Семей татар әуендерімен тағы қауышты
Биыл татар өнерінің жыл сайынғы «Көзге Иртыш мұңнары» халықаралық фестивалі өзінің ауқымын едәуір кеңейткендігін көрсетті. Қатысушылар мен қонақтар Астана, Көкшетау, Павлодар, Новосібір, Қазан, Томск, Тобольск қалаларынан келген. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Ертіс өңіріндегі «Хак» татар және башқұрт қауымдастығының төрағасы, «Татар өнер мектебінің» директоры Габдулхақ Ахунжанов. Байқаудың бағдарламасын аспаптық музыка, вокалдық өнердің барлық түрі, хореография, көркем сөз, сәндік – қолданбалы өнер аталымдары құрады. Фестиваль аясында ұйымдастырылған байқауда татар халқының дәстүрлі және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнерін сақтау және дамыту басты назарға алынды. Қолданбалы өнер аталымының қатысушылары Невзоровтар отбасы музейінде көрме ұйымдастырды. Екі бөлімнен тұратын экспозицияларда татар халқының сәндік-қолданбалы заттары мен 19-20 ғасырлардағы көне бұйымдары паш етілді. Мәдени шара өнерпаздардың қатысуымен өткен Гала-концертте қорытындыланды. Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған фестиваль халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. «Мақсат – татар өнері мен мәдениетін сақтап, дамыту», – дейді ұйымдастырушылар.
– Алдыңғы жылдардағыдай фестивальға әртүрлі ұлт өкілдері қатысуда, – деді Ғабдулхақ Ахунжанов, – өйткені, өнер бәріне – ортақ. Шараны тамашалауға да түрлі ұлт өкілдері келіп отыр. Фестиваль ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуды көздейді.
Өнер көрмесінен бөлек ән-жыр фестиваліна Ресейдің Новосібір, Томск қалалары мен Қазақстанның Астана, Көкшетау, Павлодар қалаларынан 500-ге жуық адам қатысты. Ересектермен қатар балалар да өнер додасының көркін қыздырды. Олар екі күн бойы вокал, би және аспапта ойнау сынды жанрларда өнерлерін паш етті. Қатысушылардың арасында кәсіпқой өнер адамдарымен қатар, әуесқойлар да бар.
– Фестиваль кезінде көптеген қызықты жайттардың куәсі болдық, – деді Татарстаннан келген қатысушы Чулпан Ахмедьянова, – қатысушылардың сөйлеу мәнерінде де өзгешеліктер бар. Яғни, татарлардың арасында диалект сөздер бар екенін аңғардық. Әсіресе, шараға балалардың көп қатысуы бізді қуантады. Яғни, олардың осындай фестивальдар арқылы аға ұрпақтан үйренері көп.
Айта кетерлігі, татар өнерінің фестивалі Қазақстанда тек Семейде ғана ұйымдастырылады. Шара барысында өнер бәйгесін өткізуде белсенділік танытқан ұйымдастырушылар мен қатысушылар Татарстан Республикасы Мәдениет министрі мен Дүниежүзілік татар конгресінің алғысхат, дипломдарымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. «Көзге Иртыш моңнары» деген сөз \”Күзгі Ертіс әуендері\” деген мағынаны береді екен.
Раушан Нұғманбекова
Семей.