Қоғам

Семей спортыны ұстаханасы

Семей спортыны ұстаханасы


Спорт — елдің намысы, абыройы. Біз спорттың ел намысы екені дау туғызбайтын заманда ғұмыр кешіп жатырмыз.Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала» деп айтуы да бекер емес.

Спорты өркендеген өңірлердің алдыңғы легінде біздің Шығыс Қазақстан облысы бар. Шырайлы шығыста заманауи спорт кешендері, олимпиадалық резерв мектептері, кәсіби клубтар, федерацияларкез келген спорт түрінің дамуына қал – қадірінше үлес қосып келеді. Облыс әкімі Даниал Ахметовспорттың нағыз жанашыры. Біз Даниал Кенжетайұлының спортқа деген айрықша көзқарасын мынадан түйдік. Қазір Шығыста спорттың қай-қайсысын алсақ та халықаралық талаптарға сай әрі ғылыми тұрғыдан дамытуға көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте аймақ басшысы шетелдерден білікті, білімді бапкерлер шақыртып, олардың озық тәжірибелерін керекке жарату жағын үнемі айтудан жалыққан емес. Бұдан біздің бапкерлердің біліктілігі басқаларға қарағанда төмен деген төңіректегі ой туындамауы тиіс. Керісінше біздікілер шетелден келген бапкерлермен иық тіресе жұмыс істеп, өздері де халықаралық деңгейге, дәрежеге жетуіне жол ашады. Даниал Ахметовтің де меңзегені осы. Расында, бүгінгі бапкер қандай болуы керек? Бас ауыртатын мәселе. Бапкерлік деген -бір ғылым. Самбодан Қазақстан құрамасын ұзақ жылдар бас бапкер болып жаттықтырған, шәкірттері самбодан ғана емес, дзюдо күресінен әлемдік додаларда топ жарған, ұлтжанды азамат Керей Қойшыбек ағамыз «Бапкерге ең алдымен білім керек» деп түйіндепті. Білімің болмаса, шәкірт баптағаның бекер екен ғой…
Даниал Кенжетайұлы спорттық инфрақұрылымдардың да әлемдік талаптарға жауап бере алатындай етіп салынуын назардан тыс қалдырып көрген жоқ. Оған дәлел Семейде салынып жатқан, елімізде баламасы жоқ бір ғана «Абай Арена» спорт кешенін айтуға болады. Жалпы, Семей қаласының өркендеуіне айрықша көзқарасын қалыптастырған Даниал Ахметов, спортының да серпінді дамуына жағдай жасап келе жатқан бірегей басшы.

Өткен жылдарды ой елегінен өткізу үшін сәл шегініс жасасақ. 2015жылдың көктемінде аймақ басшысы Семей қаласынан спортта дарынды балаларға арналған 200 орынға арналған жатақхана және күрес залын салуға бастамашы болып еді. Оған барлық жағынан Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі лайықты болды. Оның бірнеше себебі де бар. Мектеп есігін айқара ашқалы 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері шығыпты. Нәтиже ме? Нәтиже. Бұл мектептен бүгінгі спорттың биігінде жүрген, елдің мақтанышына айналған азаматтар қанатын қатайтты. Қазақ күресімен есімдері қатар аталатын, «Қазақстанның барыстары» мен жүлдегерлері Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов сынды Шығыстың мақтанышына айналған атан жілік, апайтөстер осы мектептен тәлім алғандар. Елдің аузында жүрген Зере Бектасқызы, Ерасыл Қажыбаев, Әділ Оразбаевта спорт академиясының шәкірттері.Мұнда қойылатын талап та бар, шәкірт таңдай алатын талғам да қалыптасқан. Оған мектеп іргетасының мықтылығын, спорттағы көрсеткіштерінің көңілге қонымды болуын қосып қойыңыз. Даниал КенжетайұлыныңСемейден осы мектепті таңдауында осындай орамды ойлардың ортақ шешіміне әсер еткені деп білеміз.

Көп ұзамай спорт мектебінің ғимараты жанынан құрылыс жұмыстарыбасталып та кетті. Облыс әкімі Семейге жасаған жұмыс сапары кезінде құрылыс жұмыстарын бірнеше мәрте келіп көрді және қолданысқа дейін өзінің жеке назарында ұстады. Көп күтпедік, бір жарым жылдан кейін, 2016 жылдың 16 желтоқсанында, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайжатақхана және күрес залы салтанатты түрде есігін айқара ашты. Осы бір тарихисәтте Даниал Ахметов спорт мектебін «Семей спорт академиясы» деп атау жөнінде ұсынысын көпшілік бірден қолдады. Міне, қазір бұл атау Семейдің брендіне айналып та үлгерді.

Бірден айтайық, мұндай барлық жағдай жасалған жатақхана елімізде кемде – кем, тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Шаһар баласын шеттету емес, шындығында нағыз таланаттар ауылдан шығатынын бәріміз жақсы білеміз. Бірақ кей сәттерде сол ауыл баласы тасада қалып қойып жатады. Даниал Кенжетайұлының әуелдегі ойы да сол ауылдағы спортқа бейімі мен бейілі бар таланттарға жағдай жасау болатын. Қазір мұндағы шәкірттердің алдығы легі алып та, шалып та жығып, шекара асып, үлкен жарыстардан жеңіспен, жүлдемен оралып жүр. Қазір жатақхананың негізгі тұрғындары грек-рим, еркін, дзюдо және самбо күрестерінің шәкірттері мен волейболшылар.

Мұндағы оқу жүйесі озық үлгіде. Жатақханада тұрып жатқан шәкірттер қала мектептерінде білім алса, академияда жаттығу жасап, спортпен алаңсыз айналысуына мүмкіндік қарастырылған.Мұндай жүйе біздің академияда ғана қалыптасқанын да айта кеткен абзал. Мұның тиімділігі күн өткен сайын айқындалып, өз нәтижесін беріп келеді. Жатақханада кітапхана бар. Кітап қоры мол. Ақылына ақы сұрамайтын қазынаны құнығып, тұшынып оқитындардың қатары көп. Көркем әдебиеттен бастап, спорт жайында ғылыми еңбектерді еш қиындықсыз тауып оқуға болады. Жатақхана ғаламтормен де қамтамасыз етілген. Өткен жарыстардан болашақ қарсыластарының айла – тәсілдерін асықпай зерделеп қарап жатады. Бұл да психологиялық дайындық, қарсыласты жете зерттеу.

Айтпақшы, жатақхананың салтанатты ашылуында Даниал Ахметов: «Семей спорт академиясыныңшәкірттері биік белестерді бағындыратынына сенімім кәміл»,- деген еді. Сол сенімге селкеу түсірмейтін шәкірттердің арысы Әлем, Азиядан, берісі ел чемпионаттарынан жүлде алып жүр. Грек – рим күресінен Әлем чемпионатында Нұрсұлтан Базарбаев екінші, Ерасыл Мамырбеков үшінші орыннан көрінді. Азия чемпионатында Ерасылкүмісмедаль тақты. Еркін күрестен Азия чемпионатында Сұлтан Құрманалиев екінші орын алса, Тегеранда өткен кіші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Дарын Әскербай екінші, Ілияс Ерболатов пен Әділ Жақсыбаев үшінші орыннан көрінді. Бұрымды қыз Аяжан Тоқташ жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қолаға қол созды. Татамиде тер төгіп жүргеншәкірттердің де нәтижесіне көңіл қуанады. Азия чемпионатында Кристина Сотникова бірінші орын алды. Азия Кубогында Әнуар Жұмагелдин мен Кристина Сотникова бірінші, Инабат Тоқтаған екінші орыннан көрінді. Самбо күресінен Азия чемпионатында Қуандық Стамполов, Есентай Имаханов, Қуаныш Ратаев қоржынға жүлде салды. Есентай – алтыншы «Дети Азии» халықаралық ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс, Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Екертейік, бұл балалардың шекара асып белдескеннен алған жүлделері ғана. Бұлардың барлығының болашағы жарқын. Тіл – көзден сақтасын дейміз.

Біз шәкірттерімізбен мақтана да, марқая да аламыз. Үш спортшымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 14 спортшы – спорт шебері, 57 спортшы – спорт шеберлігіне үміткер. Ұлттық құрама командаларының негізгі құрамында – 12, жастар құрамасында -14, жассөспірімдер құрамасында -16 спортшы жүр.Зере Бектасқызы, Ерасыл Қажыбаев ұлттық құрама мүшелері, Жапониядағы олимпиада ойындарына жолдама алу жолында тер төгуде. Биылғы жылды да жақсы нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Джакарта қаласында (Индонезия) дзюдо күресінен өткен Азия ойындарында командалық сайыста Ерасыл Қажыбаев және Зере Бектасқызы 2 орын алды. Ақтау қаласында өткен дзюдо күресінен Азия Кубогында Әділ Оразбаев 1 орынға ие болды. Ұлан – Батор қаласында (Моңғолия) өткен самбо күресінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында Балғын Әбдешова, Еркежан Махмұдова, Роллан Саятов 2 орынға ие болды. Астана қаласында самбо күресінен өткен Әлем Кубогінде Назгүл Елмұратова 3 орын алды. Шолпан Ата қаласында (Қырғызстан) самбо күресінен өткен III дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Руслан Жарқынбаев 1 орынға ие болды. Моңғолияда таэквондодан өткен Азия чемпионатында ересектер арасында Дастан Алшынбаев 1 орын, Арман Айгелдин 3 орын, жастар арасында Жансұлу Стаханова 2 орын, Сергей Жуйко 2 орын, Томирис Болат 1 орынға ие болды. Минск қаласында таэквондодан өткен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатында Темірлан Қадыржанов 3 орынға ие болды. Хош… Семейдегі спорттың ұстаханасы «Семей спорт академиясы» деп тұжырым жасасақ, артық айтқандықболмас, әлбетте. Сөз басында айтқандай, «Семей спорт академиясы» деген атауды Даниал Ахметовтің өзі берді. Әсілінде, ресми атауы – Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының құзіретіндегі коммуналдық мемлекеттік мекеме. 2002-ші жылдың ақпанында спорт мектебі ресми жұмысын бастаған. Жұмыр жердің әр түкпіріндегі төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда Семейспорт академиясыныңбір түлегінің не шәкіртінің атой салғанын, жүлде алғанын естіп отыратыныңызға біздің күмән жоқ.Есімі мәшһүр бірқатар спортшылардың томағасын сыпырып, бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтып, халықаралық дәрежедегі спортшылармен қатар тұруына академияның басшысынан бастап барша ұжымның маңдай терін көреміз.Рухсыз адамнан мықты спортшы шықпайды. Семей спорт академиясының негізгі міндеті де рухы мықты жастардың жігерін жанып, аламанға қосу. Академия директоры Самбо күресінен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, есімі елге таныс азамат – Мерейғалы Қойшыбекұлы Көшкінов. Қойшыбекұлының қатаң қағидалары бар: тәртіп, тазалық, сосын, бапкерлердің білімді болуына баса назар аударады. Иә… Мұнда темірдей тәртіп бар. Ермек үшін жүрген ешкімді көрмейсіз. Жеңемін, нәтиже шығарамын деген жанталасқандар жиналған. Бағын емес, бабын сынағандардың ортасы бұл жер. Сондықтан болар «спорт мектебінен» «спорт академиясына»айналғаны.Иә… Мұнда тазалық бар. Академияның қай ғимаратына, қай залына барсаңыз да, жатақханасына келсеңіз де қылаудай шаң көрмейсіз. Мұнтаздай таза әрі бәрі жинақы. Білесіз, тазалық бар жерде – береке бар ғой. Сөз басында да баса айттық. Облыс әкімінің де талабы осыған саяды. Қазір спортшы өзін ғылыми негізде дамытуы керек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Білікті бапкер, заманауи медицина, құнарлы тағам және тағысын тағы… Бұлар спортшының ғылыми тұрғыдан дайындық жасауының маңызды аспектілері. Қазір жаттығудан бөлек, интеллектуалды дайындық та мықты болуы ләзім. Бәйге баптағандай таң асырып, тәуліктің 24 сағатында ащы терін алсаң да, ғылыми тұрғыдан дайындық жасамасаң сол бір байрақты бәсекеде сан соғып қалуың ғажап емес. Мерейғалы Көшкіновтің көп айтатыны да, алаңдайтыны да осы мәселе. Сондықтан болар өткен жылдың желтоқсан айынан бастап академияда спортшылардың денсаулықтарын калпына келтіру мақсатында физиотерапия кабинеттерін ашуға ықпал етті. Магнитотерапия, массаж, парафинотерапия, физиотерпаия, элетроұйқы және ЭКГкабинеттерінде арнайы дәрігерлер жұмыс жасайды. Енді жаттықтырушылардың қарымы мен қабелетін қайтсем көтеремін деп жүрген жайы бар. Ол үшін тәжірибелі жаттықтырушылар, бапкерлер жиі пікір алмасып, оқығаны мен тоқығанын бір – біріне үйрететін орталық ашу жұмысы жасалуда. Айтпақшы, шетелден білікті бапкерлер шақыру Даниал Ахметовтің назарында екенін айтып өттік. Облыс әкімінің қолдауымен, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен Жапониядан Саэ Ишида есімді бапкер келіп, волейболдан білгенін біздің бұрымдыларға үйретіп жүр. Біз нәтиже күтіп жүргенімізді несін жасырайық. Қазір академияда спорттың 10 түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Қазақ, грек-рим, дзюдо, самбо және еркін күрестері, бокс, велоспорт, волейбол, таэквондо және ат спорты бөлімдері жұмыс жасайды. Мұнда білікті, өз ісінің маманы деген 70-ке жуық жаттықтырушышәкірт баптап жүр. Жаттықтырушылар да атақ – абыройдан кенде емес.Елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы, жоғары дәрежедегі, I және II дәрежедегі, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.
Академияда «Достық» жазғы спорттық-сауықтыру лагері бар. Спорттың он түрінен маусым, шілде, тамыз айларында облыс аудандарынан келген 500-ге тарта спортшыдемалады.Жетістіктеріміз аз емес, алар асу одан да көп. Мұның барлығы облыс әкімі Даниал Ахметовтің спортты қолдауының нәтижесінде жүзеге асуда. Өңірспортының өркендеуінШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың да өлшеусіз еңбегінен анық аңғарамыз. Осындай қолдау барда ел намысын абыроймен қорғайтын, жеңістің туын желбірететін спортшы тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп хакім Абай айтқандай, елін, жерін сүйетін, қоғамға пайдасы бар азамат тәрбиелеу негізгі міндетіміз екенін естен шығарған емеспіз.

Ерзат Жанатов
Семей

Осы айдарда

Back to top button