Қоғам

Семейдің қазандықтары қаһарлы қысқа тас-түйін дайын

Семейдің қазандықтары қаһарлы қысқа тас-түйін дайын

2 қазан күні Семейдегі барлық мектеп пен балабақшаларға, сондай-ақ, ауруханаларға жылу берілуі тиіс. Семейге жасаған жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қала басшысы Ермак Сәлімовке және кәсіпорын жетекшілеріне осындай тапсырма берді.
Семей – «Нұрлы жол» республикалық бағдарламасына осы жылы енген қалалардың бірі. Мұндағы бірқатар ықшам аудандардың магистральды және аулаішілік желілерін толық реконструкциялауға бағытталған он жоба бойынша қаржы бөлу, сонымен қатар, жалпы сомасы бір миллиард теңгеден асатын «Жылукоммунэнерго» қазандығына жаңа құрал-жабдықты орнату ісі мақұлданып қойған.
Тамыз айының соңында аулаішілік желілерді қайта құру бойынша жұмыстар «408 квартал», «Цемент зауыты», 14-ші ықшам аудандарында және Красин көшесі бойында басталған. Осы жобалардың кейбірі алдағы жылы аяқталатын болады.
Осындай ауыспалы жобалардың бірі – Новостройка ауданындағы 410-шы орталық жылу үлестіру пунктіне (ОЖҮП) қосылған аулаішілік желілерді реконструкциялау, оны риддерлік «Строитель» ЖШС іске асыруда. Құрылыс мекемесінің техникалық директоры Вячеслав Өмірбековтің айтуынша, бірнеше апта ішінде нысандағы ескі ыстық су құбырлары толық алынып тасталған.
Қазір жаңа жылуизоляциялық құбырларды төсеу жұмыстары соңына тақап қалған. Жылыту маусымының басына дейін мердігерлер үш шақырымнан астам желінің 800 метрін пайдалануға беруді көздеп отыр. Олар жоба аясында ауыстырылатын болады. Бұл бірнеше жыл ыстық судан қағылған 12 бесқабаттық үй тұрғындарының мәселесін шешуге көмектеседі. Қалған учаскелердегі жұмыстар келер жылдың мамыр айында жалғаспақ.
506-шы ОЖҮП-не қосылған аулаішілік жылу желілерін жаңалауды мердігер ұйым – «Инком Шығыс» ЖШС іске асыруда. Мұнда жұмысшылар ағымдағы жылға белгіленген жұмыстарды уақытында аяқтау үшін тәулік бойы үш ауысымда еңбек етуде.
Галето көшесі бойындағы үйлердің маңында 501-ші ОЖҮП-не қарасты аулаішілік желілерді ауыстыру белсенді жүріп жатыр. Осы жоба аясында жаңа жылу пунктінің құрылысы және ұзындығы 1 753 метр болатын желінің реконструкциясы қарастырылған. Бұл жұмыстарды «Свинецстрой» ЖШС іске асыруда. Жоспар бойынша жұмыстың көбі осы жылғы қазан айының басына дейін атқарылуы тиіс. Бүгінгі таңда қашықтығы 465 метр болатын жылу желісі аршылып, істен шыққан құбырлар толық алынған. Желінің жартысына жуығына жаңа тұрбалар орнатылып та қойыпты.
14-ші ықшам аудандағы №32 орта мектеп жанында да жұмыс қайнап жатыр. Мердігер «РаЛи-С» ЖШС жылу пунктін жаңғыртуды және ұзындығы 4 337 метрлік аулаішілік желіні ауыстыруды міндетіне алған. Бұл орайда жылу пункті бойынша жұмыстардың басым бөлігін келесі көктемге қалдыру және жедел түрде ескі құбырларды ауыстыруға кірісу туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде 556 метр ескі жылу тұрбасының 395 метрі кесіліп алынған.
Оң жақ жағалауда да жылу желілерінің кішігірім телімдері қалпына келтірілуде. Дальная көшесіндегі «Дорожник» жылу бекетінен Красин көшесіндегі 87-ші үйге дейін жаңа жылу желісі төселуде. Жалпы, осы ауданда аулаішілік желілердің 2,2 шақырымы ауыстырылады. Әзірше жұмыстар «Свинецстройдың» күшімен 570 метрлік телімде жүргізілмек.
Барлық мердігерлердің жұмысымен танысып шыққан аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жұмыс қарқынына оң баға берді.
– Құбырларды ауыстыру және жылу желілерін пайдалануға беру 7 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Ал үлгеру үшін 26 қыркүйектен бастап барлық учаскелерде тәулік бойы жұмыс істеу қажет, – деп мердігерлерге нақты тапсырма жүктеді облыс әкімі.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Оң жағалаудағы бірнеше кіші және орта қазандықтың жартылай реконструкциясы да жүргізілуде. Ең ірі жобалардың бірі екінші жыл қатарынан 35-ші квартал қазандығында іске асырылып келеді. Мұнда қосымша қазан орнату қарастырылған. Сонымен қоса, сорғы бекетінің құрылысы көзделіп отыр.
2015-2016 жылдарға арналған бұл жобаның жалпы құны 289 миллион теңгені құрайды, сондай-ақ, жұмыстардың басым бөлігі осы жылы аяқталатын болады. Бүгінгі таңда мердігер «Данияр и СЕК» ЖШС сорғыларға арналған қазаншұңқырды қазып қойған.
Жылу уақытында беріледі
Даниал АХМЕТОВ қалалық әкімдікте өткен шағын кеңесте Семейдің жылыту маусымына дайындығына арналған іссапарының қорытындысын шығарды. №1 жылу энергия орталығының (ЖЭО) және №1 аудандық қазандығының (АҚ) директоры Расылхан Жолдасовтың мәліметінше, Сол жағалаудағы ең ірі жылу көздері барлық тұтынушыға жылу беруге толық дайын. Келесі аптаның басынан мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға, сонымен бірге, дайындық төлқұжатына қол қойған үйлерге ыстық су берілмек. Ал қалған әлеуметтік нысан үшін жылыту маусымы 1 қазаннан басталады. Тұрғын үйлер 15 қазаннан бастап дайындық деңгейіне қарай қосылатын болады.
Кейбір жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарын тездете аяқтау керек. Өйткені, бірнеше қазандық әлі күнге дейін электр қуатынан ажыратылған. Айталық, №3 АҚ аумағындағы магистральдік желілер әлі суға толтырылмаған, себебі қазандықта электр тоғы жоқ. Дәл осындай жағдай Оң жағалаудағы бірқатар қазандықта да бар.
– ШҚ АЭК тез арада барлық жылу көзін электр энергиясына қосуы қажет. Келесі аптаның басында жылу беру кәсіпорындарының қарыздары өтеледі, сондықтан дайындыққа қолдан кедергілер жасаудың керегі жоқ. Егер энергетиктер жасанды қиындықтар туғызса, қиындықтар олардың өздерінде де болады, – деді аймақ басшысы.
Мұнымен қоса, Даниал АХМЕТОВ жуық арада арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, «ШҚ АЭК» кәсіпорнының биыл қалайша қыруар табыс тапқанын тексеретінін айтты. Ауқымды кредиторлық берешегі бола тұра мұндай орасан зор кірістер қайдан келді? Осы және басқа да көптеген сауалға комиссия нақты жауаптар іздемек.
– Жалпы, Семей тұрғындарын жылусыз қалдырмау үшін барлығыңыз ауқымды шаруа тындырғандарыңызды мойындаймын. Алайда, соңғы күндер ең күрделі екенін естен шығармаңыздар. Сондықтан барлық күшті жұмылдырып, жылу трассаларын ауыстыруды үш ауысымда атқарған абзал. Бұл жұмыстар 7 қазанға дейін бітуі тиіс. Қазандықтардағы жөндеу жұмыстары 10 қазанға дейін аяқталуы қажет. Семейге жылу уақытында және толық көлемде берілетініне ешкім де күмәнданбауы керек, – деді жылыту маусымына әзірліктің қорытындысын шығарған Даниал АХМЕТОВ.
Олқылығы көп орталық
Жедел медициналық жәрдем ауруханасының жаңа ғимараты пайдалануға көптеген шешілмеген мәселесімен бірге берілген болатын. Аймақ басшысы осы нысанда бірнеше рет болып, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін күш салып келеді. Аурухана басшылығымен болған соңғы кездесуде су ағатын төбе мәселесін шешу, сапасыз ішкі әрлеуді түзету, сондай-ақ, электрмен қамту жұмыстарының нақты мерзімдері анықталған-ды.
– Барлық мәселе шешілді. Тек төбеге изоляциялық материал төсеу ғана қалды. Енді конденсат болмайды, – деп есеп берді аурухананың бас дәрігері Қайнолдан Мусин.
Атқарылған жөндеуге қарамастан аурухананы электрмен қамтып тұрған күштік кабельдер кезекті рет істен шыққан. Мердігер кабельдерге сегіз жылдық кепілдік береді, бірақ, бұл мәселені түбегейлі шешу керек. Себебі, бүгінде аурухана резервті желімен жұмыс істеп тұр. Аймақ басшысы Семей әкімі Ермак Сәлімовке тиісті ведомство өкілдерімен бірге мәселені жан-жақты зерделеуді тапсырды. Осы кабельдердің сапа сертификаттары бар ма, жоқ па, соны анықтау керек. Тексеру нәтижесі он күннен кейін облыс әкіміне ұсынылатын болады.
Жылумен қамту мәселесі де біржолата шешуді талап етуде. Естеріңізге салсақ, қазіргі жылыту жүйесі бюджетке қымбатқа соғуда. Әрбір қыс айы үшін 60-70 миллион теңге төленеді.
– Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаевқа жақын маңдағы қазандықтан осы ауруханаға жылу желісін тарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Егер жылу көзінің қуаты жетсе, бір айдың ішінде жылу құбырын тарту қажет. Егер жетпесе, қазандық қуатын қаншалықты көтеру керектігін зерттеу керек, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Аурухананы жылумен қамту бойынша түпкілікті шешім бір аптадан соң өтетін кеңесте қабылданатын болады.
Келесі денсаулық сақтау нысаны – Жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы уақытынан кешіктірілуде. Мердігерлер келесі айдың ортасына дейін істі аяқтауға уәде беріп отыр. Бірақ, мұнда жол жөндеуге және жылумен қамтуға қатысты бірқатар мәселе бар. Аймақ басшысы өз сөзінде олардың барлығы шешімін табатынын жеткізді, алайда дәл қазіргі міндет – нысанды уақытында тапсыру.
Ал Өңірлік онкологиялық орталықта құрал-жабдықтар әлі орнатылмапты. Естеріңізге сала кетсек, бұл нысанды іске қосу облыс әкімінің жеке бақылауында. Даниал АХМЕТОВ мәселені шешу үшін орталыққа төртінші мәрте келіп отыр. Бірақ қымбат құрал-жабдық іске қосылмаған, тапсырыс беруші оны сатып алу мерзімін созған компанияны сотқа беріп отыр. Жуырда жеңілген тарап сот шешімін орындауға кіріседі. Алайда, жеткізушілердің айтуынша, бәріне ғимаратты құрал-жабдық орнатуға уақтылы дайындамаған құрылысшылар кінәлі.
– Бұған дейін үш рет келгенімде бұл себептер айтылмады. Не сәуірде, не маусымда бұл мәселелер болған емес. Ал енді сіздер жаңа уәж айтып, өздеріңізге қарсы шығып отырсыздар. Тәуелсіз сараптама жүргізіліп, кімнің-кімді алдағысы келгені анықталады. Сіздер келісімге сай жұмыс істеуге, оның орындалуын басқалардан талап етуге тиіс болатынсыздар, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Жуық арада №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі 200 орындық жатын ғимаратқа ие болады. Оның құрылысы басталып та қойды. Екі аптадан соң мердігерлер нөлінші қабаттың іргесін қалап бітіреді.
Облыс әкімі Спорт мектебіне екінші рет арнайы келіп отыр. Алғашқы сапарында кәсіпкерден мемлекеттік тапсырыстың түсуін күтпей-ақ жобаны жасап, құрылысты бастауды сұраған болатын. «Фирма Азия» ЖШС-нің жетекшісі Әсемқан Досқожанов өтінішті жерде қалдырмады.
– Атқарған жұмысы үшін ризамын. Бұл біздің өңірде мемлекеттік бюджеттен ақшаны күтпей шынымен көмек қолын созатын бизнесмендер бар екенін көрсетеді, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімінің өтініші бойынша, жаңа спорт мектебінің пайдалы әрекет коэффициентін арттыру мақсатында ғимарат орынжайларын қолданудың жоспары қайта қарастырылыпты. Енді спорт мектебі аумағының 72 пайызы іске қосылған.
Аймақ басшысы Ертіс жағалауының жөнелген учаскесін де қарап шықты. Жаңа орындықтар, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары көз қуантады. Даниал АХМЕТОВ қалалықтардың жайлы демалысы үшін жарықты күшейтіп, шамдалдар санын көбейтуді тапсырды.
– Біз жағалаудың құламалы жиегін жасанды газонмен әрлемекшіміз. Табиғи газонмен бұл жерді көгалдандыру мүмкін емес, өйткені ол суару кезінде шайыла береді, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов.
Даниал АХМЕТОВ жасанды жабынды идеясын құптамай, бұл телімдерді террасалар жасау арқылы көгалдандыруды ұсынды.
Бір қуантарлық жайт, бар-жоғы төрт жарым айда Халықтық және Қашаубаев көшелерінің қиылысында көпқабатты үй бой көтеріпті. Баспаналар Тұрғын үй жинақ банкі арқылы сатылмақ. Қазір мұнда ішкі әрлеу шаралары жүргізілуде. Аймақ басшысы жұмыстың сапасына жоғары баға берді.
Тағы екі тұрғын үй Мелькомбинат көшесінің бойында салынып жатыр. Бұл жерде қасбет төзімді түрлі-түсті жаңа материалмен қапталуда. Облыс әкімі бұдан былай құрылысшылар қасбеттердің безендірілуін жеке өзімен келісулері тиіс екенін айтты.
– Мен бұл қаланың түрлі түстермен жарқырап тұрғанын қалаймын. Үйлердің сыртқы келбеті де көз қуантып, жанға жылылық ұялатуы тиіс, – деді осы ретте Даниал АХМЕТОВ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button