Қоғам

Семейдің дамуында серпін бар

Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов қаладағы Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасына тізгін тартып, еліміздегі жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған бірегей мекемені аралап көрді.

Бұл ауруханада Семейдің ғана емес, бүкіл облыстың тұрғындары емделе алады. Ал енді мұнда Гибридті операция залы ашылғалы бері көрші Ресейден де келіп емделетін науқастар саны артқан. Осы күнге дейін 300-ден астам ота жасалыпты мұнда. Бұл операция залының артықшылығы сол, науқастың басына немесе дене мүшелеріне бірнеше операцияны қатар жасауға, сөйтіп адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұнда тіпті жүрекке де ашық операция  жасалады. Бұл үлкен жетістік.

– Отандық медицинаның озық үлгісі болған гибридті операция залы халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Осының бәрі Семейдің, облыстың халқы үшін істеліп жатқан шаруа. Мамандардың да сапасын арттыру керек. Ол үшін медицина қызметкерлері, дәрігерлер шетелде оқып, білім, біліктілігін жетілдіруі қажет, – деді заманауи залды аралап көрген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Гибридті операция жасайтын залда хирургия саласына қажетті  дүниенің барлығы қамтылған. Классикалық хирургиядан айырмашылығы өте үлкен. Құрал-жабдықтар көпфункционалды. Лапараскопиялық шағын инвазивті емдеу тәсілі магнитті-резонанстық томографиялық және компьютерлік бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Бейнебақылау арқылы науқастың қал-жағдайы операция барысында қадағаланып тұрады.

Облыс әкімі Даниал Ахметов жергілікті денсаулық сақтау басқармасы басшыларымен және қала әкімі Ермак Сәлімовпен бірге аурухананы аралап шығып, осында емделуге келген қарапайым тұрғындармен тілдесті. Семейде ядролық полигоннан зардап шеккен тұрғындар үшін денсаулықты жақсарту бағытында барлық мүмкіндік жасалатыны айтылды.

Қарағайлыда тағы 19 пәтер

Семейде аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатқан Қарағайлы шағын ауданы бар. Бұл ауданда күн сайын жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың келбеті көркейе түсуде. Облыс әкімі қалаға келген әр сапарында Қарағайлыға ат басын бұрмай кетпейді. Бұл жолы да солай болды. Аталған ауданға арнайы келіп, «Абай-Арена» мәдени-спорттық кешенінің құрылысын тексеріп, жұртшылықпен дидарласқан өңір басшысы көпбалалы 19 отбасыға Қарағайлыдан жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.

– Көпбалалы аналар, толық емес және тұрмыс жағдайы төмен отбасылар Елбасының тапсырмасына орай баспанамен қамтылатын болады. Сіздерді жаңа пәтерге ие болған қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін. Балаларыңыз аман-есен болсын. Сіздер еліміздің гүлденуіне көп үлес қостыңыздар. Бұл еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Бауырларын қамқорлығына алғысы келеді

Ертаевтар отбасының жағдайы тым ауыр. Бір күнде аналарынан айырылып, қара жамылып қалған отбасында барлығы алты адам бар. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, бұл отбасының балалары өте әдепті, тәрбиелі. Аналары қайтыс болған соң, бар ауыртпалық балақайлардың мойнына артылған. Ал әкесі болса анасының көзі тірісінде ертеректе ажырасып кетіпті.  Оның үстіне, отбасында мүмкіндігі шектеулі бала да бар. Оны бағып-қағудың қаншалықты қиын екенін айтпасақ та түсінікті. Осындай ауыр жағдайға тап болған балақайлар көмек сұрап облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазған. Мұқтаж балаларға көмек қолын созып, жағдай жасау үшін осы жолғы сапарында өңір басшысы Даниал Ахметов қала әкімі Ермак Сәлімовпен бірге оларды қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Белгілі болғаны, олардың кәмелеттік жасқа енді толған үлкен әпкесі туған бауырларын өз қамқорлығына алғысы келеді екен. Десе де балалар ата-анасының қарауынсыз қалғандықтан, бұл мүмкін емес көрінеді. Оған қоса жетімектердің басында пәтері де жоқ. Үйде жалдап тұрып жатқан жайы бар.

– Балаларға қалайда көмектесу керек. Он күннің ішінде бір жолын тауып, өтініштері бойынша балақайларды әпкесі өз қамқорлығына алсын. Мұны Семей қалалық білім бөліміне тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов «Нұр» шаруа қожалығында болды. Өңір басшысының тапсырмасын орындау бағытында мұнда көптеген шаруалар атқарылып жатыр. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолдауы арқасында қожалықта 228,9 млн. теңгеге жоба жүзеге асырылған. 2015 жылы қожалық көктемгі егіс жұмыстары үшін 14,8 млн. теңгеге лизинг арқылы арнайы техника сатып алған. Өз қаражатына, яғни 9,5 млн. теңгеге 100 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының ғимараты жөнделді. Облыс әкімі мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Бүгінгі таңда сүт өңдейтін аумақтың жөндеу жұмыстарына орын дайындалған. Бұл үшін жаңа технологиялар қолданысқа енгізіледі. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлген қаражат мақсатты жұмсалды. Жемшөп үшін шаруашылыққа 945 га жер берілген. Шаруашылықты аралап​ көрген аймақ басшысы өңір экономикасы үшін тауарлы-сүт ферма бағытында дамытуды жалғастыра беру қажеттігін тапсырды.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button