Семейді дамытудың ауқымды жобасы облыстағы ең маңызды бағдарламаға айналды.
Семейдегі көшелер мен демалыс орындары жаңартылып, аббаттандырылатын болды. Жылу желілері, құбырлар жөнделіп, Ертіс өзені арқылы өтетін кәріз дюкер қалпына келтіріледі. Қалада 300 мың шаршы метр тұрғын үй, сондай-ақ, бес мың орынға арналған мәдени-спорттық «Абай-Арена» кешені салынады. Міне, осындай ірі өзгерістер алдағы үш жылда атқарылмақ. Бұл жөнінде Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған облыстық көшпелі мәжілісте белгілі болды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен алқалы жиынға аудан-қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, жергілікті зиялы қауымның және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және басқалары қатысты.
– Семей қаласын үш жылдық даму бағдарламасына енгізуді дұрыстап жолға қойған жөн, – деді облыс әкімі Даниял АХМЕТОВ,-бөлінген қаржы мақсатты жолмен жұмсалуы тиіс. Бұрындары облыс бюджетіне деп берілетін Семейдің барлық қаражаты енді өзінде қалып отыр. Бюджет соңғы үш жыл ішінде 55 пайызға өскен. Алдыңғы үш жылдық даму Президент тапсырмасынеа сәйкес жылдам іске асатын болады. Қала басшылығынан тиісті бағдарламаны уақтылы орындауды талап етеміз, – деп жиынды ашқан аймақ басшысы шахардың әлеуметтік-экономикалық даму ахуалын таныстыру үшін сөз кезегін қала әкімі Ермак Сәлімовке берді.
– Семей қаласы барлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Көркейту, көгалдандыру жұмыстары кейінгі кезде белсенді жүргізіліп, қаламыз сәулеттене түсті. Кәсіпорындарымыздың жалпы табысы 70 пайызды құрап отыр. Кәсіпкерлік саласы қанатын кеңге жайып қана қоймай, өткен жылы жаңа тауар түрлерін көптеп шығарды, – деп ақпарат берген Ермак Сәлімов Семейді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған ауқымды жобасы туралы айтып өтті.
Қала басшысының сөзіне қарағанда, аталмыш жоба төрт саланы қамтиды. Олар: тұрғын үй құрылысын жаңғырту, әлеуметтік сала, инфрақұрылым және коммуналды шаруашылық. Бұл үшін барлық деңгейлі бюджеттерден 113 млрд теңге қарастырылып отыр. Жыл сайын жолдарды жөндеуге 1 млрд. теңге қаражат бөлінетін болды. Соның нәтижесінде үш жылда ұзақтығы 75 шақырымды құрайтын 48 көшені жарықтандырып, жолдары күрделі жөндеуден өткізіледі. Оған қоса Еуропалық қайта құру және даму банкінен (ЕҚҚДБ) қаражат қарастырылған екен. Инвестиция арқылы қаланың жылумен қамту жүйесінің 25,7 шақырымы жаңғыртылады. Былтыр ЕҚҚДБ арқылы жалпы құны 2,3 млрд. теңге болатын 17 шақырымдық жылу желілері жөнделді. Алдағы уақытта сумен қамту желілері жаңартылып, халықты мазалап отырған дюкер мәселесі де шешімін табады. Бұл жұмыстарға екі млрд. теңге қарастырылып отыр. Көшелерді жарықтандыруда қуат көзін үнемдейтін шамдар мен құрылғылар орнатылады.
Құрылыс саласына тоқталсақ, өткен жылы 51,2 мың шаршы метрді құраған 12 көппәтерлі үйлер тұрғызылған еді. Бірақ бұл аздық етіп отыр. Сондықтан қаладағы көппәтерлі үйлерді салуға, инфрақұрылымды жөндеуге қосымша қомақты қаражат бөлінеді. Қала шетіндегі Қарағайлы шағын ауданы халық көп қоныстанған мекенге айналады бұйыртса. Ондағы көппәтерлі 18 тұрғын үйдің салынуына 11,1 млрд. теңге инвестиция тартылады. Оған қоса 20 тұрғын үй республикалық және облыстық бюджеттен берілген 9,5 млрд. теңгеге бой көтермек. Жалпы қалада тұрғын үй саласын дамыту үшін 13 жоба қолға алынып жатыр. Нәтижесінде 3148 отбасы баспаналы болмақ. 3395 отбасы жеке үй салып алу үшін жер теліміне қол жеткізеді. Семейді дамытудың үш жылдық бағдарламасы бойынша қаладағы баспанасыз жүргендердің мәселесі толық шешіледі. Айналдырған үш жылда 300 мың. шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланса, оның 138,5 мың. шаршы метрі Қарағайлы ауданының еншісінде. Қала бойынша мемлекет тарапынан үй алуға кезекте 9125 отбасы тұр. Бүгінгі күні 51,2 мың шаршы шақырымды құрайтын 12 көппәтерлі үй былтыр салынып, пайдалануға берілді.
Биыл шахардағы сәулетті ғимараттардың біріне айналатын «Абай арена» мәдени-спорттық кешен салынады. Жиында аталған заманауи кешеннің үлгісі слайд арқылы көрсетілді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы халықтың экономикалық әл-ауқатын арттырумен қатар, даму мен жаңғыртуға бағытталып отыр. «Абай Арена» кешені Семейдің мәдени-спорттық, сауықтыру бағытындағы тыныс-тіршілігіне ерекше леп береді. Бұл халықаралық талапқа сай және бес мың көрерменге арналған орны бар нысан. Бізде осы кешеннің техникалық-экономикалық жобасы дайын. Құрылысы Қарағайлы шағын ауданында жүреді. Осы кешен арқылы Семей еліміздің өзге қалаларынан ерекшеленетін болады. Суда жүзушілерге арналған бассейн салынады. Бұл Семей қаласының 300 жылдығына арналып отыр, – деп нақтылады облыс әкімі.
Бұдан соң мінберге Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлеубай Рахыпбеков көтеріліп, аймақта болып жатқан жағымды жаңалықтарға тоқталып өтті. Семейде маман дәрігерлер заман талабына сай жұмыс істеуде. Олар шетелдерден оқып, білім алып келіп жатыр. Мәселен, медицина университеті – еліміздегі ірі медициналық жоғарғы оқу орындарының бірі. Университеттің инфрақұрылымдық даму динамикасының жоғары болуы оның білім, ғылым және инновациялық әлеуетінің қарқынды дамуына ықпал етті. Оқу орнының түлектері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де атап айтқанда, АҚШ, Израиль, Германия, Пәкістан, Ресей, Үндістан, Жапонияда қызмет істеп жүр. Халықтың денсаулығы жақсарып, ана мен бала өлімі азайған, әртүрлі ауыр дертке шалдыққандар қатары сиреген.
Сондай-ақ, университетпен бірлесе жұмыс істейтін Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансері американдық «Vartan» фирмасының «TrueBeam» деп аталатын обырды емдеуге арналған жаңа құрылғысымен толығыпты. Соңғы үлгідегі арнайы қондырғыны Орта Азия елдері ішінде бірінші болып қазақстандықтар қолданысқа алып отыр. Жаңа құрылғының көмегімен онкологиялық дертке шалдыққандардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік бар. Бұл Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп, арнайы қабылдаған бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстардың айшықты көрінісі. Қазір еліміздегі барлық онкологиялық диспансерлер заманауи құрылғылармен, компьютерлік томография, рентген, узи-аппараттармен жабдықталған. Дәрігерлер шетелдерде тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіруде. Елбасының тапсырмасымен қабылданған бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі тұрғындардың жоғары технологиялық аппараттарға қолжетімділігін арттыра түсу болатын. «Жоғары технологиялық сәуле терапиясы» тақырыбында Латвияның Рига қаласындағы Терапиялық радиология және медициналық физика клиникасының сәулелі терапия бөлімінің меңгерушісі, доктор Занда Лиепа шеберлік сабақтарын өткізді. Дәріске Семейден өзге, Павлодар, Өскемен, Орал қалаларының радиолог дәрігерлері мен медицина физиктері қатысты. Ондағы мақсат – қазақстандық мамандарды онконауқастарға жоғары технологиялық сәулемен емделудің толық көлемін алуға мүмкіндік беретін емдеу әдісіне үйрету. Айта кету керек, жаңа қондырғымен жұмыс істейтін мамандар бұған дейін бірқатар елдерде арнайы курстардан өткен.
Келесі сөздің кезегі Семей қаласындағы №19 мектептің директоры Әсия Ахмероваға берілді. Ол өзі басшылық ететін білім ошағындағы тың жаңалықтармен бөлісті.
Сонымен қоса жиында қаланың индустриалды-инновациялық дамуы туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ақпарат берсе, қаржыландыру мәселесі туралы облыс әкімінің тағы бір орынбасары Мұхит Тұмабаев сөйледі. Ал өңірдің агрокешендік дамуы тақырыбын облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин қаузады.
– Облыс тұрғындарының төрттен бірін құрайтын семейліктер үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту аса маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, – Қалада көптеген ауылшаруашылығын өңдеуші кәсіпорындар бар, бірақ олардың қуаты толық пайдаланылмай отыр. Мысал Семей ет комбинатының күш қуаты небәрі 23 пайыз ғана игерілуде. Бұл басқа кәсіпорындарға да тән көрініс. Қала әкімдігі осы өңдеуші кәспорындардың жұмысын жандандарыуды қолға алуы қажет. Бүгінде сарып ауруы алаңдатып отыр. 14 ауылдық округте сарып ауруының алдын алу үшін жағдай жасалу керек. Тіпті кейбір жерлерде тиісті мал қарайтын орындар, кеңсе жетіспейді. Дәрі-дәрмек түрлерін де жетілдіру үшін қаладағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ғалымдарымен тығыз байланыс жасау қажет.
Бұған қоса Знаменка, Озерка ауылдық округтерінде жоғары жылдамдықтағы интернет желісін тарту қажеттігін тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин бұл ретте қала әкімінің орынбасары Қ. Ерембесовтың атқарып отырған жұмысына көңіл толмайтынын жеткізді. Өйткені биыл қыста Абыралы округтерінің байланыссыз қалуы, олардың кез келген жағдайға дайындықсыз болуы осының бәрі тиісті мамандардың өз міндеттеріне жауапсыз қарауынан туындаған көрінеді. Сол сияқты ет өндеу, сүт жинаудағы кемшіліктер де қала әкімінің осыған жауапты орынбасарының дұрыс жұмыс жүргізбегендігін байқатады. Сондықтан алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтыру керек.
Семей экономикасының маңызды саласына айналған ауылшаруашылығында асылтұқымды малдарды өсіруге аса зор мән берілуде. «Көпежан» шаруа қожалығында тауарлы-сүт фермасы қолданысқа берілсе, «Нұр» шаруашылығында ферма құрылысы аяқталып қалды. Қала тұрғындары бұл салада атқарылған жұмыстардың нәтижесін сенбі сайын тұрақты өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен құнарлы, экологиялық таза жергілікті өнімдерді қолжетімді бағада сатып алу арқылы көз жеткізуде.
Сонымен қоса көшпелі мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары Әсем Нүсүпова мен Серік Ақтанов сөз алып, тиісті салалар бойынша ақпараттар берді.
Көшпелі әкімдік отырысынан соң аймақ басшысы тілшілер қауымына сұхбат берді.
– Бүгінгі жиында бір ғана мәселе қаралды – ол Семейде алдағы үш жылда қандай өзгеріс болатынын талқылау. Мысалы, 2015 жылы қалаға 22 миллиард теңге қаржы бөлінсе, осы жылға 36 миллиард теңге қарастырылған. Семейдің дамуына барлық мүмкіндік жасалып отыр. Үш жылда 65 нысан салынады. Өкінішке қарай, былтыр қалада 600 миллион теңге игерілмей қалып, республика қазынасына қайтарылды. Нысандардың ішінде атап өтерлігі – «Абай Арена» спорт кешені. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі алдағы мамыр айында аяқталады, – деп түйіндеді облыс әкімі.
Аз уақытта Семейден Олимпиада чемпионы шығады
Жиыннан соң облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қаладағы Спорт академиясына барып, нысанның тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш оқу орны былтыр ашылған болатын. Спорт академиясының құрамына балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және 200 орындық интернат пен жекпе-жек залы енеді. Интернат құрылысы 2015 жылы күзде басталған. Мұнда облысымыздың ең дарынды деген балалары жиналған. Шалғай аудандардан келген жас спортшылар осында шынығуда. Академия жұмысы келешегінен үміт күттіретін спортшыларды іріктеп, оларды жекпе-жектің төрт түрі – дзюдо, самбо, грек-рим күресі, еркін күрес бойынша дайындауға бағытталған. Балалармен оқу-жаттығу жұмысын өткізу үшін Моңғолиядан, Ресейдің Дағыстанынан, Әзербайжаннан жоғары санатты мамандар тартылыпты. Облыс көлемінде 10-18 жас аралығындағы оқушыларды жинау жыл сайын жүргізіледі.
Облыс әкімі академияның спорт залдарын аралап көріп, бапкерлермен, балғын спортшылармен әңгімелесті. Тіпті, олардың асханаларына кіріп, ас мәзірін де тексеріп көрді.
– Біз облыстан ең дарынды 200 баланы осында жинадық. Шетелден мықты жаттықытрушыларды арнайы әкелдік, өзіміздің де білікті бапкерлеріміз тартылды. Мұнда тамаша мүмкіндіктер жасалған, балалар жақсы тамақтанады, жүзу бассейні бар. Аз уақыттың ішінде осы Семейден Олимпиада чемпионы шығады. Мен бұған сенімдімін. Осы ретте айтқым келетіні, біздің жас ұрпақ үш тілді – қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерулері тиіс, – деді бұл орайда облыс әкімі.
Өндірушілерімізді үлкен тапсырыстар күтіп тұр
Аймақ басшысы осы жерде Семейдің кәсіпорындары шығаратын өнімдердің көрмесімен танысты. Айталық, киізден түрлі аяқ киімдер жасаумен шұғылданатын «Роза» серіктестігі облыс әкімінің назарына өздерінің жаңа бұйымдарын көрсетті. Сапалы әрі заманауи дизайнда жасалған балалар мен ересектерге арналған киіз аяқ киімдерге деген сұраныс жоғары. Тауарлардың бір бөлігі облыс орталығындағы «Арзан» дүкенінде саудаланады екен.
Шикізат жергілікті қожалықтардан алынады. Бірегей өнімге жоғары баға берген аймақ басшысы кәсіпорынды шикізатпен қамтуда, сонымен қатар, дайын тауарға нарық табуда көмек көрсетілетінін жеткізді. «Семспецснаб» кәсіпорны қонақтар назарына өздері шығаратын арнайы киімдерді ұсынды. Олар да өз сапасымен ерекшеленеді, оған түрлі байқаулардан алынған жүлделер куә. «УК Юникс» шұлық-трикотаж фабрикасы шығарған өнімдердің әдемілігіне облыс әкімі де тәнті болды. Кәсіпорын балаларға, ересектерге шұлық, шарфтардан бастап кофталарға, мектеп формасына дейін тігеді.
– Біз осы киім-кешекті, шыны керек, негізінен шетелден сатып аламыз. Ресейден, Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан. Ал қазір өзімізде шығарылатын өнімді көріп тұрмын. Оның сапасы шетелдіктерден артық болмаса, еш кем емес. Семей – бұрыннан жеңіл өнеркәсібі, оның ішінде тоқыма, киім тігу ісі өркендеп дамыған қала. Осы саланы өрістетуіміз керек. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынған. Облыстық әкімдік те қолдау көрсетеді, – деді Даниал АХМЕТОВ көрмені аралап жүріп.
Келешекте бірнеше тұрғын аудан бой көтеретін Семейде құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың да саны көп. Олар да көрмеге өз өнімдерін әкеліп көрсетті. Мәселен, «Семей шпал зауыты» пластик құбырлар шығарады. Бұйымдары стандарттарға сай. Облыс әкімі алдағы үлкен құрылыс жұмыстарына осы кәсіпорын да өз үлесін қосатынын жеткізді. «Ж.Құрылыс компаниясы» ЖШС резеңкеден жасалған төсемелер өндіреді. «Хазипов» жеке кәсіпкерлігі әрлегіш плиталар шығарады. Осы материалдар да жергілікті құрылыс нысандарын салуға қолданылатын болады. Бұл туралы облыс әкімі өз орынбасалары мен тиісті ведомство жетекшілеріне тапсырма берді. Өзге өңірлерден, шетелден тасығанша, семейлік әрі қолжетімді, әрі сапалы материалдарды тұтынған жөн деп санайды аймақ басшысы.
«Тексан Қазақстан Инвест» компаниясы көше шамдарының түр-түрін көпшілік алдына шығарды. Энергияны аз тұтынатын, біздің күрт құбылмалы климатқа төзімді аталмыш шамдалдар облыс әкімінің айрықша қызығушылығын туғызды. Ол қаланы жарықтандыруға осындай үнемді шамдарды пайдалану керектігін атап өтті.
Келесі бір семейлік кәсіпорын – «СТНС-88» атты серіктестік пластиктен көше құдықтарының қақпақтарын жасап отыр. Бағасы ресейлік және қытайлық аналогтардан әлдеқайда арзан. Тағы бір айырмасы – қақпақ беті қазақтың оюымен өрнектелген, көзге жылы ұшырайды. «Азия фирмасы» ЖШС-нің филиалы өздері өндірген бетонның үлгілерін көрсетті. «Семей асбестцемент бұйымдары» ЖШС, «Сәт-транс», «Силикат», «Семей цемент зауыты» сынды жұртшылыққа жақсы таныс іргелі кәсіпорындардың да соңғы шығарған өнімдері осы көрмеден орын тауыпты. Барлық кәсіпорынның тауарлары халықаралық сертификаттарға, жүлделерге ие, бұл – олардың жоғары сапасын айғақтайды.
– Алдағы үш жылда Семей үлкен құрылыс алаңына айналады, ауқымды жобалар қолға алынып отыр. Олардың бәріне де қаржы қарастырылған. Енді сол құрылыс жұмыстарына сапалы материалдар қажет. Мына көрмеден байқағанымдай, жергілікті кәсіпорындар шығарып отырған материалдар барлық талапқа жауап береді, оларға тапсырыс түседі, жұмыс жетерлік, – деген аймақ басшысы отындық өндірушілерді қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін қадап айтты.
Раушан Нұғманбекова
Ержан Әбіш