

Енді, өзара ақылдасып, «Тым болмағанда бір суару агрегатын алып алсақ» деп отырмыз. Жұмыс тоқтап қалатын болса, қаншама адам жұмыссыз қалады. Өз басым осы уақытқа дейін жиған-терген техникаларым мен қолдағы бар малымды сатып жіберсем, ендігі қалған ғұмырыма жетерлік қор жинай аламын. Ал балаларымды кім аяқтандырады? Ауылдастарымның артып отырған сенімдерін қайтем? Сондықтан болашақта жағдай түзелер деген сенімдемін. «Мемлекеттен субсидия аламыз ба» деген ойымыз да жоқ емес. Сөйтіп, тығырықтан шығатын жолды жан-жақты қарастырып жатқан жайымыз бар, – дейді шаруашылық басшысы қанша қиналып жүрсе де, салын суға кетірмей.

Шаруашылық 10 жылдан астам уақыттан бері қиярдың бірыңғай голландиялық сортын өсіруге көшіпті. Алматыда аталмыш қияр сортымен айналысатын арнайы фирма бар екен. Қазір тұқымдық дәнді Қазақстанды айтпағанда, Ресейден де алмайтын көрінеді. Себебі, голландиялық қияр түрі зертханаларда әбден зерттеліп, жыл сайын жаңартылып, жақсартылып отыратын көрінеді. Шығымы еккен дәніңді 120 пайызға ақтайды дейді. Ал Ресейден, жергілікті жерлерден алып еккен қиярдың тең жартысы шықпай қалса, шыққандарының өзі ауру-сырқау. Қысқасы қып-қызыл шығын.

Оралбек сынды шаруашылық жұмысын шырқ үйіре алатын, қолынан іс келетін қаншама азаматтар қолдың қысқалығынан бір кездері қиындықпен құрған шаруашылықтарын қожыратып, ақыры жауып тынды. Былай тартса өгізі өліп, алай тартса арбасы сынатын болып, тығырыққа тіреліп тұрғандары қаншама?

Серік Құсанбаев

СУРЕТТЕ: кәсіпкер көкөніс алқабында.

Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button