Семейдің бүкіл жеке кірісі облыс қазынасына бөлінбей, жергілікті бюджетте қалады
Семейде шағын және орта кәсіпкерлік саласы, оның ішінде әсіресе, жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамуда. Биылдан бастап бұрын-соңды болмаған абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй құрылысы тың серпін алады мұнда. Ең негізгісі кейінгі он жылдан артық уақытта алғаш рет қаланың бүкіл жеке кірісі облыс қазынасына бөлінбей, жергілікті бюджетте қалады. Жұмыс сапарымен Семейге барған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ көпшілікті осындай жағымды жаңалықтармен қуантты.
Кәсіпорындардың аяқ алысы жаман емес
Семей қаласы әкімінің халық алдындағы есептік жиынына қатыспай тұрып, аймақ басшысы ондағы бірқатар кәсіпорындарды аралады. Жеңіл өнеркәсіп саласының тамырына қан жүгіртіп, қаланың бұл бағыттағы бұрнағы даңқын қайтаруға барын салып жатқан «СемСпецСнаб» және «Роза» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысымен танысты. Өндірілген өнімдерді тамашалап, сапасына көңіл аударды. Сондай-ақ, бизнестің тасын өрге домалатқан кәсіпкерлердің шешілмей жүрген мәселелерін тыңдап, қолдан келгенше қолдау-көмек көрсетілетінін жеткізді.
Облыс басшысы айрықша назар аударған нысанның бірі –балық өнімдерін өңдеп, консервілеп шығаратын «Нептун» ЖШС. Бұл серіктестік сонау 1981 жылдан бері өзен және теңіз балықтарын аулаумен, өңдеумен, сатып алумен және сатумен айналысқан «Семей балық» кәсіпорнының базасында құрылған. Оның басшысы Қайрат Құсайыновтың айтуына қарағанда, қазір ол жерде суық және ыстық қақтау, тұздау, таза ет өндіру және тоғанақтау цехтары жұмыс істейді. Күндік қуаты бес тоннаға дейін жетеді екен.
– Алайда, шикізат аздығынан күніне бір жарым тонна ғана балық өнімдерін шығарамыз. Қақтау цехында біз сонау кеңестік дәуірден келе жатқан дәстүрлі технологияны қолданамыз. Бұл дайын өнім құрамында көп мөлшерде канцерогеннің болуынан сақтайды, – деп түсіндірді «Нептун» ЖШС-нің басшысы Қайрат Құсайынов.
Кәсіпорынның жағдайымен танысып, тыныс-тіршілігін көзімен көрген аймақ басшысы өндірілген өнімді экспортқа жөнелтпей, ең әуелі ішкі нарықты, өзіміздің тұтынушыларды қамтамасыз етуді қадап тұрып ескертті. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені, өңірдегі су қоймаларын түгелдей кәсіпкерлер монополияға алған. Нәтижесінде ауланған балықты өңдегеннің орнына олар шикізат күйінде шекара асырып Қытайға және басқа елдерге жөнелтуде.
– Жергілікті өзен-көлдерде балық аулауға лицензияны бір адам ғана алмай, су қоймаларына жақын орналасқан елді мекендердің осы кәсіппен шындап айналысуға ниетті тұрғындары алуы керек. Ол үшін қайық пен басқа қажетті құралдар сатып алуға несие беріледі. Ал ірі кәсіпкерлер балықшылармен келісімшарт жасасып, олардың өнімдерін сатып алып отырады. Сондай-ақ, тұрғындар қолындағы шикізатын өңдеуші кәсіпорынға өткізгісі келмесе, қаладағы дүкен-базарларға саудалауына да рұқсат бар. Әрине, «Нептун» сияқты өңдеуші кәсіпорындар біздің назардан тыс қалмайды. Су тоғандарының бір бөлігі соларға беріледі. Нәтижесінде өзен-көлдердің жағалауында тұратын адамдар табыс табуға мүмкіндік алып, монополия мәселесі шешімін тапса, қаладағы сауда орындарында жаңа ауланған балықтар сатылымға түседі, – деп түйді аймақ басшысы.
«Ақылды қалаға» айналады
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Семейде салынып жатқан спорттағы дарынды балаларға арналған 200 орындық мектеп-интернаттың құрылысын қадағалап, денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Былтыр күзде ғана іргетасы құйылған нысанның қазір төртінші қабаты тұрғызылып, төбесі жабылған. Құрылысқа өзінің меншікті қаражатын жұмсап, жұмысты сапалы, әрі қарқынды жүргізіп жатқан «Азия» ЖШС-нің еңбегін ерекше атап өткен облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ: – Бизнестің әлеуметтік-жауапкершілігі деген осы. Бұдан артық қандай мысал, қандай үлгі керек. Бұл жай ғана ақшаға салынып жатқан нысан емес, мұнда адамдар өздерінің махаббатын, жан жылуын, еңбегін қоса сіңіруде. Жаңа мектеп-интернат іске қосылған соң біз шетелдік мықты мамандарды шақыртып, балаларды жаттықтырамыз. Бес жылдан соң бұл жерден әлем чемпиондары шығатынына сенім мол, – деді.
Аймақ басшысы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттың күрес түрлері мен жекпе-жек өнерінен бөлек волейбол, көркем гимнастика, суда жүзу секцияларын ашуға тапсырма берді. Себебі, аталған кешенде бұл спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік зор.
Биылғы көктемнен бастап қолға алынатын қаланы абаттандыру жұмыстарын шаһардың бас сәулетшісі Қалдыбек Қоқиланов таныстырды. Оның айтуынша, бұл жұмыстарға ағымдағы жылы қазынадан қомақты қаражат қарастырылған. Облыс басшысы өз кезегінде абаттандыруды алдымен орталықтан бастау керектігін ескере келе, қаладағы адамдар мол шоғырланатын жерлерді Wi-Fі интернетпен қамтамасыз етуді, гүлзарлар мен көшеттерді көптеп отырғызуды, демалыс орындарын, саябақтар мен скверлер, спорт алаңдарын, балалар ойнайтын алаңқайлар жасауды тапсырды. Ең бастысы, қаланың ажарын ашып, сәулеттендіре түсетін жаңа тұрғын үйлер құрылысы жүргізіледі.
– Биыл қаланың тұрғын үй құрылысына қосымша 1,6 млрд. теңге бөлеміз. Негізгі міндет халықты баспанамен қамту. Ол үшін алақан жайып мемлекеттен ақша сұрамай, тұрғындардың өз қаражатын тарту керек. Мәселен, облыста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның 66 мың салымшысы болса, Семейде дәл қазір екі мыңдай салымшының ипотекалық несие алуға мүмкіндігі бар, – деді облыс әкімі.
Бағдарламалар туралы барлығы білуі керек
Өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері, қол жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстар, биылға жоспарланған мақсат-міндеттер туралы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен өткен есептік кездесуінде баяндады.
Шаһар басшысының айтуынша, былтыр негізгі көрсеткіштер бойынша дамудың оң динамикасы байқалған. Экономиканың өзегі саналған өнеркәсіп өндірісіне 18 млрд. теңге инвестиция салынды. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің (тауарларының, қызметтерінің) көлемі қолданыстағы бағамен 125 млрд. теңгеден асты. Алайда, бұл 2014 жылғы деңгейден сәл төмендеу.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында он жоба іске асып, алты жүзден аса жұмыс орыны ашылды. Ал аталған бағдарламаның екінші бесжылдығына тағы жеті жоба қолдау тауыпты. Соның арқасында қосымша бір мың адам еңбекпен қамтылады.
– Былтыр Семейдің ауылдық округтерінің тұрғындары өздерінің шаруашылықтарын дамытуға бағытталған мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалана алған жоқ. Себебі, жергілікті әкімдер мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру жұмыстарын өте нашар жүргізді. Әсіресе, Жазық, Таңат, Шаған, Приречное, Озерск ауылдарында байқалды бұл, – деп атап көрсеткен Ермак Сәлімов кейбір ауыл әкімдерін дұрыс ақпарат таратпағаны үшін сынға алды.
Дағдарыс, қажетті ақпараттың халыққа уақытында және дұрыс жеткізілмеуі сияқты бірқатар субъективті һәм объективті себептер Семейдің ауыл шаруашылығы саласының дамуын біраз тежеген. Дегенмен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 19 млрд. теңгеден асты. Өсімдік шаруашылығында өндірісті 8,5 млрд. теңгеге дейін өсіру қамтамасыз етілді.
Кейінгі бес жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке және меншік қаражатқа екі жүзден артық техника алынды, соның ішінде былтыр 12 шаруа қожалығы 40 техника мен 140,2 млн. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алды.
Мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 2014 жылғы деңгейге жетіп, 12,6 млрд. теңгені құрады. 25 мың тонна ет, 34,5 мың тонна сүт, 3 млн. дана жұмыртқа, 240 тонна жүн өндірілді. Ет өндірісінің көлемі тұрғындар қажеттілігінен 9,1%-ға артық. Сондай-ақ, сүт және жұмыртқа өндірісі сәйкесінше тұрғындар қажеттілігінің 22,6% және 6,3%-ын жабады.
Тұрғындарды сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Семей өңірінде екі тауарлы-сүт фермасы таңдалып алынды. Олар: «Нұр» мен «Көпежан» қожалықтары.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы бірінші кезекте тұрған міндеттің бірі – тауарлы-сүт фермаларының желісін көбейту және сүт өңдеу. Сонымен қоса, «Семей» құс фабрикасының жұмысын жандандыру. Айналым қаражатының болмауы, бұл кәсіпорынның жабылуына әкеліп соқты, соның салдарынан қала тұрғындарын жұмыртқамен қамту 88 пайыздық көрсеткішке төмендеді, – деді шаһар басшысы.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары іске асырылып, 476 бас ірі қара малы мен 1048 бас қой сатып алынған.
Басты назарда – баспанамен қамту
Баяндамашы ұсынған ақпаратқа жүгінсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында да біраз шаруа тындырылған екен. Жалпы сомасы 31,6 млн. теңгеге су құбыры мен кәріз жүйелері, өрт сөндіретін гидранттар және басқа нысандар әзірленді. Алты ай қыстағы семейліктердің уайымына айналған жылу мәселесі де шешімін тауыпты. Ескірген жылумен қамту жүйелері біртіндеп жаңартылуда. Нәтижесінде жылуды тиімді пайдалануға, үнемдеуге қол жетті.
Сондай-ақ, қала ішіндегі жолдар жөндеуден өткізілген. Қазынадан бөлінген 205 млн. теңге ақшаға гүлзарлар орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ертістің оң жағалауына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды, бұл жерде 76,8 млн. теңгеге жаяу жүргінші жолы жаңартылып, кіші сәулет нысандары мен қоршаулар орнатылды. Биыл абаттандыру жұмыстары ауқымды түрде жүргізілетін болады.
Басты назарда ұсталған баспанамен қамту мәселесі де оң көрсеткішке ие. Айталық, былтыр көпқабатты 11 тұрғын үй қолданысқа берілген, оның ішінде сегіз үй жеке инвесторлар қаражаты есебінен салынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде 561 пәтерлі сегіз көпқабаттық тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Одан бөлек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары болып табылатын адамдардың қаражаты есебінен баспаналар салу қолға алынады. Қазір Семейде аталған банктің 15 мыңға тарта салымшысы болса, оның ішінде екі мың тұрғын несиеге пәтер алуға мүмкіндігі бар.
– Болашақта Қарағайлы шағын ауданында 9-12 қабатты жаңа тұрғын үйлер салынады. Олардың жоспары әзірленіп, бекітілген. Қазір Семейде үй салуға жер телімдері тапшы. Осы орайда атқарушы билік қожайындары бар, бірақ бос жатқан жерлердің мәселесімен айналысады, – деп нақтылады Ермак Сәлімов.
Алты баланың анасы алғысын айтты
2015 жылдың 1-желтоқсандағы жағдайы бойынша 33,1 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оның ішінде 29,2 мың жеке кәсіпкер және 3,9 мың заңды тұлға.
Тіркелген жеке кәсіпкерлердің негізгі бөлігі сауда-саттықпен айналысса, қалғандары жылжымайтын мүлік, ауыл, орман және балық шаруашылығында, кәсіпорындарда, құрылыста, тамақтану және басқа да қызмет түрлерінде нәпақа тауып жүр.
«Даму-Өндіріс 2» бағдарламасы шеңберінде 1,1 млрд.теңгеге азық-түлік, құрылыс материалдары, тігін және пластикалық бұйымдар, машина жасау өндірісі салаларында он жоба іске асты.
Сонымен қатар, қала әкімі Ермак Сәлімов азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салаларда атқарылған істерге тоқталып, елді мекендердегі қоғамдық-саяси жағдай туралы ақпарат берді.
Жиынға қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Көпшілікті мазалаған сұрақтардың дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, инфрақұрылымға, абаттандыруға, тауарлы-сүт фермалар құруға қатысты болды. Оған қоса Шығыс ауылының жағдайы, облыстық балет мектебінің мәртебесін сақтап қалу, қала шетіндегі зираттың санитарлық тазалығын сақтау туралы мәселелер көтерілді.
Алты баланың анасы Мейрамгүл Әбдуәлиева баспана мәселесін шешуге ықпал еткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ ризашылығын айту үшін осы кездесуге арнайы келіпті.
– Өткен жолы көмек сұрап келгенде, сөзімді жерге тастамай ден қойып тыңдап, баспанаға қол жеткізуіме жәрдем берген облыс әкіміне алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды ол.
Есептік кездесуді қорытындылаған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бірқатар маңызды міндеттерді атап көрсетіп, алда тұрған жоспарларға тоқталды.
– Жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған басты міндет – инвестиция тарту. Семейдің қазіргі аяқ алысы жаман емес. Еуропалық қайта құру және даму банкімен 11 млрд. теңгеге келісім жасалды. Алайда, мұның мөлшерін екі есеге көбейту керек. Сол секілді биыл сақалды құрылыстарды жоямыз. Тағы бір маңызды мәселе – бюджет қаражатын тиімді жарату. Артық шығындарды азайту керек. Электр қуатымен жылынатын әлеуметтік мекемелерді қатты отынға көшіріп, медициналық жедел жәрдем көліктерін жалға алу доғарылсын. Білім мен денсаулық сақтау салаларының қызмет сапасын арттыруға көңіл бөлінеді. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біздің алдымызда Елбасының Бес институттық реформасын жүзеге асыру және отыз дамыған елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұған біз елдегі тұрақтылық, ұлтаралық татулық арқылы жетеміз. Отанға деген сүйіспеншілік сезімді сөзбен емес, еңбегіміз, ісіміз арқылы көрсетуіміз керек. Сонда ғана біз өз еліміздің нағыз патриоты боламыз , – деп түйді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Серік Әбілхан